Bugin
Әйелдеріңе ие болыңдар!
Арыс оқиғасынан кейін халық алдында жаман атты боп кеткен Ғабидолла Әбдірахымов жақында тағы бір белді қызметке тұрды. Бұған дейін премьер-министр Асқар Маминнің кеңесшісі болған Шымкенттің экс-әкімі қазір мәдениет және спорт вице-министрі.
Әбдірахымовтың Шымкент қаласы әкімдігінен қуылуына 2019 жылы шілдедегі Лондонда тұрып түсірген видеосы себеп болды. Кезекті іссапармен барған әкім Лондонның төрінде тұрып видео түсіріп, "Қазақстан жұмыс істеп, шетелде демалу керек" деген сөзі қатардағы қазақстандықтар ауыр қабылдады. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкердің Елбасына алғыс айтып, мемлекет басқаруында жүрген жастарға қолдау көрсеткеніне разылық білдіргені де елге жақпады.
Мемлекеттік қызметкердің іскерлік беделіне нұқсан келтірер аталмыш видеожазбаны көрген президент Тоқаев Әбдірахымовты қызметінен қуды. Әкім бұған дейін де Арыс оқиғасы кезінде өзін жақсы жағынан көрсете алмады. Жарылыстан қашып, Шымкенттегі ағайындарға қолдау іздеп келген босқын жұртқа қала басшысы Әбдірахымов "Сіздерге берер үйім жоқ" деп кесіп айтты. Оның үстіне, "Айғайлама, шуламаңыздар!", "Әйелдеріңе ие болыңдар!" деген сөздері мемқызметкердің беделін күл-талқан етті.
Бұдан кейін Тоқаевтың әкімшілігі оған "халықтың сенімінен кетті, мемқызметті қаралады" деп баға берді.
Алайда Әбдірахымовтың қолдаушысы мықты боп шықты. Осындай абыройсыз әрекетіне қарамай, оны аймақтық басқарудан орталық аппараттық басқаруға көтеріп, үкімет төрінен бір-ақ шығарды. Кей дереккөздердің ақпаратынша, Әбдірахымовты қолдап отырған – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Экс-әкімді жоғары билікке әкелу арқылы Назарбаев Тоқаевқа сес көрсеткен көрінеді.
"Содан бері Елбасы әкім не министрлерді тағайындау мен жұмыстан шығару өзінің билігімен ғана жүзеге асатынын көрсетіп келеді. Үкімет аппаратындағы сұхбаттасушылардың дерегіне сенсек, сол себепті Алматы облысы әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысы Алик Шпекбаевтар өз орнындарын сақтап отыр. Мәжіліс спикері ретінде Нұрлан Нығматуллин де, премьер-министр ретінде Асқар Мамин де Елбасының бастамасымен қызметте қалды", - деп жазады Uzyn Qulaq телеграм-каналы.
Ал Әбдірахымовты "мемлекеттік қызметті қаралады" деп бағалаған президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев осы оқиған кейін-ақ қызметтен кетті. Кланаралық ұрыстың аяғы осымен бітті. Бұдан кейін Тоқаев командасы қандай да бір шабуылға да, қадамға да бара алмады.
Әбдірахымовтың қайта қызметке келгені жайлы Exclusive басылымы былай деп пікір білдіреді:
"Әбдірахымовтың бұл қызметі – лауазымдық карьераның басы ғана болуы мүмкін. Соған қарамастан өзін мүлдем жасырын, елден алыс ұстайтын Асқар Мамин елдің сөзіне қалған мемлекеттік қызметкерді тағы бір белді лауазымға тағайындады. Біздің қоғам шенеуніктің кез келген әрекетіне жиіркенішпен қарайтын болды. Елге жағар мемлекеттік қызметкер қалмады. Бұған себеп – биліктің халықтың көңіліне қарамайтыны", - деп жазады.