Саясат
Халықаралық басылымдар не дейді...
Еліміздің тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында қандай бір келіспеушілік пен кейістің бар екенін әу баста-ақ байқап, түрлі болжамдар жасай бастаған еді.
Әсіресе, басы бар, аяғы жоқ кадрлық тағайындаулар басталған кезде, экс-басшы мен мұрагердің арасында ортақ келісімнің жоқ екендігі байқалып қалды. Келіспеушілік деп айтуға келмес, алайда ортақ, келісіп пішкен шешім емес екендігі көрініп тұрды.
Басында Елбасы бұған мән бермеген сыңай танытты. Алайда бәрі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қазан күні Елордада өткен жиынынан басталды.
Онда Тоқаев Елбасы салған елорданың құрылысы мен басқа да коммуналды мәселелерін тізіп тұрып сынап, бұған дейін жасалған шаруалардың дұрыс істелмегенін айтып, бұрынғы президентпен келіспейтінін сыңаймен жеткізгендей болды. Әсіресе, Астана ЛРТ-ға құйылған инвестицияның қаржысын талан-таражға түсірген кімдер, істі жылы жаппай, нақты кімнің кінәлі екенін анықтау, әділ тергеу өткізу туралы берген тапсырмасы Елбасының көңіліне жақпаған сыңайлы. Мұны алғаш байқаған халықаралық басылымдардың ішінде Катар елінің "Әл-Жазира" телеарнасы болды.
Телеарна тілшісі ЛРТ-ны тергеу бойынша ашылған қылмыстық істің мәніне тоқталып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жобаны сынауы Қытай мен Қазақстанның арақатынасына зияны тиюі мүмкін бе деген сауалға жауап іздейді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жобаны бәрібір де аяқтаймыз, бұл біздің халықаралық келісім алдындағы жауапкершілігіміз деген жауабын алға тартып, екі елдің арасында дау тумас деген болжам жасайды.
- Тоқаев тергеу жүргізу туралы айтқанымен, жоба қаржысын кім жымқырғанын, бұған кімнің кінәлі екенін нақты айтқан жоқ (есімін атамады). Алайда оның бұл бұйрығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның маңайындағы шенеуніктерге қарсы жасалған шара болуы мүмкін, - деп болжам жасайды Әл-Жазира.
Аталмыш басылымның жазуынша, ЛРТ жобасы Астанаға әкім болып тұрған Иманғали Тасмағамбетовтің кезінде, 2011 жылы басталып, кейін шығыны көп шаруа болғандықтан, тоқтатылған. Одан кейінгі әкім Әділбек Жақсыбековтің кезінде жоба қайта қолға алынып, қытай компанияларымен келісімге қол қойылды. Жақсыбековтен кейін әкім болған Әсет Исекешев те жобаның басы-қасында болды.
- Үшеуі де – Тоқаевпен бірген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында жүрген, саяси жағынан беделді шенеуніктер. Қазақстанның Ресейде елшісі болып отырған Иманғали Тасмағамбетов те, Назарбаевтың бейкоммерциялық ұйымын басқарып отырған Әсет Исекешевтің кеңсесі де түсініктеме беруден бас тартты. Ал Жақсыбековтің кеңсесімен байланысу мүмкін болмады, - деп жазады Әл-Жазира.
Халықаралық Reuters агенттігі де атап өткен нәрсесі осыған жақын. Басылымның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолшоқпары емес екенін дәлелдеу үшін оның жақтастарына қарсы соққы бермек болуы мүмкін.
Ал тағы бір халықаралық басылым Еurasianet экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 184-ші жарлықты қабылдатуға Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қазан күні елордада өткізген жиында Нұр-Сұлтан қаласын сынаған ойлары мен ЛРТ-ны тергеу жайлы айтқан тапсырмасы себеп болуы мүмкін дегенді айтады.