Саясат
Бармақов мәлімдеме жасады
С.Бармақовтың айтуынша, бүгінде елімізде 682 шақырым автожол — ақылы. Бұлар — «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Алматы – Қорғас» және А»лматы – Қапшағай» бағыттары. «Ақылы жолдан түскен ақша толығымен осы жолдарды қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұрын оларды қамтуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін. Жыл басынан бері біз осы төрт ақылы жолдан 4 млрд 130 млн теңге жинадық», — деді комитет төрағасы. Сонымен қатар ол қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымын ақылы ету мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оның ішінде 2020 жылы — 5,9 мың шақырымында, 2023 жылға дейін қалған 5 мың шақырымында ақылы жүйені енгізу жоспарланған.
Осы жылдың шілдесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жүйені енгізуге инвестициялық конкурс жариялады. Жыл соңына дейін конкурс қорытындысын шығарып, инвестормен келісім жасасу көзделген. Комитет басшысы атап өткендей, 2020 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, «Щучинск – Петропавл» жол учаскесі, «Омбы – Павлодар» және «Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасына дейінгі жол» ақылы болады.
«Алдын ала есептеулер бойынша, ақылы жолдардан алымдар жылына 40 млрд теңгені құрайтын болады. Бұл автомобиль жолдарының өзін-өзі қамтуға көшуге мүмкіндік беріп, инвестордың төлемақы алу жүйесін енгізуге жұмсаған шығынын жабуды қамтамасыз етеді. Осылайша, жоба өзін-өзі ақтайтын болады және мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейді», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдардан жыл сайын жиналатын қаржы 4 млрд теңгеден асқанын мәлім еткен болатын.