Авторлық ертегі
Авторлық ертегі
Лақтырып жібергенде шашылып, салдырлап, тасқа соғылып, бет-аузы жырылып, майысып біраз жерге дейін домалап барып тоқтады. Жүрегі лүп-лүп соғады. Шыр көбелек айнала жөнелгенде кеудеден ұшып шыққандай болған жүрек орнында екен.
Жүрек тарсылы басылып, ес жиған соң, өзінің енді ешкімге керек емесін түсінді. Айналасына қарады. Айнала толған майысқан шеге, қисайған қасық, жартылай жерге көміліп, бір көзі су қараңғы боп ағып түскен сөмке, құмға көміле-көміле тек төбесі ғана көрініп жатқан дәу машина. Сыңар етіктің аузы кеберсіп ісіп, тістері ақсиып кетіпті. «Осының бәрін мен секілді керек емес деп лақтырды-ау» деп ойлап, бетін басып, көзін тарс жұмып, өксіп жылады.
Бұл жерде ол біраз уақыт жатты. Жел соқты, қар жауды, қар еріп, ішіне еріген қар суы толып, лүпілдеп тұрып қалды.
Бір күні өтіп бара жатқан бір адам мұны көріп:
- Мынау бүтін секілді ғо... - деп ортан белден құмға көміліп қалған бұны сілкіп-сілкіп суырып алды. Борсуға айналған ішіндегі суды төгіп, айналдырып қарады.
- Бүтін, - деді адам тағы да.
Сөйтті де оны қолындағы көп затқа қосып, алып кетті.
Адамның қолында тым-тырыс кетіп бара жатқан ол қатты қуанды. Адамға, өзін қысып ұстап алған қолына мейіріммен қарап қояды.
Бірақ үйіне келген соң адам оны есік аузына қоя салып, қалған заттарын алып ішке кіріп кетті. Үйге кіріп шыққан кісі көп еді. Аяқ астында тұрғандықтан өткен-кеткен біреу бір теуіп тағы да алысқа дейін даңғырлатып ұшырып түсіре ме деп жасқана қарады.
Күнге қақталып бірнеше күн тұрды. Өзін әлгі адамның ұмытып кеткеніне налыды. Күннен күнге реніші ұлғайып, бет ауызы быт-шыт болып тұрғанда бір бала кеп:
- О-о-оо, - деп өзіне бір қарады да ала жүгірді.
Баланың қолында ауаны тіле құйындай ұшып келе жатып, тағы қуанды. «Бұл бала менің ішіме су толтырып ішетін шығар» деп ойлады. Бірақ бала су толтырмады. Бір аулаға кеп жерге тастай салды да, ішіне құм толтыра бастады. Қап-қара қара құм саулап құйыла бастағанда күннің көзі де көлегейлене берді. Тағы да қап-қара әлемге тап болып, тағдырына мойынсұнудан басқа амалы қалмады. Бала құмның үстіне су құйды. Оны кіп-кішкентай қолымен илеп, үстіне саз қосты. Сөйтті де дайындап алған қоспасынан түрлі-түрлі ойыншықтар жасады. Ойыншықтарды әдемі етіп бірінен соң бірін тізді. Бір кезде шәйнек ішіндегі балшық таусылды.
Ойыншықтарымен әуре болып, бірін аударып қойып, бірін жөндеп отырған балаға қарап бұның қатты жылағысы келді. Мені осы балшық күйімде қалдырып кете ме деп уайымдады. Ойыншықтарын біраз уақыт сылап сипаған бала шәйнекті ұмытпады. Оны сумен жуа бастады. Құм, саз тиіп, ішінің шайдан қалған біраз қағы тазаланған шәйнек жылтырып қалған еді. Сыртының да бір жерінің кірі кетіп, бір жері кір болып алабажақ боп тұрған. Кірін қолымен қырып көрген бала оның кететінін байқады да, құммен ысқылап жуды. Іші-сыртын мұқият тазартты. Шәйнек тап-таза боп, жалт-жұлт етіп шыға келді. Жарқ ете қалған шәйнек айнала дөңгелеп билеп ала жөнелгісі келді. Бала да оның ойын оқып қойғандай айналдырып қарай берді. Көп айналдырды. Баланың қолында шыр көбелек айналған шәйнек бақыттан басы айналған күйге енді.
Айналып-айналып баланың қолында бәсеңдеп барып тоқтағанда қуаныштан көзінен бір тамшы жас ытқып кетті.
Оны бала шәйнек ішінде қалып кеткен бір тамшы су деп ойласа керек, жұп-жұмсақ алақанымен сүртіп тастады.
Бұл шәйнектің бір кемшілігі - қақпағы жоқ еді. Оны даңғырлатып лақтырып жібергенде қақпағы алысқа ұшып кетіп, сол жерде құмға көміліп қалған еді.
Енді бала шәйнекті үйіне қарай алып жүрді.
- Анашым, қол жуатын шәйнек, - деді шәйнекті басынан асыра көтеріп.
- Айнадай қылып жуыпсың ғой, - деп анасы да риза болып кетті.
Бала оның ішіне тап-таза сап-салқын бұлақ суын құйып есік алдына қойды. Бір жерден тауып алып, қақпақ жапты. Айнадай шәйнекті күн көзі де жақсы көріп, жұмсақ аялап, ішіндегі суды жылытты. Жып-жылы сумен беті-қолдарын жуған адамдар да оны жақсы көріп кетті. Суы таусылған сайын сарылдап ағып жатқан бұлақ суымен толтырып отырды. Тап-таза тау суы шәйнекті одан әр тазартып, жалтыратып жіберді.
Үнемі шай қайнатып қап-қара боп қақталған шәйнектің бұлақ суымен тазарып көзі ашылды. Қақпағын ашып жіберіп ішіне қарасаң суы мөлдіреп ар жағынан өз бейнеңді көресің.