Саясат
Ресейден инвесторлар қорқады
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің кеңесшісі болған, алайда елдегі саяси қуғынға байланысты қазір Францияға қоныс аударған, Париж Саяси ғылымдар мектебінде білім беретін, экономист ғалым Сергей Гуриев қазақстандық Forbes.kz басылымына сұхбат берген екен.
Ғалымның Қазақстанның инвестициялық қуаты жайлы айтқандарын қазақ оқырмандарына жеткізуді жөн көріп отырмыз. Гуриевтің айтуынша, Қазақстанның шетелдің инвесторларды тартуға басымдылығы көп. Еуропа қалпына келтіру және даму банкінде жұмыс істеген Гуриев банк бөлімшелері орналасқан 37 елдің экономикасының арасында Қазақстанның экономикасы, салыстырмалы түрде, жақсы екенін әрі инвесторлардың жұмыс жасауына қолайлы екендігін айтады.
- Қазақстанда адам капиталы жақсы дамыған. Мәселен, көрші Өзбекстанды алып қарасақ, бизнес-элита нашар, мемлекеттік басқару сын көтермейді, халықаралық білімі бар адамдар аз. Ал оның жанында Қазақстанның жағдайы әлдеқайда жақсы. Одан бөлек, Қазақстанның ең үлкен басымдығы – Ресей мен Қытай нарығына жақындығы. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасына қатысқысы келетін инвесторлар көп. Оның үстіне, қазір Батыс пен Қытай Орталық Азияға таласып жатқаны белгілі. Ал Батыс елдері (АҚШ пен Еуроодақ) Қытайға қарсы күрес тудыру үшін әрі оның Орталық Азияны өзіне қаратып алудан қызғанып, Қазақстанға көптеп инвестиция құя бастауы мүмкін. Былайша айтқанда, инвестицияны Қытайға қарсы жұмсақ қару ретінде қолданбақ. Сондықтан Қазақстанның болашағы өте зор, - дейді ғалым.
Қазақстанның басты басымдығы – Ресей нарығына шығу болғанымен, ғалым Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу арқылы біршама зиян шегіп жатқанын айта кетті.
- Егер Еуразиялық экономикалық одақ құжатта жазылғандай орындалса, Қазақстанға да, Қазақстанға қаржы құйғысы келген инвесторларға да пайдасы мол болар еді. Өкінішке орай, білесіздер ғой, Ресейдің қылығы қандай екенін. Ресей серіктестерімен дұрыс жұмыс жасай алмайды. ЕАЭО-та бәрі теңқұқылы болғанымен, бір мемлекеттің билігі басым екені ешкімге де жасырын емес. Мынаны түсінген жөн. Егер Ресей өзінің нарығы үшін заң бұзу қажет болса, ол оны істейді. Ресей үшін бұл одаққа экономикалық одақтан гөрі, саяси жоба ретінде қарайды. Ал инвесторлар Ресейдің қағазда жазылған міндеттерін үнемі орындай бермейтінін біледі, - дейді Гуриев.