Weekend

Аяз атаға хат. 25 жасар жігіттің хаты

Хат жаздым қалам алып...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Құрметті, Аяз ата!

Менің жасым жиырма бесте. Осы хатты осыдан жиырма жыл бұрын жазуым керек еді, бірақ ол кезде ондай мүмкіндік болмады.

Сенің жоқ екеніңді білемін. Сен туралы айтылатын әңгіменің бәрі аңыз әрі әпсана екенін де түсінем. Дегенмен, жазып отырмын...

Қызық, саған сенетіндердің саны жер бетінде өте көп. Олар саған шынымен сенеді деп ойласаң, қателестің. Олар да саған сенбейді. Тек сенгісі келеді.

Жалпы саған рақмет айтайын деп осы хатты жазып отырмын. Менің ортамда, менің өркениетімде саған сенбейтіндер сені тек жаман образ ретінде қарастырады. Тіпті, сен туралы сөз болса, діни түсінік алдыға шығып «серік» қосатын құлдардың қатарына енеміз. Не үшін? саған сенгеніміз үшін. Кейде ойлаймын, бәріміз адамбыз. Алайда, бір елдерде адамдар бақытты әрі бай түсінікте өмір сүреді. Ал, бізде керісінше. «Неге?» деген сұрақты ойлап жүріп, ақыры өзімше жауабын тапқандай болдым. Бәрі сенің арқаң екен, Аяз ата!

Шетелде ата-анасы баласына хат жаздырады. 5-6 жасар бала «Аяз ата» деп тұрып, арманын жазып жастық астына тығып қояды. Сол хатты әкесі мен шешесі алып оқиды және жаңа жыл кезінде сол сыйлықты не арманды орындауға ат салысады. Жаңа жыл күні бала өзінің арманын орындалғанын көріп қуанады. Бұл үрдіс бала ес білгенше жыл сайын қайталана береді. Есейген кезде ол ақыры «Аяз ата» дегеннің жоқ екенін түсінеді. Бірақ, санасында арманның орындалатыны туралы түсінік пайда болады. Бізде ше?

Бізде бала түгілі ересектердің армандауына мүмкіндік бермейміз. Бала күнімізде «анау болсақ, мынау болсақ» деп армандасақ күледі не мән бермейді. Саған хат жазып сыйлық сұрасақ, ол орындалмайды. Себебі, біздің хатқа жауап беруге ата-ананың уақыты жоқ не жағдайы жетпейді. Міне, осыдан кейін біз өркениетті қоғамдағы балалармен тең дәрежеде қалыптассақ да, олардың алдына түсіп кете алмаймыз. Түйіндеп айтқан кезде, саған сену арқылы балалар арманның орындалатынын миында қалыптастырып, өскенде үлкен шыңдарды бағындыруға ұмтылады.

«Аяз ата» деген образдың өзін қоғамдық санада белгілі бір жетістікке жету үшін ойлап тапқанын енді түсіндім.

Рақмет саған, Аяз ата!

Сізге деген құрметпен, Марғұлан Ақан