Экономика
Қазақстанның қарызы 11 млрд долларға жақын
Орталық Азия мемлекеттерінің Қытай алдындағы қарызы болжам жасалған сомадан әлдеқайда көп, өйткені Қытай үкіметі берген несиенің, кем дегенде, жартысын әлем жұртшылығынан жасырып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Eurasianet.org басылымына сілтеме жасап.
Аталмыш басылымның хабарлауынша, Қытай Халық Республикасының есептеу жүйесі – әлемдегі ең жабық, күмәні көп жүйелердің бірі. 2016 жылға дейін Қытай 10 жылдың ішінде сыртқа берген жасырын қарыздарының сомасы 200 млрд долларға жетіп-жығылады. Мұны Кембридж университетіне қарасты Экономикалық зерттеу ұлттық бюросы жариялаған баяндамадан-ақ көруге болады. Баяндаманың авторлары – Мюнхен университетінен Себастьян Хорн, Гарвард мектебінен Кармен М. Рейнхарт және Киль әлемдік экономика институтынан Кристоф Требеш.
- Қытайдан шығып жатқан капиталдың нақты сомасын айту қиын, бәрі жасырын. Себебі Қытай үкіметі берілген несиелер мен оның көлемі, кімге қалай берілгені жайлы мәліметтерді жарияламайды. Нақтырақ айтсақ, қытайдың сыртқа берілген несиені есептеу жүйесі шым-шытырық, ортақ үлгі жоқ. Содан нақты нәрсе айту қиын, - дейді баяндама авторлары.
Қытайдың құйтырқылығы неде?
Шет мемлекеттерге несие беретін – бұл қытай банктері. Ал олардың барлығы – мемлекет қарамағында. Қытайдың жүйесінің құйтырқылығы сонда – қытай банктерді несиені шет мемлекеттің өзіне емес, қытай инвесторларының қолына береді де, бұл қаржы ішкі айналым болғандықтан, оны тіркемей қоя салады.
Мәселен, Қытайдың экспорт-импорт банкі Қырғызстанда жол салу жобасын қаржыландырды делік. Ал оған жұмсалатын қаржыны банк қырғыз банкіне емес, осы жолды салуға ниетті қытай компаниясының өзіне ғана аударады. Яғни, қаржы сыртқа тікелей шығарылмайды. Содан Орталық банкке бағынышты Халықаралық есептеу банкі (ХЕБ) оны қарыз ретінде тіркемейді.
Қытай мемлекеті Халықаралық есептеу банкінің есептеріне тек 2015 жылдан бастап қана әлемге жария ете бастады. Оның өзінде транш бойынша аударылған соманың мән-жайы жайлы деректерді бермей отыр.
Жеке қаржы мекемелері де үкіметтің шетелге берген несиесі мен гранттарын тексеріп, бақылап отырмайды.
- Ал ақыр соңында несие алған мемлекеттің өзі Қытайға қанша қарыз екенін есептей алмай қалады, - дейді авторлар.
Осыдан экономист ғалымдар бірігіп, қытайдың 152 дамушы елге берген 1974 несиесі мен 2947 грантының сомасын 2015 жылы жарияланған ХЕБ-тің есептерімен салыстырып, қытай үкіметінің дамушы елдерге берген қарызының 50 пайызы, яғни, жартысы жасырын жатқанын анықтады.
- Ал Қытайдан қанша қарыз алғанын білмейтін мемлекеттер ол қарызды қайтара алмай әлек болады. Оның үстіне, Қытай қарыздарын доллармен ғана береді. Ал доллармен алған қарызды Орталық Азиядағы кедей мемлекеттердің қайтара алмай қиналары анық. Өйткені Орталық Азиядағы мемлекеттердің ұлттық валютасы жыл сайын құнсызданып барады. 2000 жылдан 2017 жылға дейін тәжік сомоны 76 пайызға дейін, қырғыз сомы 32 пайызға дейін құнсызданып кетті, - дейді Хорн.
Қытайдың мақсаты – жер байлығы
Орталық Азия мемлекеттері Қытайдан несие ала отырып, жер байлығын, шикізатын кепілге қояды. Мәселен, Түркіменстан табиғи газ өндіретін кен орындарын Қытайға берсе, Тәжікстан алтын мен күміс кен орындарына беріп отыр.
- Қытайдың мақсаты мемлекеттерге қарыз беріп, пайда табу емес, мақсаты – қарыз алған мемлекеттердің шикізат қорына қол жеткізу, - дейді Хорн.
Зерттеу жасаған ғалымдардың есептеріне сүйенсек, Орталық Азия мемлекеттері арасында Қытайға белшесінен батып қарызға енгені ел Қырғызстан екен. Қытай 200-ге жуық елге несие берген болса, Қырғызстан соның ішінде қарызы бойынша 5-орында тұр. Одан кейін, Тәжікстан (20-орын), Түркіменстан (23-орын), Өзбекстан (40-орын). Қырғызстанның қытай алдындағы қарызы жалпы ішкі өнімінің 30 пайызынан да асып кетеді.
Оның үстіне, қытайдың берген қарызының қанша екені нақты белгісіз болғандықтан, шынайы берешек бұдан да көп болуы мүмкін.
Қазақстанның қарызы қанша?
Аталмыш аналитикалық басылымның деректеріне сүйенсек, Қазақстанның Қытайдан алған қарызы – 5 млрд 830 млн доллар. Жалпы, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында қытайдан ең көп қарыз алған ел болып отыр. Егер жоғарыдағы ғалымдардың айтқанын ескерсек, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы - 11-12 млрд доллардың айналасында.
Түркіменстан Қытайдан 5 млрд 100 млн доллар қарыз алса, Өзбекстан 3 млрд 700 млн доллар, Қырғызстан 2 млдр 300 млн доллар, Тәжікстан 1 млрд 150 млн доллар қарыз.
Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерінен ұтып тұрған нәрсесі – экономикасының мықтылығында ғана, яғни, Қазақстанның Қытайдан алған қарызының жалпы ішкі өнімі 3,7 пайызын ғана құрайды. Ал Қырғызстанның мұндай көрсеткіші, жоғары атағанымыздай, 30 пайыздан асып кетсе, Тәжістандікі – 16 пайыз, Түркіменстандікі – 14 пайыз, Өзбекстандікі – 7,5 пайыз.