Қоғам
Тоғыз қыздың алтауы осылай қасірет шегеді екен…
Бұл автобусқа күніне мың адам мініп, мың адам түседі. Таң рауандап атқанда Бектаспен бірге автобусқа отырғаннан кешке дейін түспейтін бір ғана жан – кондуктор қыз Самал. Оның ағалап тұратын ашық мінезі күннен күнге Бектастың жанына майдай жағып барады. Сезім оты алаулап тұрмағанымен, өзінен он үш жас кіші осы қызға бүйрегі бұрып тұратын. Өткен жолы жолаушылардың бірі Самалдың көңіліне келетін сөз айтып, жылатып қойғанда, Бектас жүргізіп келе жатқан автобусын тоқтатып қойып, әлгінің жағасына жармаспап па еді?!
Сонда бұл сезім бе әлде жай әкесіз өсіп, ауылдан келген қорғансыз қызға жаны ашығаны ма? Бектас өз ішінде не боп жатқанын түсінер емес. Бір білері алты айдан бері кездесуге шақырып, келісімін ала алмай жүрген осы қызға деген ынтығы артып бара жатқандай. Ал кәрі шешесі тұратын үйден “үйлен-үйлен” деген хабар келуі үдей түсті.
Жұмыс уақыты аяқталып, қас қарайған шақта кетуге ыңғайланған қызға Бектас:
– Самал, бір жерге барып шай ішіп келсек қайтеді, – деді.
– Ім-м... - деп әдеттегі жауабын айтуға оқталған қызды Бектас тоқтатып тастады:
– Тағы да он үш жас үлкенсіз деп айтпақсың ба? Менің ешқандай арам ойым жоқ, сенші, – деп сұраулы жүзбен қарады.
Самал сұлқ түсіп отыра кетті, ішкі ойымен арпалысып жатыр. Тұрмысқа шықпай қаламын деген қорқынышын жеңбесе болмайды. Ағалық ақылын айтып, дәйім түзу жолға бағыт беріп, әкесінен көрмеген қамқорлықты сезіндірген осы адам емес пе еді? Қасы-көзі қиылған, өңді қыз түрлі сылтау тауып жанына жуыған жігіттен тез құтылғысы кеп тұратын. Ер адамның барлығы жек көрінішті деген ойынан да арылып келе жатқаны осы Бектастың арқасы. Не болса да бұл кісіге бар шынымды айтайын, соңғы сөзді өзі айтар деп ойлады.
– Көндірдіңіз, аға. Мен үйге барып, киімімді ауыстырып шығайын.
Темір есік ашылып, жарық түскен кезде ар жағынан шығып келе жатқан Самалды бұл танымай қалды. Бағанағы қалың джинса шалбары жоқ. Мүсінін айқындап тұратын ұзын қара көйлек киіпті, аяғында жылтыраған биік өкшелі қара туфли. Көзіне білінер-білінбес бояу жаққан екен. Бектас сонда да байқап қойды. Күндегіден ажарлана түскен бе, қалай өзі?!
Екеуі бір кафеге келді. Бектас “Не жегің келеді?” деп түрлі-түрлі тамаққа тапсырыс беріп, қыздың асты-үстіне түсіп жатыр. Самалға қарсы алдында отырған күндегі автобус жүргізетін Бектас ағасы емес, басқа кісі секілді көрінді.
– Ал, Самалжан, не айтатынымды өзің де түсініп отырсың. Тағдырымды өзіңмен байланыстырғым келеді. Бір-бірімізді танып-біліп қалдық қой.
– Сіз мен туралы көп нәрсе білмейсіз, аға. Менің бақытты балалығым он-ақ жылға созылған екен. Одан кейін әкем үш қызын анама тастап кетіп қалды, алимент те төлемеді. Байлығына қызыққан әйелдер басын айналдырып, бізден айырып тынды. Анамызбен жылуы жоқ пәтерді жалдап тұрдық. Қыстың суығында не көмір, не нан алатын ақша жоқ, тозақ өмір басталды. Анам күйзеліске түсіп, қайта-қайта ауырып жатып қалатын болды. Бізді нағашыларымыздың ауылына апарып, аяққа тұрған соң алып кетемін деп, қайтадан қалаға кетті. Ол жақта да жағдайымыз мәз болмады.
Ешкім бізге бала ғой деп аузымызға тәтті тоспады. Нағашы ағаларым төртеуі бірдей ұзынынан түсіп жататын да, бар тірлікті үш кішкентай қыздың мойнына артып қоятын. Сіңілім екеуміз кезектесіп қой бақтық, қора тазаладық, кіші сіңілім бақшаға қарайтын. Су тасу, отын жару – бәрі біздің мойнымызда еді.
Бесінші сынып бітірген жылы жотада қой бағып отырсам, бір жігіт келіп, “дыбысыңды шығарсаң, өлтіріп кетемін” деп аузымды басып алды. Қатты қорыққаннан көзімді жұмып алдым. Ары қарай не болғанын білмеймін. Бір апта бойы қатты ауырып, дұрыс отыра алмай жүрдім. Үйдегілерге ештеңе білдірмеуге тырыстым. Олар да біздің жағдайымызға аса бас қатырмайтын, шөп тасулы, қора тазалаулы болса болды. Одан кейін қой бағуға да қатты қорқып қалдым. Анамызды көрмегелі бір жылға жуықтады.
Бір күні анам қаладан келді, көзі шүңірейіп, өңі қашып кеткен. Қара су, қатқан нан жесек те, сізбен бірге тұрғымыз келеді. Алып кетіңізші деп ебіл-дебіл жыладық. Бір-біріне ұқсайтын суық та қараңғы пәтерден пәтерге 20-30 рет көштік. Анам рак ауруына шалдыққанын сонда білдік. Кейін ота жасатып, оған Алланың шипасы тиіп, дертті жеңді. Міне, сіз мен туралы шындықты естіп отырған алғашқы адамсыз. Енді сөзіңізді қайтып аламын десеңіз де ренжімеймін.
Бектас тіл қатпастан Самалды үйіне шығарып салды.
Жалғасын оқу үшін сілтемені басыңыз: Айтсаң өлтіремін (2-бөлімі)