Bugin
"Ив Роше ісі" бойынша
Бүгін, 2 ақпан күні, Ресей оппозиционері Алексей Навальный 3,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Дождь телеарнасының тікелей эфиріне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәскеу қаласының Симонов аудандық сотының шешіміне сәйкес, Алексей Навальный жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейді.
Саясаткер 2014 жылы ашылған "Ив Роше Восток ісі" бойынша сотталды. Сол жылы Мәскеу қалалық соты Навальныйды 3,5 жыл шартты бас бостандығынан айырған еді. Ал бүгін өткен Симонов соты шартты бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режімдегі колонияда өтеу жазасына ауыстырды.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Bloomberg басылымы Навальныйды екі қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айырмақ деп болжаған. Оның бірі – "Ив Роше" ісі, ол бойынша 3,5 жыл беруі мүмкін. Ал екіншіден, Навальныйға Жемқорлықпен күрес қоры арқылы қаржы жымқырды деп айып тағылып, тағы 10 жыл қосылып берілуі ықтимал. Соңғы іс 29 желтоқсан күні ашылған.
Ал "Ив Роше" ісі 2012 жылы ашылған. Ресейдің Тергеу комитеті Алексей Навальный мен оның ағасы Олегті "Ив Роше Восток" компаниясына алаяқтық қызмет көрсетті деп айыптаған. Ағайынды Навальный аталмыш компаниядан ақылы қызмет алып, оның бағасын қымбат қылып көрсетті деген айып тақты. Және 55 млн рубль көлемінде өтемақы төлеуге шешім шығарды.
Алайда аталмыш компанияның иесі Бруно Лепр арызын қайтып алып, Навальныйға кінә тақпайтынын, ақысы кетпегенін мәлімдеген. Кейін Навальныйдың өзі Адам құқығы жөніндегі еуропалық сотқа шағымданып, аталмыш қылмыстық істі толық жоққа шығарды.
Айта кеткен жөн, Алексей Навальный соттың бұл шешіміне әлі апелляциялық шағым жасамақ.
"Бұл істі сот қолдан жасап отыр. Оны еуропалық соттың өзі ақтап шыққан еді. Қылмыстық істің құрамы да жоқ. Мұның бәрі не үшін істеліп отырғанын бәріміз жақсы білеміз. "Бункерде тығылып" халқынан қорқып отырған "кішкентай адамның" істеп отырғаны", - деді Навальный сотта.
Оқи отырыңыз
Қазақстаннан "Навальный" шығуы мүмкін бе - сарапшылар не дейді?