COVID-19

COVID 19: қалыптасқан құндылықтарды қай бағытқа өзгертпек? (2-бөлім)

Орта ғасырда мемлекеттер әлемдік індеттермен қалай күресті?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Орта ғасырларда, ұлы географиялық ашулар мен колония үшін еуропалық «империялар арасындағы жарыс» кезеңінде жаңа территорияларды басып алуда «шешек ауруы» белгілі бір деңгейде биологиялақ қару рөлін атқарды. Уиллиам Макнейлдің «Індет жəне адамдар» атты еңбегінде испаниялық басқыншылардың өте аз əскермен жаңа аймақтардағы жергілікті миллиондаған тұрғынды басып алуын арнайы кемелерде жеткізілген «шешек ауруы вирусымен» түсіндіреді. Сəйкесінше басқыншы əскерилер арнайы вирустан қорғалатын вакцина салдыру арқылы жаңа жерді игеруде тиімділік көрсетті.

XIV ғасырда Еуропада індеттің жаппай таралуы мыңдаған адамның өліміне алып келіп, қоғамда басымдыққа ие болған котолик шіркеуінің үстімдігінің əлсіреуіне де ықпал етті. Мысалы «Неге Құдай əділетті болса, дін ұстанушыларды індеттен алып қалмайды?» деген риторикалық сауалдар, католик шіркеуінің індетке қарсы тұрар ықпалының жоқтығына көз жеткізді. Қандай да бір деңгейде орта ғасырда Еуропада жаппай індеттің салдары қайта өрлеу мен ғылымның нақты мəселелер бойынша дамуына ықпал етті. Covid 19 вирусынан келген шығын əрине орта ғасыр кезеңімен салыстарғанда аз болуы мүмкін, алайда пост пандемиялық кезең біздің қоғамымызға да жаңа сұрақтар алып келуде. Ол сұрақ, қатаң милитаризациялық ұғымға негізделген мемлекеттік қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарауға негіз болады.

Адамзат баласының жадында жақсы сақталған ең соңғы жаһандық індет, осыдан бір ғасыр бұрын орын алған, І дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келген «Испан тұмауы» болды. Испан тұмауы салдарынан, ДСҰ дерегінше, 550 миллионнан аса адам вирус жұқтырып, 50 миллион адам көз жұмды.Яғни, «испан тұмауы» індетінен І дүние жүзілік соғысқа қарағанда екі есе көп адам қаза тапты.

Испан тұмауы аталуы алғаш тұмаудың Испаниядан анықталғанын білдірмейді. Керісінше, соғыс жағдайы болғандықтан жергілікті үкімет Испанияда вирустың болуын жоққа шығарып келгендіктен, ресми түрде Испания тұмау анықталмаған ел ретінде аталып, сəйкесінше адамдар тұмау биоқару ретінде Испаниядан шыққан деген сенімге келген. Сол себепті, аталмыш тұмау тарихта «испандық тұмау» аталды. Расында, ХХ ғ басымен салыстырғанда қазіргі кезде ғылым мен медицина айтарлықтай дамыды. Алайда, «Испан тұмауы» кезеңінде қолданылған вирусты таратпаудың вакцина пайда болғанға дейінгі «үш алтын ережесі» де еш өзгеріссіз қазіргі күнде қолданылуда. Олар: маска тағу, əлеуметтік қашықтықты сақтау жəне қолды жиі жуу.

Қаншама тəжірибе жинақталғанына қарамастан, тіпті, соңғы жүз жылда адамзатқа биологиялық вирустан төнер қауіптің рөлі өсуде. Мысалы, соңғы жиырма жылда SARS, BVRS, құс тұмауы, шошқа тұмауы жəне Эбола вирусы сынды аса қауіпті індет ошақтарының анықталып мыңдаған адамды сарсаңға салуы тек аймақтық мəселе ретінде ғана қаралып, тұтас əлемге қауіп көзі ретінде жалпы адамзаттық қадамдар жасалмады. БҰҰ сияқты маңызды халықаралық ұйымдардың ғаламға қауіп төндірер негізгі мəселелер бойынша мемлекет басшыларын бірлесе күресуге шақыра алмауы халықаралық институт рөлінің қырғи қабақ соғыстан кейінге кездегі дағдарысын көрсетеді.

