Bugin

«Сайрагүл ісі - 2»: Қытай қысымынан қашып, шекара кесіп өткен қазақ әйелінің соты басталды

«Бірінші постан әйелдерге жәрдемдескен болып, тауарды итеріп өтіп кеттім»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы жылдары Қытайдағы азшылық ұлттарға жасалып жатқан қысымның әсерімен шекара кесіп өтушілер көбейіп кетті. Кеше қоғам алдына ашық шығып, «Атамекенімнен пана іздеп келдім» деген төрт азаматтың бірі Қайша Ақанның алғашқы сот отырысы өтті.

Қарашаның 12-сі Алматы облысына қарасты Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында Қазақстан-Қытай шекарасынан заңсыз өткен ҚХР азаматы, этникалық қазақ Қайша Ақанның ісі бойынша сот процесі басталды.

Алғашқы сот отырысына Қайша Ақанның адвокаты Айман Омарова, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығының, «Отандас ел», «Ата жұрт» ұйымының өкілдері қатысты. Алайда Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің «қырсық» өкілдерінен ешкім келген жоқ.

Пана сұрап келген Қайша Ақанның сөзінше, ол былтыр мамыр айының 7-сі Қазақстанға Қорғас кеден бекеті арқылы, саудагер әйелдермен көпшілікке ілесіп өткен.

Ал биыл тамыз айында өз еркімен ҰҚК-ға барып, лажсыздықтан шекарадан заңсыз өткені туралы хабарлаған. Содан соң бірден қылмыстық іс қозғалып, сот басталған.

Ол шекарадан заңсыз елге келген тұста қоғамдық резонанс тудырған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың атышулы ісін сырттай бақылағанын айтады. Өз тағдырын Қазақстанда уақытша паналап, босқын мәртебесін ала алмаған соң, Швецияға бас сауғалап кеткен Сайрагүлдің тағдырымен ұқсатады. Оның айтуынша, Қытайдағы Іле-Қазақ автономиялық ауданының полициясы оған «қайта тәрбиелеу лагеріне» қамалатынын ашық ескерткен. Осыдан кейін Қазақстанға кетуге бел байлап, ҚХР шекарасына үш рет келген.

– Қолымда Қазақстанның визасы бола тұра жібермеді. Шетелге шығуға тыйым салынғандар тізіміндесің деп қайтарды. Қазақстаннан пана іздеп келдім. Мені Қытайға қайтармауды сұраймын. Қытайда мені саяси қуғын күтіп тұр, – дейді ол.

Қайша Ақан сот барысында «Қазақстан шекарасынан заңсыз өткенін» мойындап, бұған Қытайдағы аз ұлттарға жасалатын қысымнан сескенгендіктен барғанын айтып ағынан жарылды.

– Шекарадан өту үшін бір адаммен сөйлестім. Ол менен 1,5 миллион теңге сұрады. Ондай ақшам жоғын айттым. Кейін бар ақшама келісіп, Қазақстанға қарасты жерге алып келді. Қалтамда теңге болмаған соң юаньмен бердім. Кейін ол мені кеденге әкеп бір адамдармен сөйлесіп, мені саудагерлерге қалдырып кетті. Кеденде жүк өткізетіндер көп, қарбалас болды. Сол кезде құжат тексеретін адам біреу шақырып кеткен кезде саудагер әйелдер маған «ал енді тауарды итер, еңкейіп өт, басыңды көтеруші болма» деп ескертті. Бірінші постан әйелдерге жәрдемдескен болып, тауарды итеріп өтіп кеттім, – дейді.

43 жастағы Қайша Ақанның қарт шешесі мен бұрын ажырасқан күйеуінің қолында жалғыз ұлы Қытайда қалған. Бүгінгі таңда Алматы қаласында пәтер жалдап тұрады, тұрақты жұмысы жоқ. Ол 11 қараша Алматы қалалық көші-қон полициясынан «Пана іздеуші тұлға» құжатын алған көрінеді. Судья келесі сот отырысын 22 қарашаға белгіледі.

Жоғарыда айтқан төрт қазақтың үшеуі: Еуропадан пана тапқан Сайрагүл Сауытбай мен шарасыздықтан шекара асқан Қастер Мұсханұлы мен Мұрагер Әлімұлы.