Weekend
Бірі әнші, бірі ғарышкер, бірі композитор, бірі продюсер
Танымал тұлғалардың қасиетті мекені, 1909 жылы салынған шұға фабрикасымен бүкіл Қазақстанға аты шыққан болатын. Бүгін Қарғалы ауылынан шыққан қазақтың маңдайына біткен танымал тұлғалары туралы айтуды жөн көрдік.
Әсет Көпбайұлы Бейсеуов 1938 жылы 13 қазанда Алматы облысы Жамбыл Ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі, композитор. Ол 1960 жылы Қазақ ұлттық консерваторияны (бұрынғы Алматы консерваториясын) В.В.Великановтың класы бойынша бітрген. Әсет Бейсеуов қазақ эстрадасында музыканың дамуына үлкен үлес қосты. Оның "Алмалы Алматым", "Гүлдер", "Шақырады көктем", "Мұңайма", "Алтыным", "Маралдым", "Сандуғаш", "Сырласу вальсі", "Жұлдызым", "Армандастар", "Жайықтан қайтқан тырналар" атты туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Сонымен қатар Әсет Бейсеуов С.Балғабаевтың "Қыз жиырмаға келгенде", Ә.Тауасаровтың "Аса құрметті Икс" спектакльдері мен "Көртышқан мен қоян кинофильміне, "Алдар көсе", "Жаздың соңғы күні" телефильмдеріне музыка жазды және көптеген ән жинақтары жарық көрді.
Еңбек жолы
1961 - 1964 жылдары Текелі қаласының музыка мектебінде мұғалім қызметінде болды;
1964-1966 жылы Мәдениет үйінде қызметкер;
1966 - 1967 жылы Есік музыка мектебінде мұғалім;
1967 - 1968 жылы Ұзынағашта Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі;
1969-1974 жылы "Гүлдер" ансамблі;
1974 - 1980 жылы Қуыршақ театрында жұмыс істеді.
1972 жылы Әсет Көпбайұлы Қазақстан комсомол сыйлығының иегері атанды.
Қарғалы ауылында Әсет Бейсеуов атындағы мектеп бар.
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда дүниеге келген. Ол қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, авивция генерал-лейтенанты, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы. Талғат Мұсабаев 1974 жылы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын бітірген, инженер. 1994 жылы Союз ТМ-19 экспедициясында 1-ші рет ғарышқа ұшып, аспан әлемінде 126 күнін өткізген.
1998 ж. ғарышқа 2-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-27 экпедициясы) 208 күнін ғарышта өткізген. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны енген. Ғарышқа ұшқанда америка ғарышкері Л. Эйартс пен ресей ғарышкері Николай Бударинмен, ал қонғанда ресей ғарышкерлері Николай Бадурин мен Юрий Батуринмен бірге болды.
Талғат Мұсабаев 2001 жылы Союз ТМ-32 экспедициясында ғарышқа 3-ші рет ұшып сол жерде 8 күнін өткізеді. Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы демекші Талғат Амангелдіұлы ән айтқанды, сонымен қатар фортепиано пен гитарада ойнағады жаны сүйеді. Жұбайы — Мұсабаева (Лацис) Виктория Вольдемаровна тіс дәрігері. Отбасында екі баланың әкесі. Ұлы-Мұсабаев Данияр Талғатұлы 1975 жылы туған өмірге келген. Қазақстанның ІІМ әскери қызметкері. Қызы — Мұсабаева Кәмилә Талғатқызы 1981 жылы туған.