Ғаламдық індетке алып келу қауіпі жоғары болатын вирустың таралуының маңыздылығы туралы жекелеген инфекционист ғалымдар, мемлекеттік емес ұйымдар, филантроп жеке тұлғалар əлем назарын аудару үшін аянбай жұмыс жасады. Мысалы, Бил Гэйтстың 2015 жылы ТЕD платформасындағы баяндамасында, 2017 жылы Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясында «əлемге жаппай вирустың таралуынан» төнетін қауіп туралы дабылы мемлекет басшылары үшін абстарктілі пікір ретінде ғана көрініп келді. В.Лениннің «Кейде кейбір оқиғалар ондаған жылдар бойына орын алмай келіп, бір аптада жүздеген жылдар болмаған оқиғалар болады» деуі Covid 19 індетінің таралуының айғағы. Белгілі сарапшы, Америкалық халықаралық істер кеңесінің басшысы Ричарт Хасстың пікірінше, халықаралық жүйе қырғи қабақ соғыстан соң ең негізгі геосаяси, экономикалық жəне технологиялық өзгерісті бастан өткерді дейді.

Яғни, АҚШ тың баламасыз күш орталығына айналуы, ортақ ғаламдық нарықтың орнауы жəне ақпараттық технологиялық прогресстің серпілісі. Алайда менің ойымша, қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде əлем ассиметриялық циклдық дағдарыстарды бастан өткеруде. Яғни, ХХІ ғасырға дейін мемлекеттер үшін негізгі қауіп қандайда бір анық мемлекеттен немесе идеядан болып симметриялық сипатта болса, қазіргі кезеңде əлемді сарсаңға салар қауіп көздері күтілмеген, ассиметриялық сипатта өрбуде. Мысалы, 1998 жылы Азиялық экономикалық дағдарыс, 2001 жылы əл-Кайда сарбаздарының террорлық шабуылы, 2008 жылы АҚШ-тан бастау алған ғаламдық қаржы дағдарысы, 2015-2016 жылы босқындар дағдарысынан басталып Британияның ЕО-тан шығуы жəне АҚШ-та Д.Трамптың билікке келуі жаһандану процесінің бірден-бір қолдаушысы болған АҚШ-ты протекционистік бағытқа бұруы жəне 2019 жылдың желтоқсан айында Хубей провинциясынан анықталған вирустың екі ай ішінде барлық континентке таралып, тұтас əлемдік қарым қатынасты шектеуі халықаралық қауымдастыққа төнер қауіптің ассиметриялық сипатын көрсетті.

Барлық аталған жаһандық проблемалардың қамту аймағы мен салдары əртүрлі болғанымен ортақ тұсы да жетерлік. Барлық мəселеге ортақ қасиет – бұл «жаһандық мəселенің ешкім күтпеген өте қарапайым себептен басталуы».

Мысалы, 9/11 террорлық əрекетте өте қарапайым қаруланған 19 сарбаздың АҚШ- тың стратегиялық обьектілірене шабуыл жасап, Ж.Буш əкімшілігінің жаппай «террорға қарсы соғыс» жариялануына алып келеді деп ешкім күтпеді. 2008 жылы Уолл стриттегі тұрғын үй нарығындағы ретсіздіктің тұтас ғаламдық дағдарысқа алып барарын, 2015 жылы Қиыр шығыстағы тұрақсыздың Еуропалық Одақ елдеріне миллондаған босқын алып барып, босқындар дағдарысын алып келуін немесе Ухан қаласында «экзотикалық тірі жəндіктер» сататын шағын базардан тышқаннан адамға таралды деп болжам жасалған Covid 19 вирусының жаппай əлемдік экономикалық айналымды тоқтарын ешбір ел күтпеген болатын. Нəтижесінде, бүгінде тұтас əлем жұрты белгісіздік кезеңін бастан өткеруде. Осы кезеңге дейін орын алған əлемдік проблемалар мен салыстырғанда Covid 19 індетінің салдары бөлек болады.Тіпті, кейбір сарапшылар пікірі бойынша Covid 19 алып келген экономикалық залал 1929-30 жылдары болған «Ұлы депрессия» кезеңімен пара-пар.

Нышанбаев Нұрболат Қайратұлы,

 PhD студент

Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы,

"Болашақ" түлегі, Аустралия

COVID 19: қалыптасқан құндылықтарды қай бағытқа өзгертпек? (1-бөлім)