Weekend
Жоғары оқу орыны
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орны. Бүгінде білім ордасы әлемдегі 400 үздік университет арасында 207-орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы да алға шықты. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет - ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті кіреді.
Білім нарығында жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуы тиіс. Осы тұрғыда ҚазҰУ ең алғашқылардың бірі болып ағымдағы заман талабына бейімделген және болашақ трендтерді алдын ала зерттейтін икемді білім беру бағдарламаларын енгізді, олар халықаралық агенттіктер аккредитациясынан сәтті өтті.
«4.0 индустриясына» мамандар даярлау мақсатындағы экономикалық модернизациялауға бағытталған мемлекеттік даму бағдарламалары аясында білім беру үдерісіне «Е-коммерция», «Сандық лингвистика», «Big data», «Жасанды интеллект», «Геоинформатика», «Заттар аламторы», «Биоинформатика» сияқты жаңа оқу бағдарламалары қосылды. Бүкіл посткеңестік елдер аумағында тұңғыш рет Астана халықаралық қаржы орталығы және Катардағы Бенхалиф университетімен бірлесе исламдық қаржы жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Жоғары оқу орны нақты өндіріс, ғылым және білім саласы арасындағы тәжірибе мен инновациялардың өзара трансферті орталығына айналуда.
Әлемдік ірі жоғары технологиялық корпорациялар – Hewlett-Packard, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Samsung, Alcatel, Microsoft, Intel, Касперский зертханасы, Huawei және тағы басқалары университеттің білім беру ісіне белсенді түрде атсалысып, өздерінің ғылыми білім беру орталықтарын ашты.
ҚазҰУ білім берудің барлық сатыларында ағылшын тілінде кеңінен оқытуды алғашқы болып бастады. Ал бүгінгі таңда университет мамандықтарының 70%-дан астамы ағылшын тілінде оқытылады. Осы ретте төртінші индустриалды революция жаңдайында баға жетпес интеллектуалды көшбасшы тұлғалар даярлайтын халықаралық білім беретін орта қалыптасты.
Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің барлық адам үшін тиімділігі мен ашықтығы, білім алушылардың академиялық сауаттылығы, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Альма-матердің жаңа даму кезеңінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды.
Университетке қызығушылық танытып, білім алғысы келетін талапкерлерге ашық есік күндері де қарастырылған. Әр факультет өзінің талапкерлеріне экскурсия, көрсетілім шараларын жүргізеді.
Жастармен бірлесіп жетістікке жету және жастарға әрқашан дем беруді университет ешқашан ұмытқан емес. Осындай бастамалардың бірі ретінде Жастар Ұйымдарының Комитетін атауға болады. Жастар Ұйымдары Комитетінің ішіне көптеген студенттер мен оқытушыларға оқу процесін жеңілдету үшін құрылған ұйымдар кіреді.
Жетістікке тек біліммен ғана жету мүмкін емес. Мен бұл сөзбен нені жеткізгім келеді? Студенттерді жан-жақты дамыту – университет міндеті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне білім алуға келген жастар керектің барлығы өз қалашықтарында бар екенін білгенде одан әрі қуанары анық. Соның бірі өз қорында екі миллионнан астам кітап жинақтаған әл-Фараби кітапханасы. Осындай үлкен көлемдегі әрі ыңғайлы дайындалған кітапхана Альма-матерің тағы бір мақтанарлық тұсы.
Жас талапкерлерді қара шаңыраққа шақырарда бір мүдірмесіміз анық. Оның себебі бұл университеттің құрылымы мен жүйесі, құрылысы мен орналасуы, қамтыған ғимараттары толығымен студенттер мүддесі үшін жасалған. Ал өзін ғылыми зерттеу тұрғысынан дамытамын деушілерге зертханалар есігі әрдайым ашық.
Авторлары: Тоқсанбаева Назгүл Бақытқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, жалпы және этникалық психология кафедрасының докторанты
Тоқсанбаева Нұргүл Қорғаджанқызы, психология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, жалпы және этникалық психология кафедрасының профессоры
Аязбаева Б.Б, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, жалпы және этникалық психология кафедрасының оқытушысы