Марапаттары
Қазақстан Республикасы:
1995 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді
1995 жылы «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы;
1998 жылы «Отан» ордені
«Барыс» 1-ші дәрежелі ордені
1999 жылы «Астана» медалі
Ресей Федерациясы:
1991 жылы «Дружба народов» ордені
1994 жылы «Герой Российской Федерации» атағы
1994 жылы «Лётчик-Космонавт РФ»
1998 жылы «За заслуги перед Отечеством» 3-ші дәрежелі ордені
«За заслуги перед Отечеством» 2-ші дәрежелі ордені
Аустрия Республикасы:
Аустрия Республикасының ордені
Америка Құрама Штаттары:
1998 жылы «Ғарышқа ұшқан үшін» NASA медалі
Нағима Есқалиева 1954 жылы 3 ақпанда қарапайым отбасында дүниеге келген әнші, ҚР халық әртісі, профессор. Оның ата тегінің қонысы Ақтөбе облысы. Әкесінің аты – Қабыл, анасы – Асыл. Ол бала кезінен актриса болуды армандады.
Нағима Қабылқызы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде (бұрынғы эстрада цирк студиясында) білім алып, 1973 жылы тәмамдады. Оның ұстазы Қазақстанның әйгілі өнерпазы – Лаки Кесоглу болды. Сонымен қатар Алматы музыкалық училищесін (хорға дирижерлік жасау бөлімін) бітірген.
Есқалиеваның есімі 1979 жылы “Әнмен өрнектелген өмір” Бүкілодақтық жас әншілер сайысынан соң эстрадалық музыканы сүюшілер арасында танымалдыққа ие болды.
Жастардың «Алло, мы ищем таланты!» сайысында дипломант атанды. Оның осы сайыста өнер көрсетуі үлкен мүмкіндікке жол ашты.
ХІХ Халықаралық эстрада әндеріне арналған «Алтын Орфей» фестивалінде бірінші сыйлықты иеленді.
Әнші даусының диапазоны кең, эстрадалық музыка мәнерін жақсы сезінеді. Оның репертуарында әр түрлі жанр мен бағыттағы қазақтың халық әндері мен қазіргі замандық композиторлар әуендері бар. К. Дүйсекеевтің “Сәлем саған, туған ел”, С.Бәйтерековтың “Күнге табыну” және тағы басқа әндер Нағима Есқалиеваның орындауымен айтылды.
Ол 1996 жылы Қазақстанның талантты балалары үшін эстрадалық шеберлік студиясын ұйымдастырды. Нағима Қабылқызы Есқалиева 1984 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ол музыка өнерпаздары арасында Қазақстанның «Халық әртісі» атағы берілген ең соңғы әртіс.
Марапаттары
2013 жылы Құрмет ордені
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры
1999 жылы Қазақстан халық әртісі
1985 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты
Рашид Дайрабаев 1967 жылы 15 мамырда көп балалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы алты баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Рашид Якубжанұлы № 1 Қарғалы орта мектебінің 8 жылдық сыныбын бітіріп, 1983 жылы Мәскеудегі ПТУ — ға, кейіннен мәдени-ағарту училищесіне түседі. Ол айтулы азамат болмастан бұрын пошташы, аула сыпырушы болып та жұмыс істеді. Кеңес Армиясы қатарында Белоруссия әскери округінің штабында қызмет етті. Әскерден кейін Мәскеу педагогикалық институтына оқуға түсті. Мәскеуде сырттай несие-қаржы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген.
Ресейдегі танымал әншілердің менеджері және продюсері болды. 1987-1991 жылы "Ласковый май" тобының және 1999-2005 жылдары әнші Николай Басковтің директоры болған.
Өмірінің соңғы жылдары ресейлік эстрада әртістерінің гастрольдік турларын, жас әртістердің тәлімгері болып, "мұз дәуірі"сияқты үлкен бағдарламаларды ұйымдастырумен айналысты. Рашид Дайрабаев көп әншінің жұлдызды жолында өсуіне, танымал болуына мүмкіндік берген ұстаздардың бірі.
Рашид Дайрабаев 2013 жылдың 28 ақпанында Мәскеудің 51-ші ауруханасының жан сақтау бөлімінде жүрегі ұстап, есін жимастан көз жұмды.