Саясат
Тоқаев халықтың проблемасын көтеру арқылы қазіргі элитаға қарсы шығып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше Алматы қаласына іссапармен келіп, жиын өткізіп, біраз мәселені талқылағанын білеміз. Әсіресе, қаланың экологиясы мен инфрақұрылымы жайында айтқан ойлары қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Отандық және халықаралық кейбір тәуелсіз басылымдар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласында айтқан ойлары мен сынынан астар іздей бастады. Бұған дейін де Тоқаевтың Нұр-Сұлтанда өткізген жиыны билікте болып жатқан біраз былықтың бетін бері шығарған болатын. Оның арты, тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқа қонуына, 184-ші қаулыны қабылдауына дейін апарған деседі.
Тағы оқи отырыңыздар: 184-ші қаулының жыры: Назарбаевтың жарғы қабылдауына не себеп болды?
Сонымен, Қасым-Жомарт Кемелұлының Алматыға кеп көтерген мәселелерінің астарында не жатыр, соған тоқталып өтелік.
Ең алдымен, Тоқаевтың Іле Алатауы етегінде іргесі тұрғызылып жатқан Көкжайлау демалыс кешенін салуға тыйым салуы халықты кәдімгідей қуантып тастады. Ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселеге Тоқаев бір күнде нүкте қойды. Мұны халықтың және экологтардың ең үлкен жеңісі десек болады. Өйткені таудың етегіндегі алманың оталып, жасыл аймақтың тақыр жерге айналғаны, кімнің болсын, жанына батары анық.
- Бұл мәселеге қайта орала бермеу үшін бірден айтайын, мен Көкжайлауда құрылыс салынуына тыйым саламын. Яғни, құрылыс тоқтайды деген сөз. Қоғам да, экологтар да қарсы шығып отырғандықтан, бұл құрылыстың бізге қажеті жоқ, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл бастамасынан саяси астар іздеген Eurasianet басылымы мұны Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған соққы деп баға беруде. Естеріңізде болса, бұл жобаны 2014 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мақұлдаған болатын. Ол кезде де экологтар жаппай наразылық танытып, ұлттық қорықтан жер алып, оған шаңғы кешенін салу заңсыз әрі Алматының экологиясына зиян деген болатын. Алайда Назарбаев қоғам белсенділерімен санасудың орнына кешен салынады деп қысқа қайырған еді.
- Бұл жоба мемлекетіміз үшін өте маңызды. Алматының туризмін дамытып, 100 мың адамға жұмыс береді. Алыс-жақын шетелден турист ағылатын болады, - деп түсіндірді экс-президент бұл шешімін.
Қазір «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары болып отырған, бұған дейін Алматының әкімі болған, бәрімізге таныс, Бауыржан Байбек те осы құрылыстың басы-қасында жүргенін білеміз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұдан кейін айтқан заңсыздықтарына Байбектің де тікелей қатысы бар екенін аңғаруға болады. Яғни, жер мәселесі тағы да алдымыздан шығады.
- Іле Алатауы ұлттық саябағынан заңсыз жер берілген жағдайлар болыпты. Яғни, 20 гектарға созылған 7 жер телімі кәсіпкерлерге заңсыз берілген, - деді Тоқаев сөзін жалғап.
Ал Тоқаевтың айтып отырған гектары Нью-Йорктегі Орталық саябақтың көлемімен бірдей жер. Оның үстіне, ұлттық саябақтан жер беру ақылға қонбайтын нәрсе. Өйткені Нью-Йорктегі саябақтан ешкімге ешқашан бір тілім жер берілген емес.
Eurasianet басылымының жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық саябақтан жер берудің өзі табиғатқа жасалған қастық дегендей емеурін танытты. Оған Алматы маңындағы алма бақтарының жөн-жосықсыз оталып жатқанын айтып, ескерту жасағанда байқалып қалды.
- Бұл – жабайылық, Бұған жол бергендер жазалануы тиіс. Бұл – биліктің салғырттығы, - деп қысқа қайырды Тоқаев.
Тоқаев Көкжайлау мен алма бағына тоқталған кезде, кімді жазалау керек немесе кімнің қателігі дегендей, ешкімнің атын атамады. Алайда Көктөбеде алма көшеті мен қызғалдақты отырғызу акциясын жүргізу кезінде көп кемшілік жіберген қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялады.
Ал Эксклюзив басылымының жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың трамвай мен көне ғимараттарды күреу мәселесін көтерудің астарында да үлкен нәрселер жатыр. Алматыдан трамвайдың көзін құртқан Бауыржан Байбек болса, Тоқаев мұны жөнсіз шешім деп баға береді.
- Трамвайды жою, меніңше, дұрыс шешім болған жоқ. Рельсті жөндеп, паркті жаңартып, трамвайларды қалдыру керек еді. Еуропада әлі күнге дейін трамвай бар. Мұның өзі қаланың өзекті мәселелерін қоғаммен, білікті мамандармен бірге ақылдасып шешу керектігін көрсетеді, - деді Тоқаев.
Осы сөзімен-ақ Тоқаев Байбектің шешімін шорқақ деп бағалап отыр. Бір қызығы, Тоқаев трамвайды қайтару керек деп нақты тапсырма да, нұсқаулық та берген жоқ. Оның үстіне, трамвай тақырыбының бітіп кеткеніне біршама уақыт болды. Егер Тоқаев Көкжайлау мен ескі ғимараттар жайлы мәлімдемесінде қандай да бір әрекет болса, трамвайға қатысты еш әрекет жоқ. Яғни, мәселені жай көтеріп, ойын жеткізгендей болды. Оны қаузағаннан не шешіледі дегендей ой туындайды.
Аталмыш басылым Тоқаевтың ескі ғимараттарды қиратпау қажет деген сөзінде де әлдебіреулерге сес көрсету жатыр бар дегенді алға тартады.
- Президент Тоқаев «Алатау» кинотеатрын бұзбау қажет деді. Ал кинотеатрды бұзып, орнына McDonalds салмақ болғандардың бірі – Назарбаевтың туысқаны Қанат Боранбаев болатын, - деп жазады басылым.
Ал Тоқаевтың Алматы қаласының орталығына құрылыс сала бермей, орнына көлік орындарын салу туралы ойы да қазіргі элитаға қарсы соғыстың бір белгісі.
- Өйткені Алматыда құрылыс салып жатқандардың басым көпшілігі – қазіргі элитаның өкілдері, - деп жазады басылым.
P.S: Жоғарыда тоқталған мәселелерге қарап, Тоқаевтың қос қоянды бір оқпен ату тактикасына көшіп, қоғамдық мүддені алға тарту арқылы қазіргі элитаға қарсы сөз сөйлеп отырғанын байқауға болады. Бір жағынан, Тоқаев қоғамға ел-жұртты тыңдай алатынын көрсетсе, екінші жағынан, жұрттың жанына батып жүрген мәселелерді алға тарту арқылы қазіргі элитаның іс-әрекетіне тоқтау салғысы келетіндей.