Саясат
Президент микро және орта бизнес өкілдері салықтан босатылатынын хабралаған еді
Кейін Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, қызметкерлерінің саны 15 адамды құрайтын және жылына шамамен 75 млн теңге табатын бизнесмендер микрокәсіп иесі, ал 100-ге жуық жұмысшысы бар, орташа жылдық табысы 757 млн теңгеге жететін кәсіпкерлер шағын бизнес өкілі саналатыны нақтыланып, осы санатқа жататындар салық төлемейтіні белгілі болды. Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов микро және шағын бизнес өкілдері салықтан босатылса, ел бюджеті 200 млрд теңгеден қағылатынын мәлімдеп, шығын қалай толтырылатынын түсіндірді.
«2020 жылы, егер біз осындай компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді салықтан босатсақ, бюджет шығыны 200 млрд теңгеден асады. Бірақ біз бұл шығынды салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен қайтаруды жоспарлап отырмыз», – деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, елімізде 900 мың микро және шағын бизнес субъектісі бар. Олардың барлығы табыс салығы мен корпоративтік салық төлеп отыр.
«Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің нәтижесінде 2019 жылы бюджетке түскен түсім 1,1 трлн теңгеге жетті. Бұл қаржының 850 млрд теңгесі кедендік әкімшілендіруден түсті», – деді үкімет басшысының орынбасары.
Әлихан Смайылов кәсіпкерлер өздеріне жарияланған мораторийді дұрыс қабылдап, дұрыс түсінулері тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, Салық кодексіне сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық субъекті онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнатуы керек.
«Салықтан акцизделетін өніммен жұмыс істейтін, жер қойнауын пайдаланатын, сонымен қатар квазимемлекеттік және мемлекеттік секторда жұмыс істейтін компаниялар мен ойын бизнесінен табыс тауып жүрген тұлғалар босатылмайды», – деді қаржы министрі.
Естеріңізге салайық, салық төлеуден тағы кімдер босатылмайтыны кәсіпкерлік кодексінде жан-жақты жазылған. Айтпақшы, Әлихан Смайыловтың онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнату туралы пікірін «Ақ жол» партиясының депутаты Дания Еспаева қолдаған жоқ. Ол жеке кәсіпкерлердің патентін сақтап, онлайн бақылау-кассалық аппаратын енгізу мерзімін 2023 жылға дейін шегеруді сұрады. Халық қалаулысының пікірінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық аппаратқа көшсе, шығынға ұшырайды. Себебі ақпарат алмасу функциясы қосылған жаңа бақылау-кассалық аппаратының шығыны мен банктер мен РОS-терминалдардың комиссиясы кәсіпкерлердің қалтасын қағады. Қосымша шығынның пайдасы бюджетке емес, жеке компанияларға, банктерге, «Қазақтелекомге» кетеді.
«Сондағы парадоксты қараңыз: мемлекет бір жағынан күнкөрісі төмен азаматтарды қолдауға миллиардтаған қаржы бөлсе, екінші жағынан осындай қосымша жүктемелер арқылы кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр. Осының алдын алу үшін арнайы салықтық режимдегі жеке кәсіпкерлерді онлайн бақылау-кассалық аппараттарын пайдалануға міндеттеуді, тым болмағанда 2023 жылға дейін тоқтата тұру керек деп есептейміз», – деді Дана Еспаева.