Weekend
Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі кімдер?
Біз қазақ деген «қараша халық» едік, бүгінде «қуатты мемлекетке» айналғанымыз мәлім. Тынымсыз еңбек, табанды жұмыс, қажымас қайрат пен жаншылмас жігер бізге серік болғалы, асығымыз алшысынан түсіп келеді.
Бүгінде Қазақстанды танымайтын ел кем де кем. Келешегіміз баянды болғанын қалаймыз және қатаң түрде қадағалаймыз. Бірақ қандай дәрежеде? Болашақ кепілі жастар екендігін білеміз, алайда қандай жастар, күнінің 2/3 бөлігін әлеуметтік желіде өткеретін азамат пен азаматшалар ма? Бұл аса үлкен мәселе. Кім білсін, қобдишаның ішінен алтын, гауһар теріп жатыр ма, әлде тас пен балшық па? Кім қадағалап жатыр? Неге сол телефонды кітапқа айырбастамасқа?
Қазіргі жас ұрпақтың басты мәселесі – рухани құндылықтардың санадан тыс қалып бара жатқаны. Техника мен технология дамыған заманда адам санасының улануы да жиілеп кетті. Жастарды санамағанның өзінде, еңбектеген баладан еңкейген қарттар да техникалық серпілістің шырмауына түсуде. Сол себепті ұлттық сана мен рухани құндылықтарды сақтау мақсатында біздің ең басты мақсатымыз – жас ұрпақ санасын таза ұстау. Ұрпақ санасы түзелсе, ел жағдайы да өзгереді. Еліміздің тірегі де, болашағымыздың болжаушысы да – жастар екенін естен шығармағанымыз абзал.
Ел ағасы айтады: «Болашақта интернетте отырғандарды кітап оқығандар басқарады» деп. Кітап арзан, онымен қоса, адамдардың да кітапқа деген ой-түйсігі арзан екендігін соңғы жылдары ап-айқын аңғаруға болады. Кітап көлеңке, интернет «интелигент» болып тұрған заманда, кітап оқыңдар деп ел ағаларының шырылдауы да жөн шығар. Қазақтың қазақ екендігін танытатын «Абай жолын» оқымақ түгілі, шағын шығармаларды да оқып6 үдабарасынан шыға алмай жүрген адамдар саны сан мың.
Интернет – жаңа әлем. Ішінде тіршілік, төңкеріс, романтика, реализм, терроризм, текетірес пен төңкерістер қаптап жатыр. «Синий кит» деп те шулап алдық. Интернеттің жаман жағымен қоса жақсы тұстары бар екендігі мәлім. Бірақ өз басымызды өзіміз бұғаулап жатырмыз ба? Кіруі тиіс емес дүниелерге ат басын қалай бұрғанымызды да аңғармаймыз кейде. Өзіңіз сондай күй кешіп жатыр екенсіз, жастар не істеп жатыр? Оларды кім қарайлайды? Ата-ана бала үшін барын береді, тіпті жанын да. Алайда беріп жатқан тәрбие бәрінен маңызды. Өзге елдегі өзгерістерді білсін, бірақ бауыр баспасын.
«Жастар, жастар» деп жоғарғы жақ жан дүниелерімен сенім артқан екен, үмітті ақтау – міндет. Желінің шырмауына түсіп, құрбаны аталмас алдын, ой-санамызды бір түйінге келтіріп алуымыз тиіс. Мен не үшін интернет қолданушысымын? Мен үшін керегі не, ойын ба әлде білім бе? Осы сұрақтарға жауап берейік те, желі әлеміне сүңгиік. Білім үйренейік, тіл үйренейік, өнер үйренейік. Міне, интернеттің басты қызметі. Жеңілтектікке салынып әр жырадан бір көріну жақсылыққа апармасы анық.
Жастар – болашақтың кепілі екенін білеміз. Бірақ қай бағыттағы кепілі. Елді өркендетіп, жерімізді жиһанға паш етудегі бағыт па әлде елді еңіретіп, жерімізді әлем елдеріне құрбан ету мақсатында пайда болған бағыт па?
Әуел бастан әдеттенсең, өміріңнің соңына дейін азық болады. Желіні тиімді пайдалануға машықтаныңыздар, жас жеткіншектер! Болашақ кепілі – сіздерсіздер.
А. ЕСЕКЕЕВА
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Заң факультетінің аға оқытушысы, құқық магистрі