Bugin

Еуропа Қазақстанға санкция салуы мүмкін бе? – сарапшы жауабы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Украинадағы жағдайға байланысты Ұлыбританияның кей депутаттары Ресеймен қоса Қазақстанға да санкция салу керегін айтқан. Нақтырақ айтсақ, кеше 1 наурыз күні Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Ходж Украинада әскери операция бастаған Ресейдің әрекетін айыптамағаны үшін Қазақстан мен Әзірбайжанға санкция салу туралы ой айтқан еді.

Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания елшісін шақырып, аталмыш мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізген еді. Өз кезегінде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "егер екі елдің басшылығы келісіп жатса, келіссөзді Қазақстанда ұйымдастыруға ниетті" екенін де жеткізген. Сол арқылы екі елдің іс-әрекетін қолдамайтынын көрсетті.

Десе де оқиға одан әрі ушықса, Ұлыбритания мен ЕуроОдақтың Қазақстанға қарсы санкция енгізуі мүмкін бе? Бұған қатысты сарапшылар не дейді екен?

Қазақстандық саясаттанушы Петр Своиктың айтуынша, Қазақстанға әзірше санкция салу мүмкін емес.

"Өткен айда Маргарет Ходж қазақстандық клептократтарға қарсы санкция салу керек, есепшоттары мен дүние-мүлкін тәркілеу керек деп те мәлімдеме жасады. Бірақ бұл мәлімдемесі сол беті қалды. Осы жолы да "Қазақстанның ұстанымы жоқ" деп санкция салуды тағы ұсынды. Соған қарағанда бұл депутаттың Қазақстанға шүйліккен өз есебі бар сияқты. Бірақ депутаттың айтқандары сөз жүзінде қалды әзірше", - дейді Своик.

Саясаттанушының айтуынша, Батыс елдері Қазақстанға қарсы арнайы санкция салмағанның өзінде антиресейлік санкциялардың зияны онсыз да шаш-етектен.

"Қазақстан антиресейлік санкциялардың шеңберінде жатыр. Елдің шикізат экспортының басым бөлігі Ресей логистикасы мен коммуникациясы арқылы өтеді. Сондықтан Ресейге тиген зиян бізге де тиеді. Қалыс қалу мүмкін емес. Қазақстанға қарсы тікелей санкция жоқ. Содан басында бейсанкциялық жолдарды қолданып, экономикалық байланыстар орнататын шығармыз. Бірақ бұл да көпке бармайды. Ресейге қарсы санкциялардың кесірінен жолымыз жабылады", - деп түсіндіреді Своик.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан көпвекторлы саясатын тәрк етіп, күндердің бір күнінде өзіне оңтайлы жаққа шығуына тура келеді. Қазіргі жағдайда көпвекторлықпен ұзаққа бару қиын.

"Украина мен Ресей арасында болған қырғыннан Қазақстанның аман шығуы қиындау. Меніңше, Ресеймен бір командаға қосылып, бір өрісте ