Түркі әлемі

Ұлттық өнер ұмыт қалмасын

Ұлттық өнеріміз жайлы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Елбасы айтқан ұлттық кодтың бірі – ұлттық өнер. Бүгінде сол ұлттық өнеріміз қай деңгейде, қазіргі ахуалы қандай, осы жайлы сөз қозғасақ…

Сонау ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық өнеріміз қашанда қымбат, қашанда қастерлі. Дәстүрлі ән, күй – бұлардың қай-қайсысы болмасын Ұлы дала елінің бренді, әлемге ұялмай көрсете алатын символы. Бірақ бүгінгі таңда сол құндылықтарымыздың кей жағдайда ескерілмей жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Дәстүрлі ән өнеріне деген сұраныс аз бұл күнде. Бір кездері Ақан, Біржан, Әміреден бастау алып, бертін келе Ғарифолла, Кенендермен жалғасқан дәстүрлі өнердің қадірі кетіп-ақ тұр. Оның орнын Абайша айтсақ, есер ән, даңғаза әуен басты. Бүгінгі қазақ әні «зың-зың» мен «чип-чиптен» әріге аса алмай тұр. Әрине, эстрадалық әндер қазаққа жат дүние деуден аулақпыз. Олай дейтін болсақ, Шәмші мен Нұрғисалардың әуезді әндерін жоққа шығарғанымыз болар. Қазіргі кезде де құлаққа жағымды есті әндер баршылық. Дегенмен сол есті әндер «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған есер әндердің тасасында қалып жатқаны талассыз шындық. Кейбір әнсымақтардың әуенінен ән, мәтінінен мән таба алмай қиналатынымыз бар. Сондай кезде Шәмші мен Нұрғисаның, Әсет пен Әбілахаттың әндерін есіңе түсіріп, жаныңды жұбатасың. Әнге деген талғамның төмендегені аздай, даусы барлар емес, аузы барлардың ән салып жүргені де жаныңа батады. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Дәстүрлі ән өнері осындай ән деуге келмейтін дүниелердің көлеңкесінде қалып барады. Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың сөзімен айтар болсақ, «Қажымұқан таланттардың орнын бөдене таланттар басып жатыр». Есіңді аударатын даңғаза музыкаға бүгінгі жас буын құмартып-ақ тұр.

«Етегін ашып билейтін есі кеткенше,

Эстрадаңды қайтейін есірген мына?!» – Бұл белгілі ақын Қалқаман Саринның өлең жолдары. Ойланған адамға өте мағыналы, ауыр сөз. Қазіргі қазақ ән өнері осындай дәрежеге түскені бәрімізді қынжылтады. Өкінішті, әрине.

Мың адам тыңдап, бір-ақ адам түсінетін күй өнерінің де жай-күйі оңып тұрған жоқ. «Күй – бұл қазаққа ғана тән өнер» деп сөйлегенде ауыздыға сөз бермейміз-ау. Алайда сол киелі өнердің бағасына жете алмай жүрген жайымыз бар. Бүгінде көгілдір экранды қосып қалсақ, у-шуға толы хабарлар, құлағыңды қажайтын әндер, сиықсыз шоулардан көз сүрінеді. Ал күйдің құдіретін, дәстүрлі әннің киесін насихаттайтын танымдық бағдарламалар некен-саяқ. Көгілдір экран – өскелең ұрпақты тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Сол экраннан саф өнердің жауһарларын емес, қаптаған жын-ойнақты көріп өскен балдырғанның ертең қандай азамат болып өсетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Әкеге ұлының өлімін естірткен де, көбік шашып, кісен ашқан да осы күй емес пе еді?! Сондай ғажап өнерді насихаттай алмай отырғанда бүгінгі жастар эстрадаға есі кетіп жүр деп несіне кінә артамыз? Қазақтың маңдайына біткен қос бекзат өнеріміздің бүгінгі жағдайы анасынан айырылған жетім балапан іспетті. Рухани жаңғырам дейтін қоғамның келбеті мұндай болмаса керек-ті.

Жер-жерде ұлттық өнерді таныту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Бірақ та рухани жаңғырудың аясы мұнымен шектелмеуі қажет. Рухымыздың жаңғыруы тек жаңғырыққа айналмасын десек, ұлттық өнерге барынша қолдау, кеңінен насихат қажет. Киелі өнеріміз үстемдік құрса, міне, нағыз рухани жаңғыру сол болмақ.