Woman

Құдай маған «жоқ» деп жауап берді

"Жоқ" дегенді қабылдау - ер жеткеннің белгісі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кішкентай Жанболат велосипеді болғанын қалайды. Үлкендердің "қажетіңді Құдайдан сұра" дегенін естіген бала қол жайып тілегін айта бастайды. Баласының бірдемені күбірлеп отырғанын байқаған анасы оның Құдайдан велосипед тілеп жатқанын естиді. Ал олардың отбасылық жағдайы төмен болғандықтан, анасының велосипед алып беруге мүмкіндігі жоқ еді. Баласының тілегі орындай алмағанын ойлап анасы іштей қынжылады. 

Бір күні анасы Жанболаттан:

Балам, Құдай сенің тілегіңе жауап бермегені үшін ренжіп қалмадың ба? - деп сұрайды

- Неге ренжимін, анашым?! Құдай маған жауап берді. Ол "ЖОҚ" деп айтты, - деген екен.

Ер жету, эмоционалды кемелдік дегеніміз - қоршаған ортамен байланыс құрып, жұмыста жетістікке жету, жеке потенциалын дамытумен қоса, "жоқ" дегенді қабылдай білу. Бұл адамның дамуындағы өте маңызды кезең. Біз басқаларға «жоқ» деп айтуды қалай үйренгеніміз сияқты өмірдің бізге айтқан "жоғын" қабылдауды үйренуіміз қажет. Өмірде бәрі біз ойлағандай болмайды кейде армандаған жұмысқа орналаса алмай, жақсы көрген адамымыз бетімізді қайтаруы да мүмкін.

Егер кез келген сәтсіздікті бізге берілген жаза деп түсінетін болсақ, сағымыз сынып, ары қарай өмір сүруге күшіміз қалмас еді. Ал сәтсіздікті өмірдің ажырамас бөлігі екенін мойындау өмірімізді жеңілдетеді. Адам жоқ дегенді ұқпаған кезде, "неге? неге менің ғана жолым болмайды?"  деген сұрақтардың тұйық шеңберінен шыға алмай қалады.

Адамның қалаулары іске аспаған кезде кең таралған реакциялар:

1. «Мен жаман болғандықтан, маған жоқ деді. Ендігәрі ешкімнен ештеме сұрамаймын».

2. «Менің сұраған нәрсеме лайықты емеспін. Егер мен өз кінәларымды жуып шайсам, менің қалауларым орындалатын шығар».

3. «Бұл өмір жаман болғандықтан, бірдеме сұраудың еш мәнісі жоқ».

4. «Мен қалай да өз дегеніме жетем, күресуді тоқтатпаймын».

Төртінші реакция ең жағымды болып көрінгенмен, оның артында толық жетілмеген баланың әрекеті жатыр. Адам жолда кездескен сәтсіздіктерге жүрегін ауыртпай, табандылықпен өз мақсаттарына жетуі жақсы. Алайда оның қалауларының жас баланың «бер, бер» деген жабысқақ қылығына айналса, оның шындықты қабылдауымен проблемасы бар деген сөз.

Егер де өмірде барлығына бірдей қол жеткізе алмайтынымызды түсінсек, өмір сүру әлдеқайда жеңіл әрі қызықты болар еді. Жоғарыдағы оқиғада айтылғандай, Құдай бізді естімейді емес, ОЛ кейде жоқ деп жауап береді.