Экономика

«Бұзыла береді»: Ресейдің сатылмай жатқан ұшақтарын Қазақстан алатын болды

Суперджет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

7 қараша күні Омбы қаласында өткен өңіраралық XVI форумда Қазақстан Ресейде өндірілетін SSJ 100 ұшағын сатып алуға келісім білдірген. Мұны Ресейдің сыртқы істер министрі Андрей Руденко мәлім етті, деп хабарлады Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы РИА Новости-ге сілтеме жасап.

- Келіссөздер сәтті жүргізілуде. Айтарлықтай сәтті, - деді Ресей сыртқы істер министрі.

Аталмыш ұшақтың толық атауы - Sukhoi Superjet 100. «Гражданские самолеты Сухого» мен Finmeccanica-Alenia Aermacchi компаниялары құрастырып шығарған ұшақ. 98 жолаушыға арналған аталмыш ұшақтың алғашқы партиясы 2011 жылы шығарылған. 180 данадай. Көбі Ресейдің өзінде қалды.

Шетел сатып алғысы келмейді

Ал шетелдік компаниялар бұл ұшақты сатып алудан бас тартып отыр. Мәселен, Еуропа елдері арасынан алғаш рет SSJ 100 ұшағын алған Ирландия осы жылдың басында оны ары қарай қолданудан бас тартып, Ресейге қайтарып берді. Ирландиялық компания Ресейдің ұшағын 20 жыл бойы қолданылған ұшақтардың ауыстыру үшін алған көрінеді. Бірақ «суперджеттің» алысқа ұша алмайтынын әрі жиі бұзылып, оған қосымша бөлшектер таба алмағанын айтып, одан толықтай бас тартты.

Ұшақ қазір Ресейдің ішкі нарығында ғана сатылуда. Қазір ресейлік ұшақты тек мексикалық InterJet қана қолданады. Алайда олардың өзі қаржылық қиындыққа тап болғандықтан ұшақты сатуға ниеттенгені туралы бірнеше ақпарат шыққан. Сонымен қатар мексикалық компанияның 12 ұшақ сатып алу үшін Airbus-пен келіссөз жүргізе бастағаны белгілі болды.

Биыл ресейлік өндіруші Африкаға бір ұшақ сатуға келіскенімен, кейін сатып алушы қаражат таппағандықтан кейінге шегерілген. Норвегиялық Norwegian Air Shuttle 40 ұшақ сатып алады деген ақпарат тараған еді, алайда әуе компаниясы мұны жоққа шығарды.

Шереметьево оқиғасы

Ал BBC орыс қызметінің хабарлауынша, 2019 жылдың 5 мамырында Мәскеудің Шереметьево әуежайында болған апаттан кейін, кәсіпкерлер мен белді тұлғалар аталмыш ұшақпен ұшудан жаппай бас тарта бастаған. Естеріңізде болса, әуежайға апатты күйде келіп қонып, өртеніп кеткен ұшақтан 41 адам қаза тапқан болатын. 

Бұл оқиға Ресейде үлкен резонанс тудырды. Ұшақтың опат болуына не себеп болғаны әлі белгісіз. Ресей билігі ресми мәлімдеме таратпай отыр. Тергеу амалдары әлі жалғасуда.

Осыдан кейін ресей жолаушылары ұшаққа отырар кезде әуе кемесінің моделіне мән беретін болды. Көбі «суперджетке» отырудан бас тартатын болды. Ал қазір «Яндекс» пен «Aviasales» компаниялары да ұшақ билеттерін ұсынған кезде, «суперджетті» таңдамауға кеңес беруде.

Ресейдің «Коммерсант» басылымының хабарлауынша, SSJ 100 ұшағы бар маршруттар мен рейстердің кейінге қалдырылуы қалыпты жағдайға айналған. Шереметьевода болған апаттан кейін бір аптаның ішінде «суперджеттің» 50 рейсі кейінге қалдырылған.

- «Суперджетпен» жолға шығатын рейстердің ұшпай қалуы, кейінге қалдырылуы жиі кездеседі. Ұшақтың техникалық сипаттамасы нашар. Содан ұшпай қалады. Ал Шереметьевода болған оқиғалардан кейін бұқара мен БАҚ «суперджетті» көзден таса қалдырмайтын болды. Ал әуе компаниялары тағы да бұқараның сынына қалмас үшін «суперджетті» ұшырудан аяқ тарта бастады, - деп жазады басылым.

SSJ бұзыла береді

«Ведомости» басылымының хабарлауынша, 2011 жылы шығарылған «суперджеттердің» кейбірінің қазір қозғалтқыштары «кетіп» жүр. Ал оны жөндеу қымбат, қосымша бөлшектері табылмайды.

Біріккен қозғалтқыш құрау корпорациясы қазір 22 «суперджетке» жаңа қозғалтқыш керектігін айтады. Олардың кейбіріне SaM146 ұшағының қозғалтқыштары қойыла бастаған.

Айта кеткеніміз жөн, соңғы бір аптаның өзінде Ресейде «суперджеттің» кесірінен тағы екі апат орын ала жаздады. 1 қараша күні-ақ қозғалтқышы «сыр беріп» апатты жағдайда кеп Түмен қаласына қонған ұшақ та дәл осы Sukhoi Superjet-100 болатын.

Ал 8 қараша күні Мәскеу қаласына кеп апатты жағдайда қонған «суперджеттің» бір жақ қанаты істен шыққан. Қуанышқа орай, екеуінде де зардап шеккендер болған жоқ.

Қазақстан неге сатып алуға мәжбүр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жолдаған жолдауында авиабилеттердің құны аспандап кеткенін мәселе етіп көтерген болатын. Осыдан кейін әуе компаниялары мен Азаматтық авиация комитеті билет бағасын арзандатудың жолдарын ұсына бастады. Ал ондай амалдардың бірі жаңа ұшақ сатып алып, маршруттарды көбейту болатын.

Қазақстандық әуе компаниялар, негізінен, А320/Boeing-737, А330/Boeing-767 ұшақтарын сатып алғысы келеді. Алайда Ресей Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқа мемлекеттерден тауар енгізерде жеңілдік беретін Кедендік одақ комиссиясының №130 шешімін 2032 жылға дейін создыруға келіспей отыр. А320 бойынша жеңілдік 2023 жылы, А330 бойынша 2025 жылы аяқталады. Ал 2032 жылға дейін қазақстандық Air Astana мен SCAT-қа 60 жаңа ұшақ қажет. Осы мақсатпен Қазақстан жеңілдікті 2032 жылға дейін ұзартуға тырысуда. Егер жеңілдік болмаса, ұшақ құнына қосымша $500 млн төлеуге тура келеді. Соың салдарынан әуе билеті қымбаттауы мүмкін.

Ал Ресей Қазақстан «Суперджетті» лизингке алуға келіссе, онда №130 шешімін 2032 жылға дейін ұзартуға келісетінін мәлімдеген. Осының кесірінен Қазақстан Ресейдің арзан ұшағын алуға мәжбүр болып отырғанға ұқсайды.

Ал Ресейдің 15 ұшағын Қазақстанның қай әуе компаниясы алады деген келсек, онда 2015 жылдан бері  ресейлік компаниямен ұшақ алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан SCAT компаниясы алатын болса керек.

Тағы оқи отырыңыздар:

Ресей сатылмай жатқан ұшақтарын Қазақстанға сатпақшы