Woman
Қазір балалардың ойнына қауіп төніп тұр
"Бала өссін десеңіз, ойнатыңыз" дейді Канадалық ғалым психолог Гордон Ньюфелд. Осы уақытқа дейін үлкендер өзінің кішкентай кезінде қалай ойнағандарын ұмытып, бала ойынын мағынасыз уақыт өткізу құралы деп ойлап келді. Ал адамдар мен сүтқоректілердің дамуын зерттейтін ғалымдар баланың өсіп жетілуіне ең қажетті факторлардың бірін ойын деп тапқан.
Осы тақырыпты талқыламас бұрын шынайы ойынның қандай болатынын анықтап алуымыз керек. Мысалы, біз домбыра ойнауымыз мүмкін, алайда ол ойын емес. Немесе спорттық ойынды да шынайы ойын деп айта алмаймыз. Видео ойындар да солай. Шынайы ойын балаларды араздастырмау керек. Яғни, нәтиже басты нәрсе емес.
Мысалы, бала кезімізде «Қызыл ту» ойнаған ба едіңіздер? Сол ойында екі топқа бөлінген балалар қарсылас жақ шекараға өтіп барып, сол жақтың ойыншыларының бірін түртіп, кері қайтып кетуі керек. Ұсталып қалған жағдайда немесе қарсыластың қолы бірінші тиген болса, онда арғы бетке ұпай беріледі. Шынайы ойын кезінде балалар бір-біріне қарсылас бола алады, бірақ өмірде араздаспайды. Кейде кім дұрыс, кім бұрысты анықтау үшін дауласып жатады. Алайда балалар оны көңіліне алмайды. Себебі шынайы ойынның мақсаты - жеңу емес, оны жалғастырып, ойынның қызығын көру.
Ойын өмірдің шағын театрландырылған көрінісі іспеттес. Оның басы мен соңы бар. Қыздар жиналып, «үй» ойнаған кезінде, кім «ана» болады, кім «бала» болатынын анықтап, рөлдерге кіріп ойнайды. Егер «анасы» «қызының» тәртібін түзету үшін ұрысса, балалар оған бола ренжіспейді.
Расында, баланың дамуы ойын кезінде іске асады, оның ішіне мидың дамуы да кіреді. Қандай да бір қабілеттің дамуы үшін нәтижесі өлшенбейтін, ешқандай алаңдаушылық болмайтын жағдай керек. Мысалы, сіз балаңыз сурет салып үйренуі үшін, оның әрбір салған суретін Пикассоның суретімен салыстырып, «тез-тез» үйрен деп айта алмайсыз ғой. Бала бір алманы салып үйрену үшін нәтижеге алаңдамай, еркін отыруы керек. Қабілеттер мен таланттар сол кезде ашылады, дамиды.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда баланың ойынына қауіп төніп тұр. Оның орнын телеэкрандар, әлеуметтік желілер сияқты стимуляторлар ығыстыруда. Оның үстіне ата аналар балалары тезірек дамиды деген оймен ерте жастан мектепке береді. Осылайша оларды болашақ өмірге дайындаған болады. Ал баланың шынайы дамуы қалай болатынын жоғарыда айтып өттік.