Bugin
Жұмылған халық бәрін жеңеді
Ақтөбе облысының Темір ауданында орналасқан "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылардың еңбекақысын көтеретін болды. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Бәсе каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен аптада басталған мұнайшылардың наразылығы қанағаттанды. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 260 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Ал ең төменгі еңбекақы 148 мыңнан 200 мың теңгеге көтеріліп бекітілді.
"Осындай қиын шақта атсалысқан ауыл халқына, көршілес мұнай компаниясының жұмысшыларына, бізді қолдаған барша азаматтарға алғыс білдіреміз", - дейді жұмысшылар видеожолдауда.
Айта кеткен жөн, аталмыш компанияның жұмысшылары 25 қаңтар күні наразылыққа шыққан еді. Бір апта бойы басылмай, оған көршілес АМК-Мұнай компаниясының да жұмысшылары қолдау білдіріп, наразылыққа шықты. Олар да еңбекақысының көтерілгенін талап етті.
Енді міне, "жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, халықтың жаппай қолдауының арқасында мұнайшылардың талабы орындалды.