"Қытайдан товар әкеліп сатсам қалай болар екен?" деп ойланып жүрген адамдарды елең еткізетіні анық. Әрине жеке кәсіпкер атанып, өз бизнесің болса, ешкімге жалданбай өз күніңді өзің көрсең жақсы-ақ.
Қытайда туып өскен, қытай тілін білетін, сауда жасауда тәжірибесі бар, қытайға жиі барып тұратын адам ретінде осы бір сәнге айналған үрдістің қауіп қатері мен мүмкіншіліктерін өзімше саралап көрейін.
Көңіл бөліңіз
1.Қандай товармен айналысуды шешіп алу өте маңызды, дәл қазір не әкеліп сатсаңызда 99% жағдайда сізден бұрын ол затты әлдеқашан біреу сатып отырған болып шығады. Сонымен бірге сізден бұрын айналысқандар әлдеқашан жонданып акулаға айналғанын, суға жаңа түскен шабақ балықты жұта салуға дайын тұратындығын ұмытпаңыз.
2. Сырын білем ау деген затпен айналысыңыз, мысалға ер адамның балалар киімімен айналысуының қажеті шамалы.
3. Алатын товарыңыздың қай қалада көбірек өндірілетінін, қайда арзан екендігін білуіңіз керек. Ал былай қытайдың кез келген қаласына барып базарға қойып кетсеңіз, қабағыңыз түсіп, көңіл күйден жұрдай болып шығуыңыз мүмкін. Өйткені көпшілік товардың базардағы бағасы Алматының бағасымен бірдей (неге олай екені сәл кейінірек), сондықтан арзан жерін дөп басып табу керек.
4. Егер барып қайтам деп шешсеңіз әкелетін товарыңыз жолыңызды ақтай ма? соған мән беріңіз, менің есебім бойынша 10 мың доллардан аз ақшаға товар алмақ болсаңыз, бармай ақ қойыңыз, шығыныңызды ақтамайды. Ал енді не болса да көріп қайтам десеңіз басқа әңгіме.
Сенбеңіз
1. Мына заттың қытайдағы бағасы бәлен, мұны бізге бәленбайға сатады, көрдіңіз бе үстіне неше есе қосып сатады бізге, деген сияқты сөзге сенбеңіз. Үстіне бірнеше есе қосып сататын заман баяғыда өтіп кетті. Қазір саудадағы бәсекелестік өте күшті, барахолкадағы көтерме (оптом) саудагерлер үстіне болар болмас тиын қосып сата беретін болған қазір, амал жоқ, бәсекелестік осыған алып келді.
2. Қытайдан завод бағасында товар алып берем деген адамға сенбек түгілі маңына жоламаңыз. Завод бағасымен алу үшін үлкен көлемде тапсырыс беруіңіз керек, мысалға аяқ киім кем дегенде 1000 пар, байбақ пен қолғап аз дегенде 5000 пар деген сияқты.
3. Бір айда милион теңге табудың тәсілін 3 күнде үйретем деген адамға әсте сенбеңіз. Жалпы сауданы алғаш бастағанда ақша табу ең бірінші мақсат болмағаны абзал, басты мақсат сауда істеудің жолын үйрену, тәжірибе жинақтау болғаны дұрыс, есіл дертіңіз бірден ақша тауып баю болса мақсатыңыздың орындалуы қиын.
Қауіп қатерлер
Әр қандай сауда қауіп қатерсіз болмайды, дұрыс ойластырмасаңыз салған ақшаңыз қайтпай қалуы бек мүмкін. Мысалы бір зат трендте болып жаппай сатылып жатыр делік. Сіз бірден сол товарды қытайға барып әкелуге асықпаңыз. Неге? түсіндіріп көрейін.
Ол заттың бағасы қытайда 4000-6000 аралығында болсын, Сауданы алғаш бастаған сіз ары кетсе 30-40 дана ғана ала аласыз. Мұндай аз мөлшерді естіген қытайдың «нәстрәйанасы нәскиге» түсіп сізге 5500 ден бере алатынын, одан төмен түсіре алмайтынын айтады. Дәл осы сәттерде Алматының бір белді бизнес акуласы заводқа 10 000 данаға тапсырыс беріп келісімге қол қойып жатады. Завод әрине оған 3500 теңгеден жасап беруге келіседі, тасымал ақысына 500 теңге қосылатын болса Алматыға келуімен 4000 теңге болады, сосын ол 4500 теңгеден оптом таратады. Ал жаңағы сіздің 5500 теңгеден алған 30 штук товарыңыз складыңызда шіриді деген сөз.
Қорытынды
Дәл қазір алып-сатарлықпен айналысу аса тиімді емес, жұрттың көбі алып-сатар болып базарда жүр, бұрынырақ сауда істеп пайдаға кенелгендерді көрген жұрт жаппай базарға шықты. Базар салып жалға беру керемет бизнес екенін көрген байлар жаппай базар салуды бастап кетті. Қазір базар көп, алушыдан сатушы көп, оған сауда үйлерін қосыңыз. Заман талабына сай салынған сауда үйлері де көбейіп келеді.
Егер сауданы жаңа бастасаңыз қытайға шаба жөнелудің қажеті шамалы, осындағы оптовиктерден ақ ала берсеңіз де ұтылмайсыз. Товарыңыз айналып капиталыңыз молайған кезде барсаңыз да жуық арада қытай ешқайда қашып кетпейді.
Бұл әрине менің жеке пікірім, ойыммен келіспеуге әбден құқылысыз. Соңғы шешімді қабылдайтын да өзіңіз.