Bugin

Заңгер: BI Group аурухананы салудан 3,6 млрд теңге жымқырды

89 мың теңгеге салатын құрылысты 330 мың теңгеге тұрғызған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

BI Group компаниясы Алматыдағы инфекциялық аурухананы 5,5 млрд теңгеге салуы мүмкін емес. Шын мәнінде мұндай құрылысқа ары кетсе, 1,6 млрд теңге ғана жұмсалуы мүмкін. Ал қалған қаржы жым болды. Бұл жайлы  заңгер Жангелді Сүлейменов жазды.

Заңгердің айтуынша, BI Group салған ауруханасының Deloitte-ке берген есеп-қисабын халыққа жария еткісі келмейді. Бірақ Deloitte-нің 4 млрд 363 млн теңгені бекіткенін айтқан еді. Оған ҚҚС-ны қоссақ, 4,8 млрд теңге болады.

"Айдын Рахымбаев бір койка орынды $64 мыңнан салдым деп еді. Аурухана 200 орынға арналған. 200*64000-ге көбейтеміз де, оны доллар курсы 430 теңгеге теңестіреміз. Сонда 5,5 млрд теңге болады. Бұл сома Deloitte-ке берген есебінен 600 млн теңге артық. Сондай-ақ Айдын бір шаршы метрді 940 мың теңгеден салдым дегені бар. Аурухананың ауданы – 7 мың шаршы метр. 940 мыңды 7 мыңға көбейтеміз. Сонда 6,580 млрд теңге шығады. Deloitte-ке берген есептен тағы да 1,7 млрд теңге артық", - деп жазады заңгер.

Автордың жазуынша, BI Group салған аурухананың құрылысы сэндвич-панелге ұқсайды. Ал мұндай құрылысты салуға ресей компаниялары әр шаршы метріне 14 мың рубль жұмсайды.

"Жарайды, біраз шынайы болсын деп, 14 мың емес, 28 мың рубль деп есептейік! Құрылыстың ішкі бөліктеріне көп қаржы кететіні белгілі. Аурухана ауданы үлкен екенін, құрылыс материалдарын жеңілдікпен алуға болатынын ескеріп 5% жеңілдік жасайық. Сонда – 25200 рубль шығады. BI Group бұдан мүлде табыс тапқан жоқ дегені бар. Оны ескеріп, тағы 20%-ды кемітіп тастайық. Сонда әр шаршы метріне 15840 рубль немесе 89 мың теңге кеткен болып шығады! Ал BI Group болса, мұны 329 мың теңге деп отыр! Менің есептеуімше, компания көрсеткен баға 3,6 есе көп. Дәл мемлекеттік аудит қызметі анықтаған сомамен пара-пар. Аудит қызметі құрылыс компаниясы 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңгесін жымқырды деп айыптаған еді. Яғни, құрылыс қаржының 3,5 бөлігін ұрлап кетті.

Менімен BI Group та, Deloitte те дауласа алмайды! Қаржы, математика, аудит, заңгерлік пен бухгалтерия, құрылыс саласында тәжірибем мол! Мені ешкім алдай алмайды! – деп түйіндеді Жангелді Сүлейменов.

Айта кеткен жөн, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасы басшысы Сапар Нұрашев пен "Bi-Industrial" ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс ашылғанын растаған. Алайда кейін мұны жоққа шығарып С.Нұрышевті босатып жіберген.

Бұл оқиғаға қатысы BI Group-тың иесі Айдын Рахымбаевтың өзі пікір білдіріп, құрылыстан мүлде пайда таппағанын мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз

BI Group, Сапар Нұрашев: 4 млрд теңгені жымқырған кім?