Bugin
Қалдықты өртеуге болмайды, оны өңдеген абзал
Қазіргі ғаламдық мәселенің бірі – экология. Ауа мен судың, жер мен көктің ластануынан қорқатындар көп. Ойлаудың өзі үрей туғызады. Табиғат анамен етене күн кешкен көшпенді мәдениеттің ізі қазір қайда кетті?
Жалпы, Қазақстанның экологиялық мәселесі неден туындап, қайда кетіп барады? Оны шешуге бола ма? Кінә кімде?
Бұл сауалдарға елдегі белді экобелсенділердің бірі, ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов жауап берді.
Bugin: Евгений мырза, әңгімемізді Қазақстанның қазіргі экологиясы қандай жағдайда, содан бастасақ? Жағдай ушығып бара ма әлде тұрақты ма?
- Елдің экологиялық мәселесін қозғарда ең алдымен құндылыққа мән берген абзал. Сол тұрғыдан қарасақ, елде экологияға жаны ашитын адам аз. Экологиялық мәдениетімізді, неге екені белгісіз, жоғалтып алдық. Қоршаған ортаны қорғауды құндылық санайтын халық едік. Көшпенді жұрттың өзі табиғатпен аралас-құралас, бауырлас өмір сүргені белгілі. Еуропа ол тұста балшық пен кір-қоңға батып жатқан шағы. Түптеп келгенде, көшпенді дала мәдениеті – ең таза, экологиялық қатынасы керемет мәдениет еді ғой. Тіпті, өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін көшеде қоқыс тастайтын, лақтыра салатын адам көрмедік. Бірақ 90-шы және 2000-жылдар бәрін құртты. Дәуірдің тоқырауымен адамның құлдырауы қатар келді. Бәрі байлық пен ақшаға, мансап пен билікке құмартып кетті. Адам жаны ластанғаннан кейін, айналасы да ластанды. Енді табиғаттың өзін ақшаға сата салатын болдық. Қазіргі Қазақстанның экологиялық жағдайы қандай екенін осыдан-ақ білуге болады.
Bugin: Бірақ қазір халық экологияны қорғау керегін түсінген сияқты... Қорқынышы басым дегім келеді...
- Жоқ олай дей алмаймын. Экологияны уайымдайтын, оны ойлайтын адамдар бары рас. Бірақ олар өте аз. Елде екі топ бар: бірі – экологиядан беймағлұм, немқұрайлы топ, екіншісі – экология мәселесін жан-дүниесімен түсінетін әрі сол үшін уайымдайтын топ. Қайсысы көп деп ойлайсыз? Біріншісі, әрине. Өйткені мемлекеттік билік пен шенеунік атаулының бәрі осы топқа еніп кетеді. Бұлар билік пен бизнесті лоббизмге айналдырып, табиғатқа атүсті қарайтын болды.
Егер табиғатқа жанашыр жан көп болса, джиппен жүретін, тау етегіне 3-4 қабат үй салатын адам аз болар еді. Біздің шенеуніктер шын қоршаған ортаны ойласа, мен сияқты қоғамдық көлікпен жүретін еді. Сонда халықтың жағдайын өз көзімен көріп, жаға ұстайтын шығар. Олар қызметтік көлікпен жұмысына барып, үйіне қайтады. Айналаны көрмейді, қарамайды. Шалшық боп жатқан көшені, лай боп жатқан жолды көрген емес. Өз әлемі өздерінде. Шынайы бейнені көрмегеннен кейін де жарымжан заң шығарып, жартыбас идеялар айтады.
Bugin: Бизнес пен билік ауыз жаласқан дедіңіз. Ол туралы жиі айтып жүрсіз. Сонда шенеуніктер өзі өмір сүріп жатқан ортасын ойламай ма?
- Иә, ойламайды. Оларға керегі – құлқын ғана. Қазір және осыдан ақша "жасап" қалса болды. Тоғышарлық. Білсе де білмегендей болады.
