Weekend
Қазақ экранының хәлі қалай?
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Ғұламаның осы сөзін бүгінде «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деп өзгертіп айтып жүргендер қаншама.
Расындада, қазіргі заманда елдің болашағы мен ұрпақтың келешегі «көгілдір экранға» тікелей байланысты. Бүгінде қай үйде болмасын, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін теледидарға телміріп отырғаны белгілі. Ал сол қазақ экраны қазақ көрерменінің сенімін қаншалықты ақтауда? Бұл күні қай телеарнаны қосып қалсаңызда, қаптаған шоулар мен сиықсыз бағдарламалардан көз сүрінеді. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулаған көп жобаның ішінде ұлттық рухты оятып, ұлтшылдыққа, отансүйгіштікке баулып жатқаны некен-саяқ. Шет елден көшіріліп алынған, инкубатордан шыққан балапандар тәрізді бірінен-бірі аумайтын саны бар сапасы жоқ кейбір телеарна туындыларының тыңдарманның құлағын қажап, жүйкесін жұқартып тұрғаны айдай ақиқат. Осындай дүниелер эфирден күні-түні сайрап, ал елдік, ұлттық мүддеге бағытталған бағдарламалардың экраннан көрінбеуі жанымызды жабырқатпаса, жадыратпасы анық.
Қазақи қалпымызға жат көптеген хабарлар телеарнаның рейтингін өсіргенімен, ұлттық болмысымыздың отын өшіріп жатқаны саналы адамды қынжылтпай қоймайды. Бұл қатарға айтуға аузың, көруге көзің ұялатын бейәдеп жарнамаларды да қосыңыз.
Осыған қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенованың аз-кем пікірін сұраған едік:
- Қазір көрерменнің сан алуан талғамына сай ана тілді арналарымыз бен ұлттық тіліміздегі түрлі бағдарламалар жетіп артылатын кең заманда теледидар уақытының басым бөлігін халқымыздың әдет-ғұрпынан алшақ реалити-шоу дегендер алуда. Оның көрермені көбінесе қыз-келіншектер қауымы. Эфирге дайындап шығаратын аутсорингтік компаниялардың айтуынша, көрермен қауымның басым көпшілігінің сұранысына ие ойын-сауық, танымдық форматтағы мұндай жобалардың «қолдан айқай-шу ұйымдастырып, адамдардың жеке ішкі өмірін талқылап, сары басылым әдістерін қолданбай», аудиторияны барынша жағымды дүниелермен баурауға күш салып, халыққа мейлінше интеллектуальды, танымдық-сараптамалық, ақпараттық өнім ұсынатын бағдарламаларының да барын жоққа шығарсақ жөн болмас. Өкінішке орай, солардың кейбірінің ғұмыры тым қысқа болатыны қынжылтады. Бір кезде елдің ыстық ықыласына бөленген көптеген танымдық бағдарламалардың көп уақытқа жетпей экраннан көрінбей қалды. Оның үстіне, қазіргі шет елден көшірілген сапасыз шоуларды көргенде қазақ телеарналарында жаңашыл ойлайтын, креатив мамандар тапшыма деген ойға қаласың, – дейді танымал қаламгер.
Ұрпақты тәрбиелейтін тағы бір басты құрал – ол кино. Кино – идеология, кино – тәрбие, кино – бизнес, кино – туризм. Түріктің «Сүлеймен сұлтан» атты танымал телехикаясы бар. Сол фильмдегі тарихи жерлерді көру үшін алыс-жақын шет елден мыңдаған турист Түркияға ағылған көрінеді. Міне, осыған қарап отырып, киноны бизнес пен туризмнің көзі екендігіне амалсыз иланасың. Қазақ халқының тарихы сол түріктердікінен бай болмаса, жұтаң емес. Алайда, неге екенін қайдам, біздегі тарихи кинолардың идея аясы тарылып, жоңғар соғысынан басқа тақырыпқа бара алмай жүр. Қыруар қаржыға түсірілген бір ғана «Көшпенділер» фильмінің өзі қазақ киносына деген сенімсіздікті ұялатты. Бұл кино жөнінде ерінбегеннің бәрі жазды, сынады. Әрине, «Қазақфильмнің» бар абыройы жалғыз «Көшпенділер» фильмімен өлшенбес. Бұған дейін де, бұдан кейін де талай тарихи фильмдер эфирге жол тартты. Арасында сәтті шығып қошеметке бөленгендері де, керісінше, сын садағына ілінгендері де бар. Бірақ сол құрметке кенелгендерден гөрі сын тезіне алынғандардың қарасы әлдеқайда жоғары.
