Weekend
КСРО-ның тұсында кітап оқудан алдыңғы орында болған қазақ оқырманының қазіргі жағдайы қандай?
Кітап – білімнің бұлағы, ақылдың қайнар көзі. Бұл – ешуақытта өзгермейтін шындық. Алайда бұл күндері кітапқа көз салмайтын қауымның қарасы артып келеді. Бұл – арқаға аяздай бататын мәселе.
Қазір жер-дүние жаңа технологияға байлаулы. Кезінде таңды таңға ұрып жыр-дастан айтатын қазақтың ұрпағы қазіргі таңда түн ауғанша компьютер мен смартфоннан көз алмайды. Абайдың туған жылын ұмытса да, әлеуметтік парақшасының құпия сөзін ұмытпайтын, абыройының бағасын лайкпен өлшейтін адамдардың да бар екені рас. Барлық ақпаратты ғаламтор арқылы ала салғымыз келетіні де шындық. Компьютер қанша жерден керемет болғанымен, көркем әдебиеттің орны бөлек екенін әлем ғалымдары тегіс мойындады. КСРО-ның тұсында кітап оқудан алдыңғы орында болған қазақ оқырманының қазіргі жағдайы қандай?
Статистикаға жүгініп көрейік. ЮНЕСКО-ның Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, әлемдегі ең көп кітап оқитын ел Жапония екен, ал кітап қоры жөнінен Грузия мемлекеті көш бастап тұр. Ал біздің еліміз 41-сатыға жайғасқан. Кеңес өкіметі кезінде елімізде 1500 кітап дүкені болыпты. Қазір аудан орталығы тұрмақ, облыс орталықтарының өзінен 1-2 кітап дүкенін зорға табасыз. Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін әлемдегі кітап қоры жөнінен екінші кітапхана саналған Отырар кітапханасы қазақ жерінде болғандығы тарихтан мәлім. Мұның өзі қазақ халқының қаншалықты кітапқұмар болғандығын әйгілеп тұр. Ал қазір кітапханаға бас сұға қалсаңыз, кітап оқып отырған бірен-саран жасы үлкен кісілер болмаса, жастарды сирек көреміз. Мұның өзі де жас қауымның кітап оқуға деген ынтасының жоқтығын аңғартып тұрғандай. Бүгінде кітап оқып уақыт кетіргенше, керек мағлұматты ғаламтордан ала салған жөн, әрі тиімді, әрі уақыт үнемдейсің деп ойлайтын жас буын аз емес. Жаһандануға бет бұру үшін жаңа технологиялар керек шығар, алайда кітап одан да керек дүние емес пе?! Ешбір технология кітаптың орнын баса алмайды. Себебі, қанша ғасыр өтіп, қанша дәуір алмасса да, кітап өз құндылығын ешқашан жойған емес.
Жоғарыда келтірілген мәліметке көз жүгіртсек, технологиясы көз ілестірмес жылдамдықпен қарыштап жатқан Күншығыс елінің өзі кітап оқуды алдыңғы қатарға шығарып отыр. Түрлі технология мен техниканы ойлап тапқан жапондар сол өздері ойлап шығарған дүниені екінші кезекке қойып отырғанда, бізге не жорық деп ойланасың кейде.