Bugin

Өскемен әкімдігінің құрылыс компанияларына билігі жүрмейді. Неге?

Құрылыс мәселесі өскемендіктердің "әдеттегі" мәселесіне айналды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 198 отбасы қоныс тойларын асыға күтіп жүр. Алайда пәтерлерін әлі ала алмай сабылып, көшпелі өмір кешіп жатыр. Үйдің "зары" әбден өткен. 

Облыс әкімі Даниал Ахметов ақпан айында халық алдында есеп бергенде, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткішті едәуір көтерген аймақтың перспективті дамуы және жеткен жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, әкім бұл контексте тұрғын үй құрылысының да қарқын алып жатқанын тілге тиек етті. Есептегі ақпарат бойынша, 2018 жылы Шығыс Қазақстанда 410,5 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, 2017 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары 108% артық нәтиже көрсеткен. Керемет нәтиже, алайда... қағазда ғана!

Сол есептен бері жарты жылдан астам уақыт өтті, ал көпшілік алдында мәлім еткен сандар неге екенін білмейміз, шынайы өмірмен сәйкес келмей жатыр. Бір ғана мысал, ол есептің ішінде 2018 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс бір үй бар. Алайда пәтер иелері күтумен әлі күндерін өткізіп жүр. Осылайша 198 отбасы өздеріне берілуі тиіс тұрғын үйлері туралы мың сұраққа бір ғана мәні бар жауап естігілері келеді.

Күте-күте шаршадық...

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық адам қоныс тойларын асыға күтіп жүр. Қазақтың көшпелі өмірін кешіп жүр. Дегенмен ол заманда кең далада қанша аунап-қуансаң да өз еркің, жер тегін болды емес пе? Ал қазір ше? Қазір адамдар қалада пәтер жалдау құнының күн сайын өсіп бара жатқанына байланысты тұрғылықты жерін жылына екі-үш рет өзгертуге мәжбүр.

- Біз, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 19-шы ықшам аудандағы әл-Фараби даңғылы, 40 (№ 63 позиция) үйінің болашақ тұрғындары, бір жылға жуық уақыттан бері өз үйімізге көшетін күнді сарыла күтіп жүрміз, - деп барлық тұрғындардың атынан Ержан есімді тұрғын хабарласты. - Үйге үміттілердің ешқайсысында баспанасы жоқ, жалдап күнімізді күнелтіп жатырмыз. Ал арамызда көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жетімдер және халықтың басқа да әлеуметтік әлсіз топтары бар. Бірақ үйді пайдалануға беретін нақты күнді айтпай отыр. Құрылысшылар да, тапсырыс берушілер де, атқарушы органдар да жауап бермей отыр. Бір жылдың ішінде кейбір отбасылар 3-4 пәтерге көшіп үлгерді, өйткені бізге әр кезде әр түрлі күнді айтып, уәде етеді. Күте-күте шаршадық... Оның үстіне «әне-міне беріп қалады» дегенге иланған жандар балаларын сол үйдің маңындағы мектептерге ауыстырып үлгерген, енді қазір қаланың орталық бөлігінен осы ауданға күнде қатынауға тура келеді...

Иә, дәл осындай сарындағы мәселе жаңалық емес, өскемендіктердің, жалпы облыс орталығына қоныс аударғандардың осындай тектес шағымдары БАҚ беттерінде жиі көрініс табады.

- Күйеуім мүгедек, мына үй біткелі қай заман?! Ұсақ-түйек олқылықтар болса, өзіміз мойнымызға алып, кіре берейік. Елге 80 мыңды төлеп отырмыз, соның орнына өзі үйімізге төлеп, балаларға мирасқа қалдырғанымыз жақсы емес пе? Қыс болса келе жатыр, қала билігі бір шара қолдана ма әлде жоқ па? Байқауымызша, бұл үйде ешқандай жұмысшалар жұмыс істеп жатқан жоқ, - дейді Гүлмира есімді үйдің болашақ тұрғыны.

Ал бұл мекенжай бойынша нысанды аяқтау мерзімінің неліктен кешіктіріліп жатқанын білмекке біз «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-ға жүгіндік.

- Біздің тарапымыздан құрылысшыға («ВК Техногрупп» ЖШС-ны айтады) қатысты біраз сын-ескертпелер болып, сол үшін бұл үйді теңгерімге ала алмадық. Сонымен қатар, инженерлік желілер де толық жүргізілмеген, - деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі. - Сондай-ақ, әкімдік ауланы абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстарын аяқтайды деп күткенбіз. Ал ақауларға келетін болсақ, ақауларды қайта жөндеу бойынша бірнеше актілерді жасадық, мердігерлер ескертпелерімізге құлақ асып, олқылықтарды жойды. Қазір адамдардың төлем қабілеттеріне қайта тексеру, келісімшарттар жасауға дайындалып жатырмыз және қазан айының соңында пайдалануға беріліп қалуы керек.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ бұл үй осы мердігер салған басқа үйлермен салыстырғанда біршама сенімді әрі мұнда жылыту құбырлары металдан жасалғанын айтады. Сондықтан құбырлар ыстық судың температурасына шыдас беріп, майыспайды, есті шығармайды, кафельденген едендер де сырылып, бүлінбейді екен. Әрине, бұның бәрін уақыт пен келер қыс көрсетер. Өйткені сол маңдағы басқа үйлердің тұрғындары пәтерлерінен жаңбырлы күні су ағып, аяз кезінде ішкі қабырғаларын көк басып қалатынын жиі айтып, шағымданып жүр.