Отандық телехикаялардағы орны толмас олқылықтар жайлы мүлде сөз басқа. Ондағы жасандылық пен көзбояушылық кино мамандарына ғана емес, көзіқарақты көрерменге де анық байқалады. Сөздік қолданыстағы өрескел қателіктер, әртістердің тіліндегі шұбарлық - осының барлығы қазақ тіліндегі телехикаялардың әлі де бір қайнауы кем секілді әсер қалдырады. Түрік пен кәрістің сериалдарына елтіген жұртты мұндай кинолар арқылы алдарқата алмайтынымыз анық. Сондықтан болар, кезінде Шәкен Айманов пен Абдолла Қарсақбаевтар түсірген киноларды әлі күнге малданып келеміз. Бұл корифейлер түсірген фильмдердің орны әрқашан төрде. Ел оларды көрген сайын рухани ләззат алады. Сол үшінде олар осы күнге дейін тұғыр биігінен түскен емес. Бір ғана «Менің атым Қожа» фильмі сол кездегі қаншама балдырғанның жүзіне күлкі үйіріп, елдің сүйіктісіне айналды. Талай бала осы кино арқылы тәрбиеленді, әлі де тәлім алып келеді. Ал қазіргі көптеген сұрықсыз фильмдердің ғұмыры қашанға дейін созылатыны беймәлім.
Әлемде кино саласының үздіктерін анықтайтын «Оскар» деп аталатын мәртебелі сыйлық бар. Отандық кинотуындыларда осы марапатты алу үшін жылда үміткер атанады. Алайда жыл сайын біздің кинолар жарыстың жарты жолына жетпей жатып-ақ шеттетіліп қалады.
Бірде «Жайдарман» ойындарының бір әзілкеші осыған қатысты «Оскар» сыйлығына «Белсене қатысқаны үшін» деген аталымды қосар болса, қазақстандық кинолар бірнеше мәрте жеңіп алар еді» деп әзілдегені бар еді.
Бір мезет залға жиналған қауымды күлдіру үшін ғана айтылса да, осы жеңіл қалжыңның астында қаншама зіл жатыр. Шынында, отандық кинолардың әлемдік киноиндустрияның есігінен ғана сығалауы үйреншікті әдетке айналғандай. Ал бұған кім я болмаса не нәрсе кінәлі? Бұл жағы бізге белгісіз.
Жас буынның тәрбиесінде кинодан бөлек, мультфильмдердің де алар орны ерекше. Қазақ анимациясы дегенде ең алдымен еске 1967 жылы Әмен Қайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі түседі. Қайдаров салған сара жолмен елімізде бірталай мультхикаялар түсірілді. Тек олардың бәрі жас көрермендердің талғамына сай келмей жатқан тәрізді. Себебі бүгінде барлық бала көк жәшіктен тек шет елдің мультфильмдерін тамашалауға құмар. Қабанбайды танымаса да Өрмекші адамды жатқа білетін, Бөгенбайды білмесе де Бетменді жазбай танитын балдырғандардың көбейгені бәріміз көзбен көріп жүрген шындық. Бесікте жатып Бэтменмен сусындап, жөргегінен Спанч Бобға еліктеп өскен бүлдіршін ертеңгі күні өз ұлтының емес, өзге жұрттың жыртысын жыртпасына кім кепіл?
Еліміздегі анимация саласының тұралап тұрғанын айтып, мамандар сан жылдан бері дабыл қағуда. Оған басты себеп – бұл салаға бөлінер қаржы тым мардымсыз, қолдау аз, маман тапшы. Рас, еліміздегі мультпликаторлар жақсылы-жаманды бірталай дүниені жарыққа шығарды. Бірақ олардың басым бөлігі балдырғандарды елітіп әкететіндей олардың психологияларына негізделіп түсіріле бермейді. Сондықтан ата-аналар амалсыздан балаларын Маша мен аю арқылы тәрбиелеп жатыр. Машаның іс-әрекетін көрген бала келешекте үлкендерге соны қайталап, тілазар болып кетпейді деп кім толық сеніммен айта алады? Ертеңгі күні Маша мен Спанч Бобты көріп ержеткен бала нағыз қазақ емес, дүбара болып шықса обалы кімге болмақ? Бұл сауалдың жауабын табу қиын. Жыл басында елімізде «Кинематография туралы» Заң қабылданғаны баршаға мәлім. Осы заң жобасына киносыншылар мен өнертанушылар зор үмітпен қарап отыр. Ол үміттің қаншалықты ақталатынын алдағы уақыт көрсетер. Бастысы, осының аясында қазақ киносы мен анимациясының бойына қан жүгіріп, қарыштаса игі еді.
Экрандағы олқылықтар мен өрескел қателіктер туралы бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Біздікі тек осыған үн қосып, экран туындылары қазақи болмысымыздан ауытқып кетпесе екен деген тілек қана. Рухани жаңғыруға бет түзеген елдің экранына да серпіліс пен сілкініс керек-ақ. Өйткені, экран – ұлттың айнасы. Ал, сол айнаға қарағанда ар жағынан кімді көреміз? Мәселе сонда жатыр.