Экономика
Ауадан ақша жасау
Соңғы жылдары елде ескі көліктерді утилизациядан өткізу бағдарламасы жиі насихатталуда. Бұл бағдарлама 2016 жылы іске қосылған. Бағдарлама аясында ескі көліктерін утильге өткізген қазақстандықтарға «Оператор РОП» компаниясына 48 мың теңгеден 150 мың теңге көлемінде ақша төлеп, жаңа көлік алуға жеңілдік береді. Бұл компания бізге, қарапайым халыққа, осы қырынан ғана таныс.
Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында кездескен «Байтақ болашақ» экология қауымдастығының президенті Азаматхан Әміртайдың айтуынша, «РОП» компаниясы – мемлекетке зор шығын келтіріп, ел экономикасының жыл сайын 150 млрд теңгесін сұраусыз тартып алып, шығындап жатқан масыл компания. Мұны kz.media сайты хабарлап отыр.
«Мемлекеттің міндетін» қалтасына басып отырған «РОП»
2016 жылы Қазақстанда жеңіл, ауыр және жолаушылар көлігіне кәдеге асыру салығы (утилизационные сборы) енгізілгені белгілі. Одан бөлек, шина, аккумулятор, май, арнайы сұйықтық, қаптаманың барлық түрінен (қағаз, картон, шыны, пластмас, металл), электр және электронды құрал-жабдықтардан да (тұрмыстық техника, электроника, батарейка, сынақ қоспасы бар шамдар) салық жиналуда. Ал ең қызығы, салық мемлекеттікі болғанымен, ол бюджетке емес, жоғарыда аты аталған «РОП» компаниясының тікелей қалтасына кетіп жатқан көрінеді. Яғни, мемлекеттік салықты жеке компания енгізіп, сол жинап отыр. Ал бұл – салықтан түскен ақша жеке адамның қалтасына кетіп жатыр деген сөз.
- Биыл жазда Қазақстанда ауыл шаруашылық техникаларына да кәдеге асыру салығы енгізілмек болды. Алайда шаруалар жаппай көтерілген соң, салық кейінге, қараша айына қарай қалдырылған еді. Бірақ салықты алып тастау туралы сөз болған емес, тек кейінге қалдырылды. Демек, ерте ме әлде кеш пе, енгізілері айдан анық, - деп жазады KZ.expert.
Мемлекеттің атынан салық жинап отырған аталмыш компания мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелерге бағынышты бола тұра, ешқандай есеп-қисап тапсырмайды. Есебі бәрі жасырын. Жұмсап жатқан шығындарынан да тартынып отырған жоқ. «РОП»-тың бұлай тізгінсіз кетуінің себебі енді белгілі болды.
- Біздің инсайдерлік ақпарат көздеріміздің хабарлауынша, аталмыш компанияның иесі елбасының қызы – Әлия Назарбаева екен, - деп жазады kz.media.
Кәдеге асыру салығы деген не?
Салықтың бұл түрі Еуропадан бұрыннан бар. Ал Ресейде 2010 жылы, Қазақстанда 2016 жылы енгізілді. Еуропа экологияны қорғау үшін және табиғатқа зияны бар тауарларды жоюға кеткен шығынды жабу үшін кәдеге асыру салығын (утилизационные сборы) ойлап тапты. Оны, негізінен, өндірушілер төлейді. Яғни, жаңа автокөлік жасап шығарған өндірушілер әрбір көлікке кейін оның темір-терсегін жою үшін мемлекетке кәдеге асыру салығын төлеуі тиіс.
Ал импорттық тауарларға кәде салығын Қазақстан тұрғындарының өзі төлеуі тиіс. Мәселен, шаруа Белоруссия мен Ресейден трактор сатып алды десек, оның кәдеге асыру салығын өз қалтасынан төлейді.
Аталмыш салықтың мақсаты, жоғарыда айтқанымыздай, экологияны қорғау, зиянды қалдықтарды азайту.
Әлия Назарбаеваның да соңғы уақыттары экология тақырыбын жиі көтеріп, ірі іс-шаралардан төбе көрсетіп жүргені содан. 10-11 сыныптарға арналған «Экология және тұрақты даму» оқулығын жазған, 6-7 сыныптарға арналған «Экологиялық тәрбие» курсын ұйымдастырған авторларды қатарында Әлия Назарбаева да бар.
Үш жылда 1 млрд доллар пайда тапқан
Ал Назарбаеваның компаниясы қалай ақша тауып, қалай жымқырып отырғанын Азаматхан Әміртай былай деп сипаттап береді.
- «РОП» ЖШС-не әрбір автодөңгелектен 37 теңге салық түседі. Яғни, салық алады. Оның шамамен 7 теңгесі операциялық шығындарға кетеді. Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «операциялық шығын» дейтін шығын түрі атымен жоқ. Қалған ақшаның, шамамен, 26,5 теңгесі транспорт шығынына, яғни, тасымалдау мен жүктерді тасуға кетеді. Бір шинаны тасуға 26 теңге кететіндей, олар не, Тесламен жүк тасып жүр ме не? Мұның барлығы, жалпақ тілмен айтсақ, ақшаны қалтаға басудың амалы ғана. Сонда шинаны өңдеуге салықтың өзінен 3,5 теңге ғана қалады. Ол неге жетеді? Утилизацияға «көмек» деп осыны айт, - деп жазады Әміртайдың сөзін ҚазТаг.
Азаматхан Әміртайдың айтуынша, «РОП» компаниясы дөңгелек пен шина өңдеуге, кәдімгідей, зиянын тигізіп отыр. Соның кесірінен, елордадағы шина өңдеумен айналысатын зауыт жабылып тынды.
- Өйткені зауытқа шикізат жетпей қалды. Автошиналардың барлығын «РОП» сатып, тасып әкетіп жатыр. Бұрында тасымалдаушылар дөңгелектердің зауытқа өздері әкеп тапсыратын. Қазір оны «РОП» жинап әкетеді. 2016-2017 жылдары «РОП» компаниясы зауытқа шина өңдегені үшін 120 млн теңге төлейді деп болжам жасалған еді. Бірақ төлеген жоқ, - дейді Азаматхан Әміртай.
Зауытты кәсіпкерлер несие алып салған екен. Несиені төлей алмағандықтан, сот бүкіл мүлкін тәркілеп, акционерлері қарызға кірген.
- Тұрғындарға жұмыс орнын ашып, экологияға пайдасы тиіп отырған зауыт жабылып тынды. Нақтырақ айтсақ, жауып тастады, - дейді экологиялық қауымдастық президенті.
«РОП»-тың тауып отырған пайдасы да адам таңқаларлық.
- 18 млн халқы бар Қазақстаннан «РОП» компаниясы 2018 жылдың өзінен салықтан 400 млн доллар пайда тапқан екен. Ал 147 млн тұрғыны бар Ресейден былтыр кәдеге асыру салығынан 30 млн доллар ғана пайда тапқан. Салыстырып көріңіздер енді, - дейді Әміртай.
Егер шаруа қожалық иелеріне де салық енгізетін болса, онда қосымша 78 млн доллар пайда көретін көрінеді.
Осындай жанайқайымен президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жолыққан экологиялық қауымдастықтың басшысы енді бар үміт мемлекет басшысында деп отыр. Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Тоқаевқа «РОП» компаниясын мемлекеттік меншікке өткізіп, оны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне беруді өтінген.