Авторлық ертегі

Кеуек (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Саздауыт жерге еккен бе, екі асқабақтың дәні әлдеқашан қауызын жарғанмен, жерді жарып шыға алмады. Сірескен саз мызғымады. Бұлар саз астында жарық дүниеге шығар саңылау іздеп, мойындарын созып жүріп, кездесіп қалды. 

Қап-қараңғы жер астынан туысын кездестіргеніне қуанған бірі:

- Мына жерден қалай шығамыз? – деп сұрады.

- Сазды тесіп шығамын! – деді екіншісі.

Өзінің мына міз бақпас сазды тесе алмасын білген ол:

- Мен айналып өтемін, - деді.

Қысылтаяң кезде кездескен туысымен жолы бір емесін біліп, іштей қамығып тұрса да сәттілік тілеп өз жөніне кетті.  

Не керек екеуі де айтқандарында тұрды.

Бірі сазды қақ жарып тесті. Бірақ табақтай екі құлағын шығара алмай біраз әуреленді. Кішкентай ғана қуыстан дәу жапырақ құлақ бүктетіліп, майысып әрең шықты. Майысып жарылған бет-аузына жолақ түсті. Онысы бірте-бірте сарғайып кетті. Көрер көзге мына тұрысы сүйкімсіз. Екінші асқабақ та сазды айналып жүріп жарық дүниені бір көрді-ау. Оның топырақ астындағы сабағы ұзын болғанымен екі құлаққа ұқсас жапырағы жайқалып, жайылып тұр. Сызықсыз жап-жас. Сүйкімді.

Күн де бұларға аямай нұрын төкті. Нұр құйылған жас көкірек құлпырып өсті. Әу бастағы сүйкімсіздіктен дым қалмады. Әп-әдемі. Жер де кеуделеріне бар құнарын құйды. Жаңбыр да аямай суарды. Өсіп кетулеріне жан-жақтан жақсылық жасалды. Көп ұзамай екеуі де гүл атты. Гүлдері қандай десейші. Тостағандай. Қызыл-сары. Бірінен бірі өткен сұлу гүлдер созыла өскен ұзын сабаққа өң беріп, құлпыртып жіберді. Айналаға жұпар иіс шашты.

Бақша шетіне егілген екеу бойшаң еді. Олар шарбақты бойлай өсті. Бір күні шарбақ қоршауынан әлдеқайда ұзын бір асқабақтың сабағы бақша сыртына қарай ауып кетті. Ал екінші асқабақ ұзарып барып, бақша ішіне қарай құлап өсіп, жер бауырлап жатты. Сырт жақ дала. Асқабаққа өзінің айдалаға қарап жатқан мына жатысы ұнамады. Әрі-бері тыраштанып, мойнын қанша созса да бақшаны бойлап, ішке ене алмады. Ол бірақ амал тапты. Шарбақтың ұзын-ұзын тіреулерінің арасынан, көктемде қатты сазды қалай жарып шықса, дәл сондай ерлікпен сабағын кіргізді. Бір бөлігі сырт жақта қалса да, беті бақшаға қарады. Бақшадағы барлық өсімдік оған «О-о-о-о!» десіп таңғала қарады. Ол да өзінің қайсар мінезіне өзі риза болды.

Жазда ара-тұра жаңбыр жауады. Бір күні жаңбыр қатты құйды. Аспан суын сіміре ішіп, ой бір рахаттанды-ау. Жалпақ жапырағын сілкіп жіберіп, бір сергіп қалғанымен денесі ауырлап, шарбаққа асыла алмай бір қапталға қисайып қалды.

Асқабақ дереу ес жиды. Сабағында орала өсіп тұрған өркенін жазып, ағаш қоршауға жабысты. Сол күннен бастап ол су ішуді доғарды. Жаңбыр қанша жауса да бір татып алмады. Күн қанша шуағын төксе де бетін жапырақпен көлегейлеп, бойына дарытпады. Жерден де, күннен де нәр алмаса да гүлінің асты томпиып, дәнегі біліне бастады. Қанша жаңбыр суын қанып ішсе де, күн нұрын аямай жұтса да екінші асқабақтың жемісі мұныкімен бірдей-ақ боп өсіп жатты.

Сырт көзге екеуінен ешқандай өзгеріс білінбеді. Жел желпісе өркенімен ағашты мықтап орап алған асқабақ тербеле толқып, бақшаға әдемі көрік беріп тұрды. Шыртақтың сыры кеткен өңін жайқалған әдемі жапырағымен жауып, айналаға ерекше сән берді. Қасынан былай-былай өткен адамдар да: «Асқабақты бақша шетіне егу керек екен. Қарашы, тіреу қағып әуре болмайсың. Өзі-ақ өрмелеп, өсе береді екен» деп сүйсіне қарады. Ал екінші асқабақ жер бауырлап өсіп, қияр, қауындардың үстін басып, онша көзге көрінбей қалды. Оның өсіп жатқанын тек қияр тере келген балалар көріп: «Өй, мына асқабақты-ай, жағаласып» деп наразылық білдіріп, пілдің құлағындай жапырағын аяғымен қағып жіберіп қисайтып кетіп жүрді. Жапырағы сынып, ауырсынса да, ол түйнегін мәпеледі. Балалардан қорғап, бауырына жасырды.  

