Bugin
Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің есебі тапқан
Алматы прокуратурасы коронавирус пандемиясы кезінде модульді аурухана салуға бөлінген қаржының талан-таражға түсуіне қатысты тағы бір дерек берді. Мұны Bugin.kz платформасы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалаушы органның айтуынша, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің Алматы қалалық департаменті аталмыш іске қатысты қылмыстық істі 16 қаңтар күні ашқан. Іс Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы "Ірі сомадағы мемлекет қаржысын жымқыру" бойынша қозғалған.
"Сотқа дейінгі тергеу ісінің ашылуына Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы себеп болды. Ол – 2020 жылдың 21 желтоқсанында дайындалған есеп болатын. Аталмыш қылмыстық іске қатысы барлар күдікті емес деп танылды әрі ұсталған жоқ. Қазір тергеу органдары істі қарап жатыр. Оның қорытындысын жариялауға болмайды", - деп түсіндірді Алматы қаласының прокурорының орынбасары Сәкен Ермекбаев.
Айта кеткен жөн, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасы басшысы Сапар Нұрашев пен «Bi-Industrial» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс ашқанын растап, олардың ауруханаға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 4 млрд теңгесін жымқырды деген күдік тағылған еді.
Алайда кейін агенттік Сапар Нұрашевтің ұсталмағанын айтып, хабар таратты. Сондай-ақ BI Group басшысы Айдын Рахимбаев та бұл іске холдингтің еш қатысы жоғын айтып, істі жоққа шығарды.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері агенттігі қазір тергеудің жүріп жатқанын, алайда БАҚ-тың бұл іске қатысты дүрлікпеуін өтінген.