Қоғам
Бұл Самал деген кейіпкердің өз аузынан жазып алған, айна-қатесіз өмірде болған оқиға
Басы алдыңғы бөлімде
Бектас тіл қатпастан Самалды үйіне шығарып салды. Ертесіне түк болмағандай жүре берді. Ақыры бір шешімге келіп, Самалға үйленгісі келетінін айтып, келісімімен алып қашты. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Екі-үш ай өткеннен кейін Самалдың сіңлісі Жамал, оның артынан кіші сіңлісі Ұлдана тұрмысқа шығып, бір үйдің үш қызы бір жылда келінге айналып шыға келді.
Екі әпкесі тұрмысқа кеткенде анасы ақ батасын беріп, ризашылығымен жіберген еді. Ал кіші қызы Ұлдана небары он жеті жасында бізге айтпай қашып кетті деп, анасы Мақпал екі қызын алып, қуғыншы боп барды. Қызымызды алып кетеміз дегенде, болашақ құдалары оларды итеріп, апыр-топыр төбелес басталып кетті. Мақпал Ұлдананы жұлқылап, көлікке отырғызып жатқанда үйінен жігіттің әпкесі шығып:
– Сендердің абыройынан айырылған қыздарың бізге көк тиынға да керек емес. Інім жақсы көремін деп алып келген соң қабылдап отырмыз. Қайта бізге рақмет айтыңдар, – дегенде Мақпал есеңгіреп отырып қалды. Қорқынышым алдымнан шыққаны қалай деп таң қалды.
Көлікті айдап келген қызуқанды нағашы ағасы Ұлданаға қарап:
– Ол айуан кім? - деді.
– Айтсаң өлтіремін деген, айта алмаймын, - деп Ұлдана жыламсырады, – Өтінемін, бізді айырмаңыздаршы, бір бір-бірімізді жақсы көреміз.
– Кім деймін саған? – деп аюша ақырғанда жігіттің туыстары ағасының ашуынан қорқайын деді.
– Ришат...
– Көшенің басындағы ма?
– Иә.
– Ұлдана қалсын, басқаларың көлікке отырыңдар, - деді де ағасы көлікті ұшырып жіберердей айдап, Ришаттың үйіне төтесінен кіріп барды. Мақпал екі қызымен үрейі ұшып көлік ішінде терезеден қарап отырды. Бір кезде аула сыртына еңгезердей жігітті сүйреп шықты да, “аман қалғаныңа шүкір де, енді көзіме көрінсең, өз қолыммен бауыздаймын” деді. Алып денелі біреу бір уыс боп бүрісіп, алды-артына қарамай қаңғалақтап зытып барады. Ришат сол кеткеннен мол кетіп, оны көрген тірі жан болмады.
Самал енді қай күні менің сырым ашылып, көрпем шашылып қалар екен деп дегбірі қашты. Күйеуімнің туыстары бәрібір бір күні біледі, өзім айтсам ба екен деп ойлай беретін. Осындай беймаза кезеңде Самал бірінен соң бірін екі ұл босанды. Сіңлілері де бір-бір үйдің түтінін түтетіп, қатарынан ұл таба берді. Самал екінші баласын өмірге әкеліп, босанып келгеннен кейін не өзі күтіне алмай, не ауру енесіне қарай алмай дел-сал күйге түсті. Сөйтіп жүргенде төсек тартып жатқан енесі мәңгілік сапарына аттанып кетті. Қайын бикелері Бектасқа “Қатының шешемізді дұрыс қарамады, әйтпесе өлмейтін еді” деп отқа май құйды. Ызаға булыққан Бектас “ешқашан бетіңе баспаймын” деген уәдесін ұмытып, бәрінің көзінше Самалды жер-жебіріне жетіп, аузына келгенін айтып балағаттап, қырқынан шықпаған баласымен бірге үйіне апарып тастады.
Жағдайды естіген екі сіңлісі де әпкесінің халін білмекке төркініне келді. Шешесі өз алдына зар илеп:
– Сендер неге осындай байға тап болдыңдар? Маған ақша жіберіп көмектесудің орнына, “шықпа, жаным, шықпа” деп отырған адамға одан сайын салмақ саласыңдар. Үшеуің де жарымаған жерге барып, бір шекелерің шылқымады.
– Мама, сен бір уақыт қыздарыңмен сырласып, не күй кешіп жүргенімізді сұрасаң, бұлай айтпайтын едің. Бектас мені үйге әкеліп тастарда не дегенін білесің бе? Енді жүргіш боп кетесің, балаларыма қандай тәрбие бересің, оларды сенен тартып аламын деді. Бірақ мен ондай емеспін ғой, мама. Ұлдарым өскен кезде маған осылай айтса не істеймін? Олар мені жаман деп ойласа ше?
