Саясат
Билікті басып алу ғой
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кадр тағайындаудағы өкілеттігін кеңейтетін, күшейтетін, ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін шектейтін 184-шы қаулының мәтіні БАҚ-та жарқ ете қалғанда, ел-жұрт естен таңып қала жаздады. Жағасын ұстап, таң болды. Ашу қысты...
Онсыз да біраз уақыт елдің көзінен тасада, қаңқу сөзден жырақта жүрген Назарбаевтың имиджі, аздап болсын, қалпына келе бастаған еді. Көзден кеткен адам көңілден де кетеді. Елбасына деген бұрынғы халықтың ашу-ызасы сейілгендей болды.
Алайда кадрлар бірінен соң бірі ауысып, Ақорда мен мемлекеттік аппарат астаң-кестең бола бастаған соң, мемлекеттік бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төзімі шам берген сынды. Халық алдына қайта шықты. Тікетірес басталмасын деп, бірден бұрын дайындалған құжаттарын түгендей бастады.
184-ші қаулының қабылданған уақыты – 2019 жылдың 9 қазаны. Одан бері он шақты күн өтті. Тек саяси белсенді әлеуметтік желіде ғана осындай хабар тарады. Бірақ ресми дәлелденбеген соң, күмән мен күдік қатар еді.
Ал ресми жарлық кеше, 21 қазан күні алғаш рет Zakon сайтында жарияланған кезде ғана, қалған БАҚ-тар шулай бастады. Оның өзінде аталмыш сайт салған материалын лезде "себетке лақтырып" үлгерді. Яғни, алып тастады. Бірақ кеш еді... Қаулы ғаламтордың өзінен тез табылды. Соған сүйенген БАҚ ресми ақпаратты жариялап жіберді.
Оған кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли де пікір білдіріп, қазіргі президенттің әлі де құзіреттілігі бар екендігін емеурінмен жеткізіп, "теманы" жылы жапқандай болды.
Аталмыш қаулыға тоқталған кейбір басылымдар оның құйтырқы тұстарын аша бастады. Біріншіден, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ауызша ғана келіскен болса, енді заңды түрде бағынышты болып қалды.
Өзіне қажет кадрларды тағайындау арқылы өзіне команда жинап, саяси-қоғамдық өзгерістерді бастауға ниеттенген Тоқаевтың енді кез келген ісінен нәтиже шықпайтын болады. Ешқандай перспектива жоқ. Демек, елде ешқандай да өзгеріс болмайды деген сөз.
- Ал Тоқаевтың идеясымен басталған Қоғамдық келісім кеңесінің саяси салмағы да, элиталық басымдығы да жоқ: баланың ойыны болып қалды, - деп жазады бұған қатысты Эксклюзив.
Бір сөзбен айтқанда, Тоқаевтың Дмитрий Медведеевтен еш айырмашылығы жоқ болып қалды.
- Осы жерде айта кететін тағы бір дүние бар. Қаулының 14-тармағында " Мемлекет басшысы, Әкімшілік Басшысы немесеөзге де лауазымды адамдар белгіленген тәртіппен тиісті шешім шығарғанға дейін, олармен келісілуге тиіс кандидатураларды қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы актілерді қабылдауға жол берілмейді" делінген. Мұнда "өзге де лауазымды адамдар" дегеніміз кімдер? Былайша айтқанда, кез келген! Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымовтан бастап оның хатшылық кеңсесіндегі кез келген тұлғаның сөзі жүре беретін болып тұр ғой, - деп жазады аталмыш басылым.
Қаулыда жазылған тағы бір қызық дүние мынау: яғни, Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға орындалуы тиісті тапсырмаларды беруге құқылы. Яғни, Қауіпсіздік кеңесіндегі кез келген қызметкер не шенеунік әкімдік пен министрліктерге, премьер әкімшілігі мен тіпті, президент әкімшілігіне де тапсырма бере алады деген сөз.
- Мұны қос билік демеске амал бар ма?! Құдай-ау, бұл деген төңкеріс қой. Ал Елбасының "Президен Тоқаевтың маңына топтасуымыз керек" деген үндеуі бос сөз болып қалды ғой. Ендігі сауал мынандай. Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін кім келуі мүмкін? Шынымен де, қызық сұрақ, - деп жазады Экслюзив.
Бұрын президент әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысын тағайындауға құқылы болса, енді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысын тек төраға (Назарбаев) ғана тағайындайтын болды. Ал Назарбаев "мемлекеттік құрылуына үлкен үлес қосқаны үшін" Қауіпсіздік кеңесінің де, Түркі кеңесінің мәңгілік төрағасы болып табылады.