Авторлық ертегі

Қарағай (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мынау бір көкпеңбек жұмақ әлем. Жайқалған тал-терек. Жаңғақ, шие, алма, не керек, бар тәтті осы маңда. Одан төменде басын көтере алмай пісіп тұрған құлпынай. Тырнақтай-тырнақтай болып алып, мөлт-мөлт етіп мені жеші дегендей көзді қызықтырады. Анау алыста, басы қылтиып, бізге әрең көрінгенімен, аспанмен таласа тізіле өсіп тұрған - қарағай, арша мен шырша. Қандай жарасым!

Біз бірақ көбіне сол арша, шыршаларға емес, қып-қызыл боп піскен құлпынайға әуеспіз. Оған тыңқия тойған соң жемісінің иісі бұрқыраған шиеге жүгіреміз. Шие пісіп, қызылға бір тойғаннан кейін кезек алмаға келеді. О-о-о-о, алманың иісін айтсайшы. Жұмақтың иісі тура алманың иісіндей керемет шығар. Иісіне-ақ тоясың ғой. Алмаға бір тойып, күз түсе сырты қатты болса да, іші тәтті жаңғақты жинауға кірісеміз.

Күз түсе бүрсеңдеп қарағай шабуға шығамыз. Түбіріне тақап кескен қарағай бейшара көз жасы көл болып, қара жерді күрсіндіре, шайқалып тұрып гүрс етіп құлайды. Оның жанын сезіп-біліп жатқан адам жоқ. Оған тоңған денесін жылыту үшін ағаш керек. Бір ағаш емес, мың ағаш керек. Жылда-жылда шаба берген соң орман ортасында оймақтай жер ойылып қалды

Бір күні дәл сол жердің астын бүлк етіп алақандай батпақ тесіп шықты. Өзі бүлкілдек екен, күн өткен сайын бүлк-бүлк деп көлемі үлкейіп барады. Бүлк-бүлк етіп жүріп жердің бәрін бүлдірмесе болғаны. Өзіне масалар әуес. Батпақ пайда болғалы масаның саны артты. Ыз-з-з етіп батпақ бетінде үнемі той тойлап тамашалап жатады...

Бүлкілдеген былжыр батпақ өсімдіктердің тамырын қозғап, тамыры бостың бәрін әрі тербеп, бері бір тербеп ақыры батпаққа орап, соңында жұтып жібере бастады. Қайда кетіп жатыр белгісіз. Былжырағанмен салмағы ауыр батпақ басып алып, тұншықтырып жоқ қылып, оған да қанағаттанбай жақын маңдағының бәрін бауырына тығып, өңмеңдеп келеді. Бәрін жұтқан батпақтың тек масаға әлі келмейтін секілді...

Бұл батпақтан алып арша да, қарағай да не керек аспанмен таласқан ағаштардың өзі қорқа бастады. Қорыққаны сол атам заманнан өсіп тұрған жерін тастап қаша бастады.

Алманы да, шиені де, жаңғақты да бәрін-бәрін жұтты. Айнала жұтқа айналды. Сайраған құс, құлпырған жеміс иісі - бәрі келмеске кеткендей болды. Адамның есі шығып не істерін білмей сенделді. Сонда алып қарағай маңайына:

- Мынау батпақ бетіне мен ұзыннан түсіп құлаймын. Сөйтіп, сендерге тіреу боламын. Мені айнала қоршап өсіңдер. Сендерді басқалары қоршасын. Батпақты солай жеңбесек басқаша жол жоқ, - деді.

- Қалай сені құрбан етеміз. Одан да басқа жаққа қоныс аударайық, - дегеннің ешқайсысын тыңдамады.

- Осы топырақта өстім, осы топырақта өмір сүремін, - деді.

- Өмір сүрем дегенің қалай? Батпаққа құласаң, өлесің ғой! – деп шулады бәрі.

- Осы жерде тал-терек жайқалып, ұшып кеткен құс қайтып, батпаққа батқан жеміс қайта өніп шықса, менің өмір сүргенім - сол. Ал егер сендерді бастап қашып, мына маңда батпақ күш алып, жайпап кетсе, өлгенім - сол, - деді.

Қарағайдың сөзіне бәрі тоқтады. Алып қарағай жері үшін, бауырлас тал-терек үшін қиналса да өзін құрбандыққа шалды. Гүрс етіп батпаққа түсіп, кеше бастады. Батпақты кешіп, ауыр да, алып қарағайды тіреу етіп, батпаққа жұтылмай, ағаштар айнала қоршап тұра бастады. Оларды басқа ағаштар қоршады. Аз күнде бұл маң батпақ баспағандай кейіпке енді. Ұшып кеткен құстар қайтып келіп, маса қашты. 

Адамдар қателігін түсінді ме, түсінбеді ме білмейміз. Ара-тұра қолдарына балта ұстап отын іздеп жалақтаған адамдар көрініп қалады. Ал алып қарағай құлаған орынға ұзыннан-ұзақ бала қарағайлар бой көтеріп келеді. Соған қарағанда алып қарағайдың өн бойынан бала қарағай өніп шыққан секілді. Олар басқа қарағайлардан ерекше ме дейсің? Айналаға, алыс аспанға көз тігіп, бой созып сыптай мінсіз боп өсіп келеді. Текті қарағайдан текті қарағай өсіп шықса екен. Біздің арман сол.

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