Қытайды толық жаулаған Баян батыр жайлы не білеміз? - на bugin.kz
Асхат Қасенғали - на bugin.kz Асхат Қасенғали

Тарихта аты қалған алып тұлға

Біз "Баян" есімді тарихи тұлғаларды көп білеміз. Батыр Баян бабамыз бен Баян Сұлуды білмейтін қазақ жоқ шығар. Әйтеуір, қазаққа "Баян" есімі таңсық емес, таныс. Осынша Баянның ішінен менің есіме тағы бір Баян түсіп отыр. Оның жалпы қазаққа қатысы болмаса да, түркінің қас жауы "шүршітті" қиратудағы еңбегі ерен енді. Сун империясының қанын судай ағызған Баян қолбасшыны айтамын.

Құбылайдың Қытайды жаулау дәуірінде толассыз соғыстар жүріп жатты. Ол сәтте білікті қолбасшы, хас батырдың орны бөлек еді. Мыңдаған әскерді біріктіріп, әміріне бас идіре алу қашанда маңызды. Сондай қолбасшылардың бірі - Баян. Құлағу ханның қол астында он жыл қызмет еткен Баян батыр Парсы шығанағынан Қытайға бет алды. Ол енді Құбылайға қызметке келді. Құбылайдың көзіне түсіп, біліктілігін танытқан Баян тез көтерілді. Ал 34 жасқа толғанда оның мойнына тарихи жүк артылды. Ол - Сун империясын талқандап, тізе бүктіру болатын. 

1274 жылы Баян Құбылайдың бұйрығы бойынша Сяньян маңында 200 мың әскерді жорыққа бастады. Қарсыласы Сун империясында бұл сәтте тарихи деректерге сүйенсек 700-900 мың сарбаз соғысқа сақадай сай тұрды. Әскери флотпен Янцзы бойымен төмен түсіп, Ян-ло қамалында ірі шайқаста жау әскеріп тып-типыл етті. Артынша бірнеше ірі шайқаста шүршітті қырып салып, 5000-нан астам кемені қолға түсіріп, жорығын жалғастырды. Увэй, Хе Сиан, Наньцзин, Ха Чоу, Токи Ю, Хибачо қамалдарын басып алып, әрмен қарай жүзді. Чанчжоу қамалы Баянға үлкен қарсылық танытты. 

"Өз еріктеріңмен беріліңдер, сонда ешкімге тиіспейміз" деген сөзге көнбегендіктен, ол қамалды басып, халқын қырып салды. Тарихшылар кемі 200 мың адам қырылып, өліктер тау болып үйілгенін айтады.

Баян ақыры Сун астанасының маңына жетті. Оның жеңісі мен даңқы қала халқын үрейлендірді. Ақыры Сун астанасы капитуляцияға қол қойып, бас иді. Бұл Баянның тарихи ерлігі болатын. Әрине, одан кейін де Сун империясымен бірнеше мәрте ірі шайқастар орын алды. 1279 жылы Сун империясының көзі мәңгіге құрыды. Бірақ бұл басқа тарих.

Баянның жеңісін Құбылай үлкен қуанышпен қарсы алды. Оған бірде-бір қолбасшыға көрсетпеген құрметті көрсетті. Оны ақындар Сүбедеймен қатар қойып, жырлады. Ал "Жүзкөздіден" ("бай янь" - қытайша жүз көзді, қытайлар оны "Жүзкөзді" деп атады) қытай халқы ғасырлар бойы қорқып өткен деседі.

0 Пікір Кіру