Woman
Білім беру үшін мейірім керек
Білім беру саласына бөлінетін қаражат көбейтіп, инфрақұрылым мен оқыту бағдарламалары жақсарғанымен, бала оқыту жыл сайын қиындап барады. Балалар мен жасөспірімдер арасында білімге алуға қызығушылық деңгейінің күн өткен сайын төмендеуінің себебі неде?
Біз ұзақ уақыт бойы педагогикалық әдістер, оқыту бағдарламалары мен ұстаздардың кәсібилігі сияқты факторларды жоғары орынға қойып келдік. Шындығында, баланың білім алу қабілеті біздің қалай оқытып, қандай мұғалім болғанымызға тікелей байланысты емес.
Сонымен, баланың білім алуға деген қабілетін қалай ашамыз? Бала мектепте жетістікке жету үшін қандай дайындықпен бару керек?
Осы сияқты сұрақтардың жауабы мына екі факторларда жасырынған:
1. Оқушы ұстазын жақсы көру керек. Ұстаз да оқушыларымен берік байланыс құрудың амалын жасау керек.
Көпті көрген тәжірибелі ұстаздардың барлығы бір ауыздан оқушыны жақсы көру керектігін айтады. Себебі бала үлкен адамның махаббатын сезінген кезде ғана дамиды, бұл біздің адами жаратылысымызда бар қажеттілік. Бала өмір сүруді ересек адамнан үйренеді. Ол барлық сұрақтарының жауабын үлкеннен алғысы келеді. Ал ересек адамның жаратылысы бала үшін жауапкершілік сезініп, оған мейірімділік көрсетеді. Ұстазынан мейірім мен махаббат көрген оқушы оған сенім артып, жүрегін ашады. Қысқасы, оқушыға бір нәрсе үйреткісі келген мұғалім, алдымен оның жүрегіне жол табуы қажет.
2. Білім алуға деген қажеттіліктің болуы. Бала ересек адаммен берік байланыс құрып, оны жақсы көрген кезде, өсіп жетілу процессі іске қосылады. Сол кезде баланың білім алуға деген қажеттілігі туындайды. Яғни, бала алдындағы ересек адамның интеллектуалды деңгейіне жету үшін білім алудың қажеттілігін сезінеді.
Сонымен қатар, баланың оқуға деген табиғи қызығушылығы, ішкі мотивациясы мен өз қателіктерінен сабақ алып үйрену сияқты қабілеттерін жоққа шығармаймыз. Бұл да әр адамға туғаннан берілетін бірегей сезім. Мәселен, жоғары сыныптың және университетте оқитын студенттер ұстаздарымен тығыз байланыс құрмаса да, сабаққа деген қызығушылықтары азаймай, оқуды жалғастыра береді. Алайда бұл қабілеттерді толықтай пайдалану үшін баланың психологиясы орныққан, әрі эмоцияларын тани алатын деңгейде болу керек. Сол себепті әлі қанаты қатпаған балаларға «екі» ойып, қатесінен сабақ алып, оқу үлгерімін жақсартсын деп ойлау ақылға сыйымсыз.
Сөзіміздің қорытындысы, ұстаздар балаларға білім бергісі келсе, ең алдымен олармен жылы қарым-қатынас орнатуы қажет. Оларға мейірімділік танытқан кезде, балалар ұстазына сенім артып, оны құрметтей бастайды. Сол кезде, білім беру процессі өз-өзімен ретке келеді. Ал сабақ берудің инновациялық тәсілдерін қолданып, балаға ғылымды сүйгізе білсек, нұр үстіне нұр болады.