Авторлық ертегі

Кеме (мысал)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шеті, шегі көрінбейтін көкпеңбек су ортасында бір кеме баяу жүзіп келеді. Алыстан қарағанда бір орында қимылсыз тұрғандай көрінеді. 

Мен дорбамнан дүрбімді алдым да бақылай бастадым. Су беті тыныш, кеменің қозғалып келе жатқанан артқа қарай қалып жатқан су дірілі ғана байқатып тұр. Кеме іші толған адам. Шүпір-шүпір етеді. Мен дүрбімнің жақындататын тетігін бұрып, адамдарды жеке-жеке бақылай бастадым.

Кеменің бір бұрышында бір нөпір. Ана бұрышында тағы бір топ. Ортада да біреулер әрі-бері қозғалады. «Шіркін, сөздерін естісем ғой» деп ойлап қоямын. Сөйтсем менің дүрбімнің дыбысты жақыннан естіртетін де қасиеті бар екен. Сөздерін естігендегі білгенім: кемедегі саяхатшылардың бар арманы тойып тамақ жеп, әдемі тұрмыс кешу екен.

Шеттегі біреу қасындағыға былай деді:

- Кемені тесіп, балық аулайық. Сөйтіп, қарынды бір тойдырайық, - деді.

Анау дым ойланбады:

- Жақсы. Сен дұрыс айтасың, - деді.

Екеуі кемені соққылап тесе бастады. Бұл бір мықты кеме екен. Екеудің соққысына тесіле қоймады. Оларға тағы біраз адам көмекке келді. Олардың да күші жетпеді. Тағы біразы қосылды. Сөйтіп-сөйтіп, бір бұрышта тұрған шоғыр жаппай кемені тесуге жұмылды. Дәу кеме міз бақпады. Жүрісі де өзгермеді. Сол қалпы, жүзіп келеді. Кенет кеменің бір бүйірі тесілді...

Алып кемені қызықтап, жарыса жүзіп, ойнап келе жатқан балық та көп еді. Кеменің бір бүйірі бүлкілдеп дыбыс шығарғанға олар одан әрі құтырып, бірін бірі итеріп, үңіле түсіп келеді. Кеменің тесілгені сол еді, тесікті қызық көрген балықтар бірінен кейін бірі ішке кіріп, қызықтары лезде басылып, құрғақ кеме үстінде дем жетпей шоршып жатты.

- Маған, - деп бірінші кірген балықты бір адам қағып кетті.

Шүпірлеген адамға шүпірлеген балық бұйырды.

Балықтар да сезімтал екен. Алғашқы болып тесікке бас сұққандардың кері шықпағанын байқап, ес жиып үлгерді. Олар енді су бетіндегі алып кемеге үрей көзімен қарай бастады. Енді жарыса жүзбей, шеттей жүзді.

Көршілерінің бір-бір балықты күн көзіне қақтап отырғанын көрген өзгелер де, кемені тарсылдатып соғып, тесуге әрекеттенді. Әрқайсысы бір-бір темір балғаны ұстап алып, кез-келген жерге тұрып алып, кемені тесе бастады.

Мен сол бақылаған күйі әлі тұрмын.

«Әй, надандар, кемені әр жерден бір тесе бермеңдер!» деп айқайлап қоямын. Бірақ менің дауысым оларға жете ме?

Сонымен не керек кеме орта тұстан, бірнеше жерден тағы да тесілді. Бұл жердің адамдары да тесіктен кірген балыққа таласып-тармасып жатты.

Ортаңғы бөлікте тұрған адамдарға қарап, кеменің екінші шетіндегі адамдар да қолына түскен құрал-сайманмен кемені ұрғылай бастады. Бет-алыстары жаман. Мына түрлеріне қарасаң теспей қоймайтын секілді.

Мен енді байқадым, кеменің жүрісі бағанағыдай емес, жылдам. Су да жөңкіліп артқа қарай қалып барады. Ойнақшып, әр жерден бір шоршып шығып, қайта көрінбей қалып жатқан балықтар да көрінеді.

Бір ғажабы кеменің тесігінен ішке су кірмейтін секілді. Кеме су бетімен жосып келеді. Мына жылдамдыққа жылдамдық қосатын болса мен тұрған жерге көзді ашып жұмғанша жетіп келетін түрі бар. Сол уақытта анықтап, бұның не қылған кеме екенін өз көзіммен көрермін. Әзірге дүрбімен бақылай тұрайын.

Кеме жақтан естілген тарсыл күшейіп барады. Бір-екі балға емес, кеме тұрғындары жаппай балғалап жатқан секілді. Енді байқадым, кеменің түбін емес, қабырғасын да тесіп тастапты. Әне, бір тесіктен күн көзі жылт-жылт етіп, дүрбімнің дәл әйнегіне түсіп, көзімді қарықтырып кетті. Мен де қоймаймын, сәл қисайып қарадым. Кеменің қапталының бір сау тамтығы қалмаған сияқты. Барлық тесіктен сығалаған бір-бір көз жылтылдап көрінеді. Ал кеме жүйткіп келеді. Су жөңкіліп емес, енді артқа қарай будақтап, көпіршіп қалып жатыр. Сақтанып тұрмасам мына жылдамдығымен мен тұрған жазыққа басып кіретін түрі бар.

Кенет мен күтпеген жағдай болды. Сау тамтығы жоқ шұрық тесік кеме шар секілді аспанға көтеріле бастады. Оның сан мыңдаған тесігінен адамдар салбырап түсіп қалып жатты. Себебі оларға кемеде аяқ тірер тіреу қалмаған секілді. Кеме аспанға көтерілген сайын айналу жылдамдығы артып бара ма, түсініксіз. Адамдар құмырысқа секілді су бетіне топ-топ етіп түсіп, бақырып-шақырып, бірінің үстіне бірі мініп, қарманар қыл таппай суға шым батып жатты. Кеме барған сайын жеңілдеп, ішінде ешкім қалмағанда аспанға ұшып жоқ болса, адамдар суға батып жоқ болды. Су беті де, аспан да тым-тырыс. Құдды осыдан бірнеше сағат бұрын су бетінде бір қауым елді тиеген кеме болмағандай.

Көкпеңбек тып тыныш су беті мен зеңгір көк аспанға кезек қараймын деп көзім талған кезде осы мен түс көріп тұрған жоқпын ба деп ойланып дүрбімді жинап сөмкеме салдым...

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