Авторлық ертегі
Авторлық ертегі
Үрленген, қызыл-жасыл түсті әдемі шарлар тізіліп тұр. Іші ауаға толған соң, бет-ажарлары кіріп, көз тартады. Айналаның мұндай күйге енгені жақсы емес пе? Жалпы, ашық түс көңілді көтереді. Күн де тып-тыныш. Шар да тыныш. Тек той-думан тез басталса деген бір ғана тілек бар.
Кенет бір шардың жібі нашар байланған болуы керек, ол пыс-с-с еткен дыбыс шығарды. Мына дыбысқа бәрі елең ете түсті. Әуеліде:
- Не болды, жібің дұрыс байланбаған ба? – деп алаңдаған өзге бір шар бірте-бірте оның кішірейіп кеткен түрін мазақ ете бастады.
Жақсы үрленген, қабақтай шар миығынан қарап, әлгі кішірейіп қалған шарға:
- Ішіңнен желің шығып, біртүрлі болып қалдың-ау, ә – деді.
Желі шыққан шар әуелгіде бұған аса мән бермеген. Мына көршісі келіп, «біртүрлі болып қалдың» дегенде ғана ойланды.
– Жел шықса, қайта үрлеп, қалпыма келермін, – деген де қойған.
Бірақ әлгі көрші қояр емес, енді:
– Мынаны қараңдар, кешелі бері біртүрлі болып қалды, – деп өз-өзінен қарқ-қарқ күлді.
Оның күлкісіне айналасындағылардың да құлағы көтеріліп қарап қалды. Күлкі деген рахат қой. Шіркін, күліп, көңілді отырғанға не жетсін? Соны байқаған күлегеш шар:
– Кеше мына шар байқамай пыс-с-с етіп қойып, содан бері біртүрлі болып қалды, – деді.
Қызық бірдеңе айта ма деп елеңдеп қараған өзге шарлар «Е-е-е, сол ма еді, күліп отырғаның» деп, қайта сап түзеп тұра-тұра қалды.
Ал мынау әлі күліп отыр.
Бір кезде бір адам келді де, желі шығып, кішірейіп қалған шардың желін шығарып, көп шар салынған жәшікке салып алып кетті.
- Е, байғұс, кетті-ау, – деп мысқыл аралас күлген бұл шардың беті бал-бұл жанып қала берді.
Сол уақытта мүлдем ойламаған жағдай орын алды. Ата-анасын тыңдамай жер тепкілеп жылаған бір бала қолындағы қара тас кәмпитін лақтырып кеп жіберді. Тура көздеп атқандай қара тас кәмпит күлегеш шардың торсықтай маңдайына тиіп, паңқ-қ-қ-қ етіп жарылды. Дауысы қандай ащы еді! Тойдағы әуеннің бір сәт дауысы бәсеңдеп кеткендей бәрі тарсыл шыққан жаққа мойын бұрды. Желі шығып, жырым-жырым болған шарды көрген жұрт «Өй, дауысының жаманын-ай!» деп реніш білдірді де әрі қарай қызып жатқан биін жалғай түсті.
Шардың жарылғанын көрген адам жайлап басып келді де, жібі шимайлап байланған шарды шұнтитып кесіп тастады да, орнына әлгі шарды үрлеп, іліп қойды. Өзге шарлардың бәрін бір қалыпқа келтіріп, түзеді де жарылған шарды аяқ астында тұрған қоқыс шелекке лақтыра салды. Шелектің ернеуіне ілініп қалған шардың көзі бақырайып, мына жатысына қатты қысылды. «Біреу-міреу мені көріп қалмаса екен, көрсе де күлмесе екен, қоқысты тез далаға шығарса екен» деп ауыз жаппады. Оның ендігі тілегі тек сол еді. Одан басқаны тілеуге мұрша қайда? Тек күлкі болмай, көзден тайса болғаны-дағы.
Бұл шар біреуге күлуден қорықпаса да, күлкі болғаннан қорқады екен...
Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