Bugin

«Жемқор жүйе»: Алматыда тағы бір судья парамен ұсталды

Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарлауынша, Бостандық ауданының судьясы пара алу сәтінде ұсталған.

Арнайы операция ҚР Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесе отырып атқарылған.

Судья азаматтық іс бойынша шешімді кейінге қалдырғаны үшін бұрын алған 3 мың доллар көлеміндегі параны сенім білдірген тұлға арқылы қайтару кезінде әшкереленген.

9 қарашада судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруға Бас прокурор келісім берді. Жемқорлық фактісіне қатысты сот өз жұмысын бастады.

Өткен айда осы тақілеттес айыппен, жаңаөзендік судья Сейлханова 500 мың теңге пара алғаны үшін Ақтау қалалық сотының үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.

Биыл қаңтарда жарияланған Transparency International ұйымының есебінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 124-орынға жайғасқан. Зерттеуші халықаралық ұйымның атқарушы директоры Ольга Шиянның сөзінше, TI есебінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылымын коррупция жайлағанын, ал ішкі істер министрлігі өзіне жүктелген қызмет міндетін атқаруға «дәрменсіз» органға айналғанын атап көрсеткен.

Transparency International «Қазіргі кезде Ресейден бастап Әзербайжанға дейін, Украинадан бастап Өзбекстанға дейін көптеген елдерде көбіне авторитарлық басқару кесірінен демократиялық институттар мен нормаларға қатер төніп тұр. Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді. Мемлекеттік сектордағы коррупциямен күресте саяси ерік-жігердің жоқтығы азаматтардың саяси құқықтарын бұзады, соның кесірінен адамдар кейін әсері қалай болады деп алаңдап, ой-пікірін ашық білдіре алмайды, шеру өткізу және бірігу бостандықтарын пайдалана алмайды» деген ұйым баяндамасында. Елдегі жең үшынан жалғасқан жемқорлықтан әбден зәрезап болған азаматтық қоғам белсенділері «парамен ауызданған сот жүйесі қажытты, күн сайын Ақордаға әділдік, ақшаға сатылған «шындық» үшін шыр-пыр болып сабылаған жұрт соның дәлелі» деп санайды.

Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? «Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын» сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?