Woman

Ата мен әженің баласы: Тәрбиенің қателігі неде?

Ата-анамен байланыс ерте жастан орнамаса, бала алыстап кетеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақта тұңғыш баланы ата-әженің қолына беру деген дәстүр бар. Көп жағдайда ата-әженің қолында өскен балалар өз әкесіне аға, анасына жеңге сияқты қарайды. Ержеткенде оларды атымен атап, ата-ана деген мәртебесін көп мойындай бермейді. Бұл дәстүрдің еш жамандығы жоқ болып көрінгенмен, ата-ананың «авторитетін» түсіретін жағы да бар.

Бала жастайынан атасына немесе әжесіне бауыр басып, сол адамдардың айтқанымен жүргендіктен, басқа ересектерді менсіне бермейді. Оның үстіне, кейбір ата-әжелер, баланың ата-анасының мәртебесін түсіріп, баланы толықтай өзіне қаратқысы келеді. Бірақ атасы мен әжесі дүние салған кезде бала өз ата-анасы үшін "жат" адам болып шыға келеді. Себеп - бала кішкентай кезінде әке-шешесімен тығыз байланыс орната алмауы. Сол кезде баласы ата-анасына бағынбай құрметсіздік танытуы мүмкін. Туған баласының «тәуелсіздігі» кейбір кезде шектен шығып, ата-анасы өздерін шарасыз сезініп жатады.

Бір танысым үш айлығынан бастап он сегіз жасына дейін ауылда ата-әжесінің қолында өскен. Өз ата-анасы жұмыс бабымен басқа қалада тұрып жатады. Алдымен атасы, кейіннен әжесі дүние салған соң, оған қаладағы ата-анасының жанына баруға тура келеді. Алайда ол туған ата- анасымен келіспей, үнемі ренжісетін еді. Әкесінің қатал мінезі де баланы жөнге сала алмады. Мен одан «Сен неге ата-анаңа қарсы шығасың?» деп сұрағанымда, «Менің ата-анам баяғыда қайтыс болған» деген суық жауап алдым. Өкініштісі, танысым дер кезінде ата-анасына бауыр баспағандықтан, барлығы осындай тығырыққа тірелді.

Сонымен, бала үшін ата-ананың бірінші орында болатынын ұмытпауымыз керек. Бала белгілі бір себеппен ата-әженің қолында өссе де, оның өз ата-анасымен де тығыз байланыс құруына жағдай жасалуы қажет. Бала ата-анасына сенім артып, оларға жан дүниесін ашып, сырласа алуы керек. Ата-әжесі де немересіне «ата-анаңды құрметте» деген сөзді құлағына құйып өсіру керек. Сол кезде баланың ішкі дүниесінде тепе-теңдік орнайды.

Ал ең абзалы кез-келген баланың ата-анасының жанында өсіп, ата-әжесінің ұлағатты әңгімесін тыңдап өссе, оның салауатты дамуына қосылған үлкен үлес болады.