Авторлық ертегі

Асыл арман (ертегі)

Арман алысқа жетелейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ертеде Алдияр атты патша өмір сүріпті. Патша өте әділ, парасатты әрі жүрегі мейірімге толы жан болса керек-ті. Өзі басқарып отырған хандықта татулық  орнатқан Алдияр хан көрші  мемлекеттермен де өте жақсы байланыста еді. 

Ал патшалықтағы әрбір адам ханның тілеуін тілеп, берекелі тіршілік етіп, әр күнін мереке деп санап, Аллаға шүкіршілік айтудан жалықпайтын көрінеді. Алайда Алдияр хан алтын тақтың иесі, бүтін бір патшалықты басқарып отырған мықты билеуші атанса да, өзін әлемдегі ең бақытсыз адам сезінетін. Себебі ай десе аузы, күн десе көзі бар, ақылы көркіне, аты затына сай Айгүлім патшайым мен Алдияр хан бір перзентке зар еді. Патша өзінің ізбасары, мұрагері болғанын қатты қаласа да, қанша қайғырса да, қосағының көңілі түспес үшін ләм-мим деп, тіл қатпайтын. Алайда парасатты патшайым мұның бәрін естімесе де, іштей сезіп, жаны күйзелетін. Күндер зырғып өте береді. Бір күні хан мазасыз ойлардан арылу үшін нөкерлерін алып, аңға шықпақшы болады. Жолға шығар алдында Айгүлім патшайымға жолығады. Сол сәтте патшайым ханға:

- Хан ием, сізді алаңдататын ойлар менің де жаныма тыныштық бермей, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Көңіліңізді сергітіп, бой жазып келгеніңіз жөн-ақ. Бүгін таңсәріде көзім ілініп кетіп, ерекше түс көрдім. Түсімнің мәнісін өзім де түсіне алмадым. Сіз жапан далада жалғыз жортып, жаяу келе жатырсыз. Кенет кілт тоқтадыңыз да, аспанға ұзақ қадала қарадыңыз. Бір кішкентай сәбиді самұрық құс көкке көтеріп бара жатыр екен. Ең қызығы, сәби сізге «әкетай, мені құтқарыңыз» деп,тіл қатты. Cіз жанұшыра талпынып, әйтеуір сәбиді аман алып қалдыңыз. 

Алдияр патша  әйеліне мейірлене қарап, тіл қатты:

- Расында да, ерекше түс көрген екенсің Айгүлім. Тек жақсылыққа жориық, – деді де, аттанып кетеді.

Алдияр патша жол бойы өзі естіген түсі жайлы ойлап, алабұртқан көңілін бір баса алмайды. Өзі жалғыз қалғысы келіп, серіктерінен бөлініп кетеді. Жанындағы нөкерлері ханның бұл әрекетіне қайран қалады. Алдияр хан елсіз, жапан түзде жорытып келе жатса, алыстан қарауытып, жұпыны үй көрінеді. Өзін қатты қызықтырған соң, үй иелерінің кім екенін білгісі келіп, бағытын өзгертіп, аттың басын бұрады. Үйге жақындаған сайын іштен баланың жылаған даусы анық естіледі. 

Ханның жүрегі бір жамандықты сезгендей, шапшаң қимылдап, әр адымын алшаң басып, үйге кіреді. Қараса, жерде сұлқ жатқан әке мен шеше. Жандарында өз дауысынан өзі үркіп, қатты жылап сәби отыр. Хан сәбиді жерден көтеріп алып, нөкерлеріне хабар береді. Елге келгеннен соң Айгүлім патшайымға болған жайдың барлығын баяндап береді. Сонда патшайым өзінің таңсәріде көрген түсінің бекер емес екенін түсініп, сәбиді өз баласындай асырап, бағып-қағу қажет екенін айтады. Хан да дәл осы ойдың дұрыс екенін түсініп, жетімді жылатқысы келмей, оған барынша мейірім төгетінін, өз баласындай жақсы көретінін патшайымға білдіреді. Сәбиді Жігер деп Алдияр ханның өзі ат қояды. Кішкентай кезінен бастап Жігер өте ақылды болады. Өз қатарластарымен ойын ойнаудың орнына қолына қалам мен қағаз алып, сурет салуға кірісетін. Мұны байқаған ханның да көңілі марқайып, бойын мақтаныш сезімі кернейтін. Жігер туған ата-анасының кім екенін білмей, хан мен патшайымның мейіріміне бөленіп, бақытты балалық шағы өте береді.                                                   

Жыл артынан жыл өте береді. Күндердің бір күнінде Айгүлім патшайым дүниеге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Төбесі көкке жеткен Алдияр патша баласына Әли деп, азан шақырып, ат қояды. Әли кішкентайынан қызуқанды, әр нәрсенің байыбына бара бермейтін. Ойын десе, ішкен асын жерге қоятын. Тіпті, ата-анасының айтқан кеңестерін де мүлдем тыңдамайтын. Ағасы Жігерді қатты қызғанатын.

Уақыт өте береді. Жігер де, Әли де ер жетеді. Ал Алдияр патша таққа мұрагер сайлау қажет екенін анық ұғынып, қай баласына тапсыру қажеттігі жөнінде көп ойланады. Ақыры Алдияр патша Жігерді хан сайламақ болады. Осы кезде Әли Жігердің өзінің туған ағасы емес екенін біліп, әкесінің неліктен мұндай шешімге келгенін білу үшін хан сарайына барып, кедей отбасынан шыққан Жігердің хан болуын құптамайтынын, өзінің таққа тікелей құқылы екенін айтады. 

Сонда әкесінің берген жауабы:

- Иә, балам, барлығы орынды. Жігерді жапан түзден тауып алдым. Алайда оны өз баламдай бағып-қағып, өсірдім. Адамдардың жағдайын түсініп, әрбіріне мейіріммен қарайтын Жігердің бойындағы ерекше дарыны мен үлкен арманы - оны мақсатына жетуге жетелейтін күш. Ол үшін байлық та, тақ та маңызды емес. Ал сенің бар арманың - тек таққа отыру, билікке қол жеткізіп, патша болу. 

Осы сәтте Жігер сырттан кіріп келіп, Әлиге қарап, былай дейді:

- Әли, бауырым, мен сені туған інімдей жақсы көремін. Мені жапан даладан тауып алып, өлім аузынан арашалап қалған Алдияр патшаға алғысым шексіз. Айгүлім патшайым да өз баласынан артық жақсы көріп, қолда барын ұсынды. Менің азамат боп, ер жетуімнің негізгі себепшілері - қарсы алдыңда отырған әкем мен анам! Туған баласына төккен мейірім шуағын маған да көрсете білген жандарға алғысым шексіз. Бірақ саған айтарым бар. Нағыз кедей адам – ақшасы жоқ адам емес, арманы жоқ адам. Суретші боламын деген асыл арманымды орындау үшін, жаһанды кезіп, талай әдемі шаһарларды көріп, суреттерін қағаз бетіне түсіру үшін алысқа кетіп барамын.    

Расында да, Жігер өз арманын орындады. Әлемге аты мәшһүр суретші атанды. Ал Әли өз халқының түбіне жетіп, тоз-тозын шығарды. Жігер Алдияр хан мен Айгүлім патшайымның жарқын бейнелерін мәңгілік жүрегінде сақтады. Армансыз адам, қанатсыз құспен тең екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Асқақ армандар адамды шыңға жетелейді, биікке ұмтылдырып, өмірдің мәнін ұғынуға себепші болады.