Есепті білмейтін «есек» кім?

Неліктен елде үлкен әрі «тәжірибелі» боп көрінетін құрылыс компаниялары құрылысты уақтылы бітірмейді? Неліктен біздің елде жаңа құрылысқа көшу процесі соншалықты қиын? Мүмкін осының барлығы ресурстардың және адам қолының жетіспеуі және жергілікті уәкілетті органдардың тұрғын үй құрылысын жіті бақыламағаннан шығар? Себебі осыдан 3 жыл бұрын, яғни, 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі аудит комиссиясы Өскеменнің құрылыс саласындағы бірқатар шешілмеген мәселелерді атап өтіп, қалалық құрылыс бөлімінің кейбір жобалары бойынша ревизорлар 41,7 млн теңге көлемінде заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, «61-позиция» тұрғын үй ғимаратына инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстары атқарылмаған, атқарушы органдар жүргізілмеген жұмыс көлемі үшін төлем жасап, бақыланған кезең ішінде орындалған жұмыстардың актілерін бермеген. Сонымен қатар, 19-шы шағын ауданда тұрғын үй кешенінің құрылысында (қаланың бас жоспарында 49, 63, 60 позициясы) және сол құрылысқа жалпы құны 771 млн теңге болатын инженерлік желілер, құрылыс және монтаждау сияқты бірқатар жобалар тапсырыс берушінің бақылауынсыз жүргізілген. Бұл жіпке тізілген олқылықтардың бір бөлігі ғана.

- Мемлекеттік аудит нәтижелері жергілікті атқарушы органдар қызметінің қаланың дамуына кері әсерін тигізетін қаржылық тәртіптің төмендігін, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен жұмсауын көрсетті, - деп жазады Ревизиялық комиссия мүшесі revkomvko.gov.kz сайтында.

Осы жылдар ішінде аудиторлардың есептеріндегі шындықтың көрінісі әлі де өзгерген жоқ.

- Көрнекілігін тексеру мен орындалған жұмыс актілерін жобалық-сметалық құжаттамамен салыстыру нәтижелері бойынша 2018 жылы құрылыс нысандарында орындалған жұмыс актілері мен нақты орындалған жұмыстардың сәйкес еместігі анықталды, - деген Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі аудит комиссиясының мүшесі Ербол Базылұлы үстіміздегі жылдың 14 ақпанында құрылысқа бөлінген бюджеттік қаражатты жоспарлау мен пайдалану бойынша аудиторлық есепте көрсеткен. - Келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындамау, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалмаған көлеміне ақы төлеу, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Олқылықтардың себебі нысанға жауапты лауазымды тұлғалардың (құрылыс бөлімі) Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарының талаптарына және олардың орындалуына көз жұма қарауында.

Құжатта одан ары 49, 63, 60, 58 құрылыс позициялары бойынша көпқабатты үйлердің тізімі, сонымен қатар заңбұзушылықтарды жою үшін мердігерлердің кепілдемесі берілген. Дегенмен «баяғы жартас – сол жартас». Нәтижесінде әдемі көрінетін үйлердің сырты бүтін, ал іші түтін. Ал жүздеген адамдар айлар, жылдар бойы өзінің меншікті баспанасын сарыла күтіп жүр.

Дей тұрғанмен, Өскемен қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының өзі «Қ. Сәтпаев даңғылдағы тұрғын үй құрылысын белгіленген тәртіппен бекітілген Бас жоспарсыз және Сол жағалауды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынсыз келісілген эскизін (ШҚ ревкомиссиясының 2019 жылғы 26 сәуірдегі аудиторлық есебінде) басшылыққа ала отырып құрылыс жүргізіп жатса, не дей аламыз? Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, келісілмеген кейбір нысандарды қайта өзгертіп, жөндеуге тура келуі бек мүмкін. Ал біз қаланың бас жоспарын, индустриялық аймақтардың жобалары мен сызбаларын, қаланың бөліктерін жоспарлау жобаларын, сондай-ақ, белгілі бір аумақтарды дамыту жобаларын тікелей ұйымдастыратын және соған қатысатын бөлім туралы айтып отырмыз. Дәл осы бөлімде ревкомиссия жалақының артық төленгенін де анықтапты. Бірақ мемлекеттік аудитпен қамтылған кезең 2016 жылдың шілдесінен 2019 жылдың 31 қаңтарына дейінгі мерзімге сәйкес келгендіктен, қай айда жалақыны «өтірік» алғанын және нақты сандармен айту қиын.

Қорытындылай келе, Сәулет және қала құрылысы бөлімі қалалық бюджетке артық төленген жалақыны қайтарып берген, бұл туралы ресми ақпаратта бар. Бірақ заңбұзушылыққа жол беріп, содан кейін оларды жоюдың мәні бар ма? Оның үстіне уақытында әрекет ету және жою үшін басқа да органдар бар емес пе?

Хош, бұл салада жылдан жылға күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер көбейіп барады. Бәрінен бұрын «шенеуніктердің есебіндегі сандар қашан шынайы өмірдегі сандармен сәйкес келер екен?!» деген сұрақ мазалайды.

P.S. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жоспарына сәйкес, 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысында тағы 443,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі керек болатын.