Бір күні ол:

- Топырақ құрамының керемет бір дәмін сездім. Сен ше? – деп сұрады шарбаққа өрмелеп шығып алған көршісіне.

- Топырақтың әр түрлі дәмін татып жүрем деп шарбақтан тас қылып ұстай алмай қалармын. Құлпырып көзге түсіп тұрғаннан артық не бақыт бар бізге, - деді көршісі.

Мұның ойы екінші асқабақтың көңіліне қонбады.

- Ау, топырақтың нәрін алмасаң анау өсіп келе жатқан балапаныңды немен қоректендіресің? – деді.

Өсіп қалған түйнегіне бір, көршісінің түйнегіне бір қараған ол олардың сыртқы пошымынан еш өзгеріс байқай алмады да:

- Қанша керемет нәр іздесең де, бөпешің менің баламнан үлкен боп өсіп кеткен жоқ қой. Екеуі бірдей, - деді.

Шыныменде олар бірдей еді.

Бұл асқабақ ешнәрсе айта алмады. Бірақ ол тамыры жеткенше жердің нәрін бойына жинап, түйнегіне құя берді. Ал мына асқабақтың бар ойы шарбақтан айырылып қалмау болды. Сол арқылы көзге көп түсіп, әдемі болып қалуды ойлады.

Бір күні екеуінің де жемістері табақтай болып өсті. Бұл уақытта жер бауырлай өскен асқабақты шарбаққа ілсек, ауыр жемісі сабағын жұлып кетер ме еді. Ал шарбаққа жабысқан асқабақтың да жемісі табақтай боп жетілді. Бірақ сабақты да жұлмай, өзі де жұлынып түспей әдемі боп өсіп тұрды. Бәрі оның осы қасиетіне таңқалып қарай бастады. Ал оның бұл қасиеті оның кеудесіне мақтаныш ұялатты.

Бір күні қара күз түсіп, адамдар жеміс-жидектерін жинауға кірісті. Кезек асқабақтарға да келді. Бәрін жинап алған адам асқабақтарының арасындағы ерекшесіне жақындады. Салмақтап көрді, жеп-жеңіл екен.

Салмағы ауыр асқабақтарға мейіріммен қарап, риза кейіпте қыстық азық сақтайтын қоймасына апарып сала бастады. Бір қызығы үнемі мақтап жүретін адам өзіне осы жолы көңіл аударар емес. Оның жемісін жинауды кейінге қалдыратын секілді. Бұл алаңдай бастады. Көршісі әлдеқашан беті бал-бұл жанып, бақыттан басы айналып, қоймаға кетті. Ал бұл сап-сары жапырақтар арасында күздің суық желіне шыдай алмай сұп-сұр боп әлі тұр.

Ең соңынан, бақшада өзінен басқа ештеңе қалмағанда адам асықпай басып қасына жақындады. Қолындағы пышағымен мұның сүйір бөлігінен кесіп көрді. Көрді де таң тамаша болды. Асқабақтың ортасы бос қуыс екен.

- Мынауың кеуек болып өсіпті ғой, - деді.

- Қызық екен мынау, - деді әкесіне бақша жұмысына көмектесіп жүрген баласы.

- Әке, бұл өзі құмыраға ұқсас екен. Мұны құмыра ретінде пайдаланайық, - деді.

Сөйтті де екеуі оның ішін шашылып жүрген дәнінен тазалап, өзі жабысып өскен шарбақтың бір шыртасына төңкере салды.

Ол сол күйі шарбақ бұтағында біраз уақыт ілініп тұрды. Жел соқса бірге даңғырлады. Өзі де даңғырлақ мінезді еді, даңғырлақ өмір бұйырды. Біраз уақыт шарбақта ілініп тұрған оны жел ұшырып алып кетті. Ал оны адамдар шарбаққа ілген күні-ақ ұмытып кеткен еді. Жел оны қайда апарып тастағанын білмейміз. Себебі оның ұмытылғаны сондай, тіпті қайтып еске түспеді.

Бір ғажабы оның артында ұрпағы қалды. Баяғы адам тазалап тастаған дәні топыраққа көміліп қалған еді. Адам келесі күзде тағы да даңғырлаған кеуекті көрді. Оны да ағаш бұтағына төңкерді. Кеуек өсімдікке, тек ағаш басында төңкеріліп тұру, артынан жын ұрған желдің ойыншығы болу бұйырған секілді. Себебі бұл кеуекті де жел айдап кеткен еді...

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