Саясат
Қазақстанда реформа көп
БҰҰ қылмыстық кодекстің кейбір баптары азаматтық қоғам белсенділеріне қарсы қолдануға мүмкіндік беретініне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар плафтормасы БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде елдегі адам құқықтарының сақталуы туралы есеп берді. Қазақстан делегациясы берген есепте айтылғандай - елде ауқымды реформа жүріп жатыр: президент өкілеттігінің бір бөлігі парламентке берілді, биліктің заңнамалық және атқарушылық тармақтары халық алдында тікелей есеп береді, қабылданған кейбір заңдар елдегі көп партиялы жүйені нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан адам құқықтарына қатысты есепті осыған дейін соңғы рет 2014 жылы берген екен. Сол кезден бері Қазақстан Мүгедектер құқығы туралы конвенцияны ратификациялаған. Есепте көрсетілгендей, БҰҰ-мен бірлесіп адам құқықтарын қорғаудың ұлттық механизмдері жетілдірілуде; білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес саласындағы ахуалды бақылау үшін тиісті индикаторлар әзірленген.
БҰҰ Адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссарының басқармасы Қазақстанның БҰҰ-ның құқық қорғау механизмдерімен өзара әрекеттесу деңгейін жоғары бағалады. Сонымен қатар Қазақстанға барлық еңбек етуші мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің факультативтік хаттамасын, өлім жазасының күшін жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасын ратификациялауға кеңес берді.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар комитеті Қазақстан заңнамасында жыныстық бағдары мен гендерлік қатыстылық негізіндегі кемсітулерге тікелей тыйымның жоқтығына алаңдаушылық білдірді.
БҰҰ сарапшылары Қазақстан үкіметіне қақтығыс аймақтарынан жүздеген ана мен баланы қайтарғаны үшін алғыс білдірді: 2019 жылы "шиеленіс нүктелерінен" ел азаматтарын репатриациялау бойынша бірнеше операция жүргізді.
Сонымен қатар БҰҰ адам құқықтары комитеті "сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралардың жеткіліксіз" екенін атап өтті, азаматтық қоғам белсенділеріне қарсы қолдануға мүмкіндік беретін қылмыстық кодекстің кейбір баптары жалпылама түсіндірілетініне алаңдаушылық білдірді.
Біріккен ұлттар ұйымының әрбір мүше-мемлекеті адам құқықтарының сақталуы туралы тұрақты түрде есеп береді. Бұл механизм Әмбебап мерзімді шолу деп аталады. Адам құқықтары кеңесінің мүшелерінен құралған жұмыс тобы мемлекеттің адам құқықтарын қалай сақтайтынын қарайды, құқық қорғау саласындағы жетістіктері мен сәтсіздіктерін талдайды және осыған орай ұсыныстар береді.
Қазақстанның елдегі адам құқықтарының сақталуы туралы есебінің толық видеосы:
Дереккөз: БҰҰ жаңалықтар қызметі / https://news.un.org/ru/story/2019/11/1366701