Саясат
Ақпарат аз
Америкада шығатын Washington Post басылымы Орталық Азиядағы Қытайға қарсы наразылықтардың түп-төркінін талдаған. Мақала авторы, Вильсон орталығы жанындағы Қытай мен АҚШ мәселелері бойынша Киссинджер институтының зерттеушісі Брэдли Джардин Пекиннің Шыңжаңдағы аз ұлттарға, оның ішінде қазақтарға қатысты жүргізіп отырған саясатын, Қытайдың жерге қатысты ықтимал дауын, халық саны көп елден жұмыс күшінің ағылуы, Қытайдың жемқор үкіметтер басқаратын елдерге инвестиция салуда ашық әрекет етпеуі сияқты жайттарды аргумент ретінде келтіреді.
Мақаланың басты суреті ретінде Пекиннің Қытай тауарларын тасымалдау үшін Азия мен Еуропада логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған «Бір белдеу – бір жол» жобасының аясында Қазақстан астанасында салынып жатып тоқтап қалған жеңіл рельсті көлік жолы құрылысының суреті берілген. Нұр-Сұлтандағы дуалмен қоршалған құрылыс алаңы суретінің астына бұл жоба «елдегі жемқорлықтың кесірінен» тоқтап қалды делінген.
Мақалада Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыруда ғана емес, Пекиннің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қытайдың маңызды әріптесі делінеді. Дегенмен, Қытай басшылығының Шыңжаңдағы жергілікті этникалық топтарға қатысты жүргізіп отырған репрессиялық саясаты Қазақстан мен Қырғызстанда Қытайға қарсы наразылықтың өршуіне алып келді дейді автор. Оның жазуынша, Шыңжаңда ашылған «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» «Шыңжаңдағы екі миллионға жуық мұсылман қамалған, олардың арасында қазақтар мен қырғыздар бар».
Пекинде тұратын қазақ студенттері мақала авторына елдің солтүстік-батысында аз ұлт өкілдерін жаппай тұтқындаудан соң қалыптасқан үрейлі ахуал туралы айтып берген. Бірнеше студент тұтқынға түсіп қаламыз деп қорыққандықтан, Үрімшіде ұзақ аялдамайтындарын айтқан.
- Қытайдың ықпалы артып бара жатқандықтан, Пекин Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы ұнамсыз шекара келісім-шарттарын қайта қарауы мүмкін деп қобалжитын сарапшылар бар, - деп жазады Washington Post.
Қазақстан үкіметінің мәліметі бойынша, 2014 жылы Қытайдың 32 азаматы 4750 гектар жерді жалға алған, бұл Қазақстанның жалпы жер көлемінің 0,0002 пайызы. 2016 жылы үкімет заңға өзгеріс енгізіп, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктердің жалға алуына рұқсат беру туралы ұсыныс тастағанда Қазақстанда наразылық бұрқ ете қалды. Сол митингілердің кесірінен үкімет заңға енгізбек болған өзгерістерге мораторий жариялады дейді автор.
Қытайдан келетін инвестицияға қатысты ақпараттың ашық еместігі де ол елге сенімсіздікті күшейтіп отыр. «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысып жатқан 68 елдің 23-інің, соның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстанның Қытайға қарызы өте көп.
- Қырғызстанның 4 миллиард доллар сыртқы қарызының жартысы Пекиннің алдындағы берешек, бұл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі 7 миллиард доллар екенін ескерсек, бұл тым ауыр жүк. Энергетика саласындағы табыстың арқасында үлкен қарыз мәселесін шеше алатын Қазақстанмен салыстырғанда ресурстары шектеулі Қырғызстан мен Тәжікстанның мүмкіндігі аз, сондықтан оларға дефолт қаупі көп, - делінген мақалада.
Бұған қоса, автор Орталық Азия елдердің Қытайдан алған несиені қалай жұмсап жатқанына да тоқталады. Тәжікстанда Қытайдан алған қарыздың басым бөлігі негізгі инфрақұрылымды – жолдар мен туннельдерді салуға жұмсалды, ал 230 миллион долларға тұрғызылған парламенттің жаңа ғимараты тек жергілікті элитаға ғана игілік әкелсе керек. Қытайдың алдындағы қарызды жабу үшін Тәжікстан ол елге өзінің алтын кен орнын берген. Тәжікстанның 2,9 миллиард доллар сыртқы қарызының жартысына жуығы Қытай алдындағы берешекті құрайды.
Әзірге Орталық Азия елдердің басшылары Қытайға деген наразылықты бақылауда ұстап отыр. Дегенмен, бұл қарсылық болашақта Пекиннің аймақтағы экономикалық саясатына елеулі қатер төндіруі ықтимал деп жазады сарапшы.