Bugin
Халық ұлттық меншігінен айырылу алдында
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялық холдинге айналдырылып, акциялары жекенің қолына берілуі мүмкін. Бұл жайлы kz.media хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, Қазақстанда тағы бір жекешелендірудің ірі толқыны басталмақ. Бұл жолғы олжа – "Самұрық Қазына" әл-ауқат қорының қатарына енетін мемлекеттік компаниялар.
2020 жылы 13 қарашада Елбасы төрағалығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өткен еді. Мұнда әл-ауқат қорының алдыңғы тағдыры талқыланды. Ұлттық холдингтің төрағасы Ахметжан Есімов "Самұрық-Қазынаның" инвестициялық холдинге айналдырылатын ашық айтқан.
"Біз негізгі мақсаттарды Қордың 2028 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясында айқындадық. Ең бастысы – таяу мерзімде «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын жаңа форматқа көшіріп, жетекші тәуелсіз әл-ауқат қорлары сияқты инвестхолдинге айналдыру. Бізге Қордың портфеліндегі активтерді географиясы мен саласына қарай әртараптандыру керек. Тиімсіз инвестициялардан арылып, оларды барынша табыс әкелетін инвестицияға ауыстыру қажет. Бұл дивидендтердің өсуі есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы.
Сөз барысында Қазақстанның Тұңғыш президенді Н.Назарбаев та Қордың даму стратегиясын іске асыру бойынша "Самұрық-Қазына" басшылығының қызметіне оң баға берген. Әрі отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қорды инвестициялық холдингке айналдырудың тұжырымдамасын мақұлдады.
"Демек, Елбасы мен оның төңірегіндегі тоғышар, ашкөздер "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын инвестициялық жобаға айналдырып, кейін оның меншігін талан-таражға салуды ойлап отырғаны енді түсінікті болды. Ал ұлттық компания меншіктендіруге ұласса, онда оның кімнің қолына көшіп, кімдердің бөлісіп алатыны онсыз да түсінікті", - деп жазады kz.media.
Ұлттық холдингтің акциялары сатылымға шығатынын "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегиялық даму жөніндегі директоры Ләззат Боранқұлованың Sputnik.kz-ке берген сұхбатынан да байқауға болады.
"2023 жылға дейін IPO мен стратегиялық инвесторлар арқылы ірі активтерді бәсекелестік ортаға жіберу процесі аяқталады. Үкімет негізгі акционер ретінде бағдарламаны іске қосады. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін жеке дивестиция бағдарламасы аясында Қордың активтер портфелі үлеске салынады. Дивестиция дегеніміз – үлесті сату", - дейді Боранқұлова.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жекешелендірудің үшінші толқыны басталудың алдында тұр. Бірақ бұл жекешелендіруге бұрынғыдай бар халық емес, сыбайластар ғана қатысады. Әрі барынша жасырын жүргізіледі.
"Үкімет тарапынан мұндай авантюроға қарсы шыққан ешкім жоқ. Соған қарағанда елбасы мен оның жақтастары мемлекеттік үлестің үлкен бір бөлігін "жұлып әкеткелі" жатқанын сезбеген сынды. Егер мемлекет мұндай ұлттық холдингтен айырылса, онда ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа ауыр нұқсан келеді. Халық ұлттық меншігінен айырылса, үкіметке әсер ету, сөз жүргізу күшінен де айырылады", - деп жазады басылым.
Айта кеткен жөн, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ – Қазақстан ұлттық экономикасының қазы-қартасы, ең қоңды бөлігі. Оған "ҚазМұнайГаз", "Қазтрансойл", "Қазақстан темір жолы", "Қазпошта", "Қазатомпром", "Эйр Астана", "Самұрық-Энерго", "KEGOK" сынды холдингтер қарайды. Бұл ұлттық компанияларда 300 мыңнан аса адам жұмыс істейді.
2019 жылға есепке көз жүгіртсек, әл-ауқат қорына жататын компаниялардың құны 26,4 трлн теңге немесе 71 млрд доллар болған. Бұл – елдің ЖІӨ-нің 40 пайызын құрайды. Сол жылы Қазақстанның ЖІӨ-і 181 млрд долларды құраған.
Оқи отырыңыздар