Жұлдыз ғұмыр...

Тіршілік тауқыметі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Арман - жарық жұлдыз: онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ (Л.Н.Толстой). 

"Білесің бе қызым... Адамның өз жолы бар. Қолыңдағы кітап "Абай жолы" сияқты. Адам мақсатынан танбаса барлығына қол жеткізуге болады... Менің балалық шағым болмады. Жетімдік, жоқшылық... Ерте ер жеттім. Одан 25 жасқа келгенімде соғыс басталды. Отан қорғау үшін майданға аттандым. Қанды соғыс. Жан азабы іштей жалмап кете берді. Сырт келбетке қайратты болып көрінгенмен, жүрек қан жылап, әл дәрмен жоқ еді. Сол кезде Отанға деген махаббатты қаншалықты ыстық екенін сезіндім, әр адам туған бауырымдай болды. 

Соғыс бітті. Туған елге қайттық. Жұмыс. 31 жасымда оқуға түстім. Алғаш рет ғашық болдым. Абай Тоғжанға ғашық болған секілді. Ол кезде беделді отбасының қызы еді, разы болмады, қосылмадық. Намысқа тырысып жұмыс істеп, беделім асты. Қиыншылыққа мойымай, алға қадам бастым. Қызметімде жала жабулар көбейе түсті. Өле-өлгенше екі аяқтылармен алысып келдім. Сабыр, шүкіршілік, қанағат қылып ғұмырым өте берді.

Сосын бала-шаға қамы басталды. Өмірде түйгенім өзіңді кім екеніңді басқаларға мойындату емес, өз-өзіңді жоғалтпауда екен! Білесің бе менің жолымның Абайдың жолынан айырмашылығы неде? Ол дәулетті отбасында дүниеге келгенінде, ал мен, жетімдік пен жоқшылықта өмір сүрдім. Тек осы айырмашылықты ғана көре алдым. Алла бергенге шүкіршілік етіп, бағалай білсе ол адамның өмірі том-том дастан болып жазылар. Ал барын бағалай білмесе, бір беттік парақтан ары аспас.

-Анау жұлдызды көрдің бе? Жарқырап тұрған сенің жұлдызың, сенің өмірің алда.  Ал қасындағы менікі сөнейін деп, жарқырауға әл-дәрмені жоқ."

Р.S.: Мен аспанға қараған күйі тұр едім. Жаныма қарасам ешкім жоқ. Бейне бір қараңғылыққа бөленгендей. Осыдан бір күн өтпей атаның қайтыс болғанын естідім. Аспанға қарадым. Өз жұлдызымның жарқырап тұрғанын көрдім. Ал ол жұлдыз сөніпті.  Көзімде жас, жүрегім қан жылап тұр. Жұлдыз ғұмыр мүмкін осы болар...