Bugin

Таңқалып отыр: Дариға Назарбаева қай салаларды жемқорлық жайлап кеткенін айтты

Балабақшадағы орынды электронды түрде сатып алып жүргендерден не сұрауға болады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның жемқорлық жағдайына сараптама жасаған Transparency International ұйымының есебін оқыған сенат төрағасы Дариға Назарбаева біраз дүниеге таңқалған көрінеді. 

Оны таңқалдырғаны – дәл мемлекеттің жемқорлықты азайтуға тырысып, түрлі бағдарламалар дайындап, жүзеге асырған салаларының, керісінше, жемқорлыққа «шалдыққаны». Әсіресе, сандық форматқа көшкен білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау салаларының жемқорлыққа белшесінен батуы Назарбаеваға «қызық» көрінді.

- Халықаралық Transparency International ұйымының баяндамасын оқып шықтым. Ұйымның есебі бойынша, біздің елде азаматтардан жиі пара алатын орган полиция болып шықты. Одан кейін мемлекеттік жоғары оқу орындары, колледж, сот, қала құрылысын бақылау, жерді реттеу мекемелері, әскери комиссариат, көші-қон қызметі, жұмыспен қамту мекемелері, мемлекеттік балабақшалар тұр. Жемқорлық жайлайған ТОП-10-дыққа науқастарды қабылдау мен емдеу мекемелері де кіріп отыр. Алайда біздің денсаулық сақтау министрлігіміз азаматтардың емханаға электронды түрде жазылып, кезек алатынын тілге тиек етіп, жемқорлық жоқ деп сендіріп келді. Жұмысқа орналасу, жер телімін алу, баланы балабақшаға тіркеудің барлығы қазір электронды түрде жасалатыны белгілі. Алайда ең қызығы сол – электронды бола тұра жемқорлыққа батып отырғандығы. Жол ережесін бұзу, әскерге шақыру, медициналық анықтама алу, баланың жәрдемақысын алу да парамен «шешілетін» шаруаларға айналып кетті. Ал бұл қызметтердің онлайн-режімге көшкеніне қай заман. Жоғары оқу орнына түсу мен білім беру гранттарын алуда да пара көп, - деді Дариға Назарбаева пленарлы отырыста.

Үкімет азаматтардың өмірін жеңілдету үшін әрі жемқорлықты азайту үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қолға алып, оған миллиондаған қаржы бөліп отыр. Белсенді түрде жасалып жатқан бағдарламалардың бірі. Алайда ең алдымен жемқорлықты жоюға бағытталған бағдарламаның неге жемқорлыққа себеп болып отырғаны депутаттары таңқалдырып отыр. Азаматтар мәселесін шешу үшін әлі де пара беруге мәжбүр болып жүр.

- Бағдарламаны сәтсіз деп айтуға тағы келмейді. Соның арқасында кезек пен қызмет алу электронды форматқа көшті. Алайда электронды кезектің өзі сатылып жатыр. Мәселен, ата-аналар балабақшаға орын алу үшін электронды түрде кезек алуға пара береді! Не деген сұмдық! Демек, жүйенің өзінде кемшілік бар деген сөз, - дейді Назарбаева.

Ал білім және ғылым министрлігі болса, мұндай олқылықты жою үшін бүкіл елге ортақ электронды жүйе құрастырып жатқанын айтып ақталды. Сонда пара алу деген түсінік толық жойылмақ. Алайда Назарбаева мемлекеттік қызметкерлердің пара алу үшін тағы бір тетікті «ақылы етіп» алады деп уәж айтты. Сенбейтінін жеткізді. 

- Мәселен, кезектің қай күнін берілетінін «сатуы» мүмкін, - деді сенат басшысы.

Қалай десек те, қазіргі жемқор билікті ауыстырмай, қай саланы ақпараттық бағдарламаға айналдырса да, пара алу ешкім де тоқтатпайтын сынды.

Forbes.kz