Woman
Баламен бірге кітап оқыңыз
Ата-ана баласын жақсырақ түсініп, оның шынайы досына айналу үшін бірге кітап оқудың пайдасы зор дейді психолог ғалымдар. Технологияның дамып, жұмысбастылық жайлаған заманда ата-ана мен баланың арасы күннен күнге алыстап барады.
Нәтижесінде, жасөсіпірімдер мен ересектер арасында түсінбеушілік кең тараған. Ал ата-ана баласына дауыстап кітап оқитын болса, бала ашық мінезді ақкөңіл, қиялы ұшқыр, әрі алғыр болып жетіледі. Ең бастысы кітап ата-ана мен баланың терең достық қарым-қатынас орнатуына үлкен үлес қосады.
Кітап оқыған баланың ең алдымен тіл байлығы жақсы болады. Бұл қабілет оның тек қана сауатты сөйлеп, жазуы үшін ғана емес, өз эмоцияларын сөзбен жеткізіп, айналасымен оңтайлы қарым-қатынас құруы үшін де керек. Баланың тілі жастайынан бай болса, қуану-ренжу, ашулану немесе қорқыныш сияқты сан түрлі эмоцияларын сөзбен айтуды үйренеді. Іштегі эмоциясын бөлісе білген бала, өзін де, өзгелерді де жақсырақ түсінетін, ашық мінезді болады. Ол үшін ата-ана балаға кішкентай кезінен жасына сай кітаптарды рөлге беріліп оқуды әдеттенуі керек.
Баланың жасына сай, дұрыс таңдалған кітап ата-ана қызықты диалог құруына көмектеседі. Кітап арқылы жас баланың түсінуі қиын күрделі тақырыптарды талқылауға болады. Мысалы "Атам қайтыс болған соң қайда кетті?", "Адамдар неге қатыгездік жасайды?", "Өмірдің мәні не?" деген сияқты мәселелерді кітаптағы кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғалар арқылы түсіндіруге болады.
Ата-ана дүниеге баланың көзімен қарауды да онымен бірге кітап оқу арқылы үйренеді. Ата-ана өз баласы сияқты кітаптағы кейіпкердің басынан өткен қиындықтары мен сезімдерін оқығанда, таным көкжиегі кеңейе түседі. Баласының мінезіндегі өзгерістердің себебін жақсырақ түсініп, олармен жақын сөйлесетін болады. Балалар да өз кезегінде оны сезіп, жақынына жан дүниесін ашуға ұмтылады.
Әрине, көгілдір экрандағы әртүрлі фильмдер де отбасылық әңгіме-дүкенге арқау бола алғанымен, кітаптың орны әрқашан ерекше. Себебі, кітапты кез-келген уақытта тоқтатып, ойға келген сұрақтардың төңірегінде әңгімелесуге болады. Ал ата-ана балаға кітапты дауыстап оқыған кезде баланың қиялында оның отбасы сол кітаптың кейіпкерлеріне айналады. Кітапқа деген қызығушылығы артып, өзін басты рөлдегі кейіпкердей сезінеді. Сол кезде бала кітаптың оқиғасын, онда айтылған құндылықтарды да жақсырақ түсінеді. Балаға адами құндылықтарды үйреткіміз келсе, жақсы кітаптарды дауыстап оқуымыз керек екен.
Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар балаларының сауаты ашылғаннан кейін оларға дауыстап кітап оқуды қояды. Бірақ кейбір ата-аналар балалары жасөспірімдік жасқа жетсе де, бірге кітап оқуды тоқтатпайды екен. Уақыт өте келе отбасылық кітап оқу дәстүрі қалыптасып, ата-ана мен баланың кездесіп, сырласатын сәттеріне ұласады.
Қорыта келе, баламыздың өмірде өз орнын таба алатын ашық мінезді, айналасына қамқор, білімді азамат болғанын қаласақ, оларға жастайынан дауыстап кітап оқуға ерінбеуіміз керек. Арада жылдар өтеді, сонда отбасылық кітап оқу әдеті ата-ана мен баланың арасын жалғайтын "алтын көпірі" болады.