– Саған неге олай айтады? – деп үшеуі көзі бақырайып кетті.
– Ағамыз Ұлдананы қорлаған оңбағанның сазайын тартқызды. Жалғыз ол емес, келесі көшеде тұратын Бақытжан қой бағып жүргенде тура солай менің де абыройымды төгіп кеткен еді. Бектас мұны бетіңе баспаймын десе де, барлығының көзінше айтты, енді сендер де білесіңдер. Бақытжанды Құдайдың өзі жазалады, екі әйелінен де ажырасып, түрмеге отырды.
Мұны естіп отырған сіңлісі Жамал да бақырып жылап жіберді:
– Неге үшеумізге бірдей тағдыр жазылды екен? Мен мұндай қасіретті екі рет басымнан өткіздім. Бірінші рет сендер секілді қой бағып жүргенде маған да шабуылдаған. Екінші рет тоғызыншы сынып оқып жүргенде жазда даяшы болып жұмыс істеп едім ғой. Бар ойым анамның бір жағына шығысып, мектепке барарда киімімді өзім сатып алуға ақша жинасам деп едім. Оданда арымды күзетіп үйде отырғанымда ғой.
– Маған неге айтпадың? - деді Самал жұлып алғандай.
– Сен қалада жұмыс істеп жүрдің. Айта алмадым. Құрбым араласып көр деп бір жігітпен таныстырып еді. Сол даяшы болып істеген жерге әлгі таныс жігіт келді. Сені үйіңе апарып тастайын деген соң көлігіне отырдым. Ойымда ештеңе жоқ. Неге басқа жаққа бұрылып бара жатсың дегенде ағама бірдеңе апарып беремін деді. Сонымен ай далаға апарып, шыңғырып, ұрып, тістеп қарсыласқаныма қарамай арам ойын жүзеге асырды да, керексіз қоқыс секілді базардың жанына әкеліп түсіріп кетті. Өмірге келгеніме өкіндім. Ішім ауырып, бүрісіп, үйге әрең жеттім. Мамам түнгі кезекте жұмыста еді. Қ
Қорыққаннан жыртылған, қан болған киімдерімді лақтырып тастадым. Содан бері менің қызым болса, оған да осылай істесе қайтемін деп үнемі үрейленіп жүремін.
– Не дедің? - деп бірге айтып қалғанда үшеуі таңданып, бір-біріне қарады да “менің де қорқынышым осы” деп жамырай айтысты.
– Бұл қорқыныш сендерге менен дарыған, осыны енді ұғып отырмын, - деп анасы Мақпал көзінің жасын сығып тастады, – Кезінде мені де он жеті жасымда сүйген жігітім төсекке жығып, алдап тастап кеткен еді. Содан кейін мұндай сұмдықты менің қыздарым көрмесе екен деген үрей санама маза бермейтін. Көп ойлаған нәрсем алдымнан шығып отырғанын көрмейсің бе? Менің қателігім сендерге сабақ болсын. Мұндай жаман ойдан арылыңдар. Сендердің жазықтарың жоқ. Қылығы тәтті қыз бала сүюге үшеуің де лайықсыңдар. Ал енді балалаларың сендер көрген құқайды көріп, әкесіз болсын демесеңдер, бұл үйге енді тек қонаққа келіңдер.
– Иә, мама, саған ақша беріп көмектесе алмасақ та, күйеуіміз шылқыған бай болмаса да, бізді осы күйімізде әйелдікке алып, қабылдағанына шүкір етеміз, - деді Жамал.
Үш-төрт күн өткеннен кейін Самал да күйеуімен қайта татуласып, үйіне оралды. Шешесінің сөзі ойынан шықпай қойды. Біздің ұрыс-керісіміздің құрбаны болып, балаларым әкесіз сұрқай өмір кешпесін, не болса да шыдаймын деп шешті. Бұрын тек ақыл айтып, қамқор болып, әкесінен көрмеген мейірімді беруі тиіс адам ретінде қараған күйеуіне енді махаббатпен қарай бастады. Түрлі психологқа барып, ішкі әлеміне үңіліп, өзін іздеді. Бектас екеуінің сезімі тереңдеп, бұрынғы қорқынышынан арылып, өмірге қыз бала әкелді.
P.S.: Бұл Самал деген кейіпкердің өз аузынан жазып алған, айна-қатесіз өмірде болған оқиға.