Негізінде, Қазақстандағы экологиялық мәселенің бастауы да осында. "Әлдебіреулер" заңға, билікке араласып, құлқын тойдыру үшін бәрін құртып жатыр. Мәселен, не үшін пластик бөтелкені КСРО кезіндегідей бірыңғай, біркелкі етпеске. Сүттің, судың, дюшес пен арақ-шараптың бөтелкесі бөлек-бөлек, бірақ бірдей еді. Дюшес 27 сом тұрса, оның 12-сі бөтелкенің құны, ал 15 сомы – тәтті судың құны. Ішіп болған соң бөтелкені сатып, 12 сомыңды қайтып аласың. Бөтелке арзан емес. Кәдімгідей баға. Оны өткізіп, табыс табуға болады. Қазір Еуропада да дәл солай. Кейде Еуропа дана, ақылды деп мақтап жатамыз. Ал олар мұндай тәжірибені айдан емес, кеңес елдерінен алған бұрында. Мұндай мысал жетерлік.
Ал бізде ше? Бір бөтелкені 0,8 теңгеге сатасың. 1 теңгелік құны жоқ. Ал неге кәсіпорындар, жоғары айтқандай, 100 теңгеге бөтелкені, 120 теңгеге суды сатып, бір өнімді 220 теңге етпейді? Жауабы анық. Өйткені кәсіпкер судың бағасын дәл осылай қымбаттатып жіберсе, ешкім су сатып алмас еді. Бәрі үйінде фильтр орнатып алады. Кәсіпкер мен билікке бұл керек емес. Сондықтан кәсіпкерді біздің билік бәрібір қорғап, қолдап шығады.
Bugin: Осы жерде "Оператор РОП" жайлы айта кетіңізші. Әлия Назарбаеванікі деп өзіңіз де ашық айтып жүрсіз. Ол мемлекетті, халықты қалай шығынға батырып жатыр?
- Қазақстанда бюджеттің қаражатын талан-таражға салған, халыққа еш пайдасы жоқ мыңдаған паразит-компаниялар бар. Мәселен, Қазақтелеком, Хабар телеарнасы, Оператор РОП біздің түсімізге кірмеген қаржыны алып, оңды-солды шашуда. Бұлар жабылып қалса да, экономикаға да, қоғамға да еш зиян болмайды. Керісінше, олардың жабылғаны халыққа жақсы.
"Оператор РОП" ЖШС 2016 жылы құрылған. Компания құрылған сәтте, экологиялық заңнамаға өзгеріс енгізіп, оған ерекше мәртебе берілді. Жеке кәсіпорынның ыңғайына қарай заң жазылды деген – нонсенс қой. Компания бюджетке түсетін қаржыны, салықты тікелей қалтасына басып отыр.
Мәселен, шетелдік көлікті елге кіргізгіңіз келсе, кедендік салық және утилизациялық алым төленетіні белгілі. Утилизациялық алым да бюджетке түсуі керек. Бірақ жеке әулеттің қалтасына кетіп жатыр. Оның үстіне, алым өте қымбат. Мәселен, Еуропада утилизациялық алым 100-300 еуроның айналасында болса, Қазақстанда 1500-10000 доллар шамасында. Соның себебінен елде көлік қымбат. Ең қызығы да сол – ол ақшаның қайда және неге кетіп жатқаны белгісіз. 5 жылда бірде-бір утилизациялық жүйелі кәсіпорын салған емес. "Оператор РОП"-тың жылдық табысы қанша екенін де білмейміз. Бірақ миллиардтаған доллар қалтаға басып жатқаны айдан анық.
Осы компанияның бастамасымен заңға "қалдықтарды өртеу" туралы тармақ енгізілді. Бұл – экологияға ең зиян әрекет. Өйткені бұған дейін пластик, шыны, қаптама, бөтелке, алюминий шыны сынды заттарды өңдеуге болатын еді. Онымен айналысатын компаниялар да болды. Бірақ олардың бәрі шетінен жабылып жатыр.
Ал "Оператор РОП" қалдықты өртеп, экологияға орасан зиян келтіруде. Әсіресе, тамақ қалдықтарын жағуға мүлде болмайды.
Bugin: Ал биыл жазда жаңа Экологиялық кодекс күшіне енбек. Оған қандай пікір білдіресіз?
- Одан ештеңе күтпеймін. Өйткені Экология министрлігі кодекске қатысып, жетілдіргісі келген кәсіби экологтарға қысым көрсетіп, ұсыныс дайындаушылар қатарынан шығарып жіберді. Оның үстіне, кәсіби экологтар мен экологиялық ұйымдардың алдында министрліктің ешқандай беделі де, абыройы да жоқ. Оның үстіне, экология министрі (Мағзұм Мырзағалиев – ред.) мамандығы эколог адам емес (экономист – ред.).
Экология министрлігі қазір 3 нәрсеге ғана бас қатыруда: бірі – қалдықты өртейтін зауыт салу, екіншісі – ұлттық саябақтарды тарату мен үшіншісі, әрине, "Оператор-РОП"-ты қанағаттандыру. Соңғысынан қорқып, бәрін істеуге дайын.
Біздің шенеуніктердің экологияны ойламайтын тағы бір себебі – білместік. Кейде артық қыламын деп тыртық қылды. Мәселен, Бауыржан Байбек Алматыға әкім боп келгенде, біраз жақсы дүниелер, идеялар жасады. Қоғамдық көлікті реттеді. Бірақ жол жөндеу, тротуар мен жарықшам орнату, кесек тас төсеуге келгенде "артық" кетті. Онсыз да бұрын жап-жақсы тұрған тротуар мен жарықшамды орнатып не керек? Мұның бәрі Байбектің білместігі. Өйткені ол эколог, құрылысшы емес. Музыкант.
Біздің мемлекеттік жүйедегі қателік те осы.
Bugin: Қазақстандағы экологиялық мәселені оңай шешуге болады деп жоғарыда айттыңыз. Қандай ұсыныстарыңыз бар?
- Біздің экобелсенділер жиналған ECO Network атты командалық жобамыз бар. Қатарымызға 25 мыңға жуық белсенді жиналған.
Ал ECO Network дегеніміз – қалдық пен қоқысты бөліп жинау жобасы. Компанияларға экобокстар беріп, қалдық пен қоқысты дұрыс бөлуді, салуды үйретеміз. Қоқысты бөлу мен жинау адамның экологиялық мәдениетіне үлкен ықпал ететін дүние. Адам тұтынуға деген көзқарасы өзгертсе, бүкіл құндылығы өзгереді. Міне, біздің міндетіміз де осы – адамның экологиялық құндылығын қалыптастыру. Қазір жобамызға 8 қала қосылған. Әр өңірден экоофис пен экоғимаратқа өткісі келген кәсіпорындар, компаниялар хабарласып кеңес алады. Тіпті, жақында Алматы облысының Іле ауданынан қазақ мектебі хабарласып, "жасыл мектепке" өткісі келетінін айтып көмек сұрағаны бар. Яғни, адамдардың экологиялық көзқарасы жақсара бастағаны байқалады. Бірақ экологиялық таза дүниеге қалай өтуге болатынын білмейді. Міне, біз осының орнын толықтырамыз.
Бізге Қазақстандағы экологиялық мәселені түбегейлі шешуге үш-ақ жыл уақыт керек. Ол үшін бізе 3 негізгі нәрсені берсе болды. Біріншісі – бюджет. "Оператор РОП" сынды миллиардтаған қаржы жұмсамаймыз, ондаған миллион қаржы берсе болғаны. Екіншісі – әкімшілік ресурс. Яғни, жергілікті атқарушы органның біздің жобамызға тікелей атсалысқаны, қолдағаны қажет.
Үшіншісі, әрине, бұқаралық ақпарат құралдары. Өйткені халықтың санасын өзгертуге "төртінші биліктің" алатын орны ерекше. Сапалы, пайдалы контент дайындай отырып, елдің көзін ашуға, көзқарасын жөндеуге болады. Мәселен, "Salem Social Media" сынды жұртты даңғойлық пен дарақылыққа емес, ағартушылық пен білімге баулыған дұрыс емес пе!
Қалғанын жергілікті экобелсенділерді жұмылдырып шешуге болады.
Bugin: Сұхбатыңызға көп рақмет! Ісіңіз сәтті болсын!