Woman

«1, 2, 3 Magic» кітабының құпиясы немесе бала тәрбиелеудегі құбыжық тәсілдер

Баланы өзімізден алыстатудан асқан қатыгездік жоқ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір қазақ жігіт отбасын алып, Америка Құрама Штаттарына көшіп барады. Алғашқы уақытта балалар жат жерге үйренісе алмай қиналады. Көңілдері болмаған соң жиі жылап, ата-анасының мазасы кетеді. Осыны көрген әкесі бала тәрбиесін өз қолына алуды ойлайды. 

Тәрбие жайлы кітап оқиын деп жергілікті кітап дүкеніне кіреді. Кірген бетте арнайы сөреде тізіліп тұрған «1, 2, 3 Magic» деген кітапқа көзі түседі. Сыртындағы баланы тәртіпке келтірудің үздік әдісі деген сөзін оқып, кітапты үйіне алып кетеді.

Кітап авторының ұсынған әдісі бойынша бала тіліңізді алмай, сотқарлық жасаса, не жылай бастағанда 1-ден 3-ке дейін санайсыз. Егер үшке дейін қоймаса, баланы ешкім жоқ бөлмеге апарып қамап қоясыз. Ондай бөлме қараңғы қойма, әжетхана немесе үйдің бұрышы да болуы мүмкін. Сіздің түріңіз бен әрекеттеріңізден балаға деген жанашырлық байқалмауы керек. Бала жылауын тоқтатқан соң ғана оны бөлмеден шығарып, бұл қылығының дұрыс болмағанын айта аласыз. Америкада бұл әдіс «time-out» деген атпен таралған. Әдістің аты айтып тұрғандай, егер балаңыз жыласа, сіз оны «time-out»-қа жібересіз. 

Осы әдісті құп көрген жігіт ағасы балаларына қолдана бастайды. Бас кезде анасының жаны ашып, баланы бұрышқа тұрғызуға немесе қоймаға қамауға қиналады. Бірақ күйеуінің талабымен, кітаптағы ережені сақтау керек болады. Көп ұзамай, кітап авторының берген кепілдігі бойынша балалар тәртіпті болып шыға келеді. Қит етсе болды - әкесі «бір» деп айтады, бала екі мен үште не боларын білгендіктен, тыпыр етпейді.

Тәрбиедегі осы жетістігі жайлы біздің бас кейіпкеріміз Америкаға келе қалған психолог танысына айтып береді. Әлгі психолог ағамыздың да бірнеше баласы бар, мән жайды естіген кезде төбе шашы тік тұрады. Сол үйдің балаларын бақылап қараса, олар да құдды робот сияқты. Өзге балалармен шуылдап, ойнау жоқ. Қолға үйреткен тайдай тып-тыныш жүреді. Әңгімелесе келе психолог ағамыз әлгі жігітке «Сіз бала тәрбиелеудің орнына, оларға дрессировка жасаған екенсіз» деп, қолданып жүрген тәрбие әдісінің адамгершілікке жатпайтынын түсіндіреді.

Кейінгі кезде кең таралған «time-out» әдісінің баланың психологиясына кері әсер ететінін талай ғалымдар дәлелдеп келеді. Бірақ «1, 2, 3 Magic» кітабының танымалдылығы сонша - оның жаңғырығы біздің елімізге дейін жетіп, кейбір педиатрлар «балаңыз жылап жатса, уатып әуре болмаңыз. Оны жалғыз қалтырып кетіңіз. Жылап-жылап қояды» деген кеңестерін үйіп-төгеді. Ал санасы бар ата-ана жылаған балаға көңіл бөліп, оның қандай да бір қажеттілігі бар екенін түсінеді. Оған мейірімділік көрсетіп, құшағына басады.

Жас баланы ересек адаммен салыстырып қарасақ та, «time-out» әдісінің ешқандай адамгершілікке жатпайтынын көре аласыз. Сіз қандай да бір қажеттілігіңіз немесе шешілмеген проблемаңызды айтып жолдасыңызға көз жасыңызды көрсеткенде ол «бір, екі» деп ескерту жасап, «үш» дегенде сізді қараңғы қоймаға қамап қойғанын қалар ма едіңіз? Бұл барып тұрған залымдық пен қатігездік. Сол сияқты бала жылағанда оны өзімізден шеттету оның жанына қатты батады. Сірә баланы өзімізден алыстатқаннан асқан қатыгездік жоқ шығар... Сондықтан бала ата анасының өмірінен «time-out» алып, шығып қалмас үшін, келесі жолы балалығынан бас тартып, тыныш жүруді құп көреді. Нәтижесінде, бала риясыз ойнап-күлуден, еркелік көрсетуден қалады. Ал еркін күлуден қорқатын бала бала емес, қорқауға айналатынын оқырман түсініп отырған шығар.

Түйіндей келе: бала тәрбиесіне қатысты кітаптарда айтылған әдістерді баламызға қолданбас бұрын жақсылап ойланайық. Психологтардың ұсынып отырған дүниесі қаншалықты біздің баламыздың жасына, мінезіне сай келеді? Автордың айтқандары қаншалықты адамгершілікке жақын?Біз тәрбиедегі түрлі әдістерді сынақтан өткізіп жүргенде, баламыздың жан дүниесінің қалыптасып жатқанын ұмытпайық. Баламыз біздің супер білімді ата-ана болғанымызды емес,  оларды риясыз жақсы көріп, мейірім танытқанымызды қажет етеді.