Weekend
Өзімізді тану әлсіз екенімізді мойындаудан басталады
Әлсіздік қалайша алапат күшке айналады? Осы танымал тіркесті көп жерден естігенімізбен, шынайы мағынасын түсіне алдық па? Жалпы әлсіздікті мойындау бізге қандай пайда береді?
Әлсіздік феноменін (уязвимость) батыстық социологтар мен психологтар талайдан бері зерттеп, өз-өзімізді танудағы маңызын дәлелдеді. Ғалымдардың айтуынша, адам әлсіздігін мойындаған кезде ғана, ол өзін дамытып, өмірін махаббат пен жақсылыққа толтырады екен.
Әлсіздіктің қандай болатынын түсіну үшін ұлуды елестетсеңіз болады. Оның арқасындағы қатты қабығы сыртқы қатерден қорғағанымен, ол өмір сүру үшін жұмсақ денесін сыртқа шығару керек. Ұлу сыртқа шыққан кезде ғана қоректенуге, алдыға жылғуға мүмкіндік алады. Сол себептен әлсіздіктің екінші жағы ол өміршеңдік деп айта аламыз, яғни сырттан қауіп келу мүмкін болған жағдайда да, алдыға жылжуға тәуекел ету.
Өзіміздің әлсіз әрі мінсіз болмағанымызды түсініп, мойындаудың пайдалары:
1. Адам ретінде дараланып, өз-өзімізбен болуға қол жеткіземіз.
Көп жағдайда әлеуметтік желі бізге сұлу да сымбатты, төрт құбыласы тең бақытты адамның образын ғана көрсетеді. Сол үшін де, біз әлеуметтік желіде бір жағымызбен ғана көрінеміз. Алайда, басқаларға ұнау үшін, біз өз ерекшелігімізді, даралығымызды жоғалтамыз. Өзін таныған адам көзбояушылықтан аулақ болып, өмірде де, әлеуметтік желіде де шынайы бет бейнесін көрсетеді. Ал шыншыл, ашық адамдарға да өзі сияқты ақкөңіл жандар тартылады.
2. Жақын қарым-қатынас құруға болады.
Өзіміздің шынайы болмысымызды ашқанда ғана сүйікті бола аламыз. Негізі біреуге жанды жерімізді білдірту өте қауіпті қадам. Себебі біздің ең жақын адамдарымыз бізге ең ауыр сөздерді айтып жүрегімізді жаралауы мүмкін. Бірақ, әлсіздікті көрсету арқылы ғана өзара түсіністік пен терең сезімдерге қол жеткізуге болады.
3. Жүрек жұмсарып, мейірімді боламыз.
Біз өз әлсіздігімізді мойындамаған кезде, өзімізге қатал әрі талапшыл болып, басқалардың да қаталдық танытамыз. Ал біз өзіміздің кем-кетігімізді қабылдап, ешкімнің мінсіз еместігін түсінген кезде, басқаларға да түсіністікпен қараймыз. Сынаудың орнына, жұбатып, адамгершілік танытамыз.
4. Үлкен мақсаттар қойып, қателесуден қорықпайтын боламыз.
Психологтардың айтуынша,перфекционистадамдар қателесуден қорыққаны үшін, үлкен мақсаттар қойып, тәуекелге бармайды-мыс. Сондықтан оңай нәтиже көруге болатын, ұсақ-түйектермен айналысып кетеді екен. Ал өзіңізге қателесуге мүмкіндік беріп, ұлу сияқты алдыға жылжитын болсаңыз, орындалмас армандардың өзін іске асыруға болады.
5. Шынайы эмоционалды ғұмыр кешуге мүмкіндік аласыз.
Мінсіздікке ұмтылу, адамның ішкі сезімдерін қатайтып жібереді. Қайғы мен қуаныш, қорқыныш пен тәуекел сияқты сезімдер дуалды, яғни қатар жүретіндіктен, біз негативті деп ойлайтын қайғы немесе қорқыныш сезімдерінен қашпауымыз керек. Өйткені, жағымсыз эмоциялардан қашып жүріп, шаттық, тәуекел ету сияқты сезімдерді жоғалтып алу қаупі бар екен. Ал атқан таңға қуанып, жақсы хабарға балаша шаттана білу үшін, адам қорқыныш, қайғы сияқты сезімдерді де бастан кешіре білуі керек
Сөз соңында, біз өзіміздің адам ретінде әлсіздігімізді мойындаған күні, өзіміздің дамытып, шынайылық пен шаттыққа толы ғұмыр кешеміз. Өзгелердің де кемшілігіне түсіністікпен қарап, достастық қарым-қатынас құрамыз.
Егер адам басына келген әртүрлі жағдайға саналы түрде қарайтын болса, оның алмайтын асуы болмайды. Әлсіз бола тұра, алапат күшке ие болу деген сол болмақ...