Түркі әлемі

«Көсемдердің кесірі» дейтіндерге немесе Тұрардың тәуекелі

Қазақ көсемдері тәуекелшіл келеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Ұлттқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» 

Әлихан Бөкейхан

Тәуелсіздіктің толассыз мүмкіндіктері біздерге толайым тәуелсіз ойлар сыйлады. Оған артымызда қалған жиырма бес жылдық егемен тарихымыз куә. Азды-көпті саяси реформалар көтеріліп, мәдениет пен тарих біртұтастығын білдірді. Мұны елемей кетуге болмайды. Әр ғасыр бастауы қазақ мемлекеті үшін жаңа толқыныстармен, жаңа леппен келді. Біздер ғасырлар қойнауынан танымды тарихты басынан өткерген дала перзенттері ретінде өз ынтымақшыл ортамызды құрдық.  Әлем енді глобуста көк түспен көрсетілген  көк байрақты елге ерекше назар тігіп отыр. Дипломатиялық қарым-қатынасқа белсене көшкен үдерісшіл елдер бұл күнде Қазақстанмен де қол алысуға асығады. Бұған қалай жеттік? Тағы тарих жауап береді…

Бұрын-соңды болмаған форум үстіндеміз. Азия қаламгерлерінің ортақ отырысы. Жазушылар  бас қосуында қытай халқының бір ақыны өзінің қазақ басшылары туралы том еңбек бастағанын айтып, мына түйсігін алға тартты: «қазақ хандары (көсемдері) өте тәуекелшіл болған дейді. Оны кешегі Әбілқайыр ханның жасаған шешімінен де байқаймыз. Кенесары хан да өз кезегінде ұсақ жауларға тиіп, үлкен дауларға ұшыраған екен. Бұл, меніңше, түркі жұртына иелік еткен барлық қағандарға тән саяси стратегия ма деймін. Әлде мінез бе екен?». Осынау тарихи шешімдер туралы өз арамызда да дау аз емес. Тамырымызды зерттеуші сырт ел, отандық тарихшылар – бәрі осы сұрақ төңірегінде көп айналсоқтайды. Соған сәл журналистік көзқарас танытсам.

Ел басқару мен қол басқару талайдың тағдырына бұйырған іс емес. Оны халқымыз кеңінен түсінеді. Айтайын дегенім, бір отбасының әкесі болу, бір жанұяның болашақ саяси бағытына әсер етсе, бір елге әке болу бүкіл мемлекеттің алдағы тағдарына әсер етпек. Сондықтан бұндайда «дұрыс шешім», «бұрыс шешім» деген түсінік қалыптаспауы керек деп ойлаймын. Шешім біреу ғана - шешілуі керек. Болды. Осы тұрғыдан ойлайтын әлемдік саясат серкелері де өз кезегінде көпке ұнай бермейтін, бірақ тарихқа прогресстік тұрғыда әсер етуші шешімдерімен танымал болды. Олар солай мәдениеттің жалғасуын, әдебиеттің өркендеуін, тарихтың ізделу көзін көрді. Авраам Линкольн «ақтар мен қараларға» ортақ заңға қол қоярда олардың әрі қарайғы қорлық көруін тоқтатам деген жоқ. Ол өз қол астындағы өмір сүруші, заңмен жүруші, салтты құрметтеуші, адамдарға таңдау еркіндігін ұсынды. Осы тұрғыдан Әбілқайыр ханның Ресейге қосылу  шешімі де күллі қазақ еліне ұсынған таңдауы деп білем.   

Таңдау жасауда кешегі біртуар, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов та өз кезегінде ел үшін мынандай маңызды қадамға барған екен.

Қазақ даласын жаппай аштық жайлап кетті. Бұл оқиға 1931-1933 жылдары белең алғанын бәріңіз білесіздер.  Өз жерінде өзеуреген қаймана қазақтың дәрменсіз хәлі Алаштықтарды саяси тұрғыда белсенді болуға шақырды. Көптеген тарих сыншалары қазақ мемлекетінің ең бір саяси-мәдени және әдеби прогресс жасаған тұсы деп осы кезін айтады. «Елім-айлап» еңіреп, қажарға тер таппаған зобалаң заман әр қазақ ауылына күніне бес-алтыдан өлім әкеліп отырды. Ресейдің баяғы отаршыл, басқыншылық саясаты өз мақсатына жете түскеніне лепіріп, әрекеттерін әрі қарай жалғай түсті. 

1931 жылдың күзінде «Советская степьке» газетінде жасаған бір мәліметінде Голощекин қазақтар туралы: «…Халқының тоқсан пайыздан астамы сауатсыз. Ресейде немесе орыс мектептерінде оқығандары ғана орысша біледі. Оның өзі Қазақстан бойынша үш-төрт проценттен аспайды. Тоқсан проценттен асатын сауатсыз халық қалай ғана ұлы төңкерістің идеясын ұғына алады? Жоқ! Қазақстанда қалай болғанда да, «кіші қазан» идеясын жүргізуді ұмытпау керек… Өз идеямыздың шапшаң түрде қызығын көргіміз келсе, социализмнің жемісін жылдамырақ татқымыз келсе, қандай болсын, шұғыл шешімдер мен батыл қадамдарға баруымыз керек…»  деп екілене  мәлімдеген болатын. 

Алғашқылардың бірі болып, азулы басшыға жауап қайтарған алаш зиялысы Тұрар Рысқұлов: « Қазақ, өзбек тәжік ұлттарының әлімсақтан өз тілдері бар, ендеше шеттен келіп, кеше ғана қолданысқа ене бастаған орыс тілін меңгермеген азиялық халықтар не себепті сауатсыздар қатарына жатқызылуы керек» деген. Тұрар өз шешімінің соңы бәрібір сор боларын білді. Сөйте тұра ол өз таңдауын айқын жасады. Кеңестік үкіметке қасарысып жасады. Және Кеңес сойылына қарсы шыққан әрбір қазақ зиялысы өз шешімдерінің соңын біле тұра, осындай тәуекелдікке барды. Бұл саяси стратегия емес, бұл - мінез.

Осылайша әміршіл-басқыншылардың бұйрығын қалт еткізбей орындайтын, аштан өлтіретін, аштан өлмегенін таяқтап өлтіретін жендеттер күн өткен сайын халықтан қан сорды. Олар, әсіресе, қазақтың өз арасынан шықты. Жаппай компескелеу кезінде байырғы байлардың құлдық әмірлігіне тісін тістеп жүрген кедей атқамінерлері ендігі кезекте қолына тиген шоқпарын аямай-ақ сілтеді.  Олар үшін «бостандық пен теңдік» ұғымы осы болды. Бірақ олар бұл айдап салудың артында Кеңестің кесапаты тұрғанын түсінбеді, әттең. Осылайша жалған бостандықтың туын көтерді.  Сағаттап, секундтап жеткен ажалдың кең далада еркін көсілуі Сталиннің құлағына жетпеуі мүмкін емес еді. Десе де Кеңес басшылары бұны білмеген кейіп танытып, теріс қараған тоңмойындарын бүркеп отырып алды. Әдейі жасады… Енді қазаққа қайтпек керек?  Осы сұрақты  қойған болатын: «Не істеу керек?» 

Жаппай жайлаған аштыққа қарамастан теміржол жұмысы жасалынатын болып қолға алынды. Бұл теміржол әйгілі Шымкент-Ташкент теміржолы еді. Бұл Арыс пен Сарағашты  жалғап қана қоймай, Қазығұрт пен Келес суын бойлай салынбақ болған төте жол-тұғын. Ауқымды іске мұрындық болған және салуға бір кісідей ат салысқан сол кездегі Түркістан республикасы халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, алаштың бір туар айбыны тағы Тұрар Рысқұлов болатын. Жеуге де шөп таппаған елді құтқарудың бірден-бір жолы осы екенін тұлға жақсы түсінді. Дегенмен оған кедергілер де аз емес-тін.  

Ташкентке дейін созылған 140 шақырымдықты салу үшін алғашында келісім алу қиын болды. Сосын салу барысындағы кедергілер. Слоев сияқты өркөкірек, арандатушы басшылардың теріс пікірі, 16 бригадалы 10 мың жұмыскерді қысы-жазы бекер сорлатты. Бір қайыры, күнделікті жұмыс үшін берілетін норм көмегі қазақтың кейбір бөлшегін аштықтан аман алып қалғаны рас. Енді мынаған назар салсақ. Елінің ессіз хәлінен хабардар болып, тәуекелдікке барған Тұрар Рысқұловтың әрекеті статус квоны ақтады. Біздің саяси белсенділер өзінің төбесінен төнген зұлматта қарамастан, басын бәйгеге тікті. Өйтпесе басқа амал жоқ еді. 

Енді сыни тұрғыдан қарасақ, Тұрардай алыптың саяси барлауы дәлме-дәл келген екен. Ол енді қазаққа басқаша көмектесе алмайтынын жақсы түсініп, осынау жобаны іске асыруды қолға алды. Нәтижесінде мыңдаған адамдардың өмірде үлесі қалды. Қиын-қыстау кезеңдерде қандай жағдай болмасын амалын тауып, қазаққа қол ұшын  созған бірегей болмыстың өз ерлігі ұрпаққа үлгі бола бермек. Бұны білу аз, бұны түсіну керек, бұны дәріптеу керек. Қатып қалған қағидатқа қарсы шығып, оттың ішінде адам өмірін, қазақ болашағын жарыққа қарай сүйреген сұңғыла басшының танымды әрекеті көп ұрпаққа мысал болу керек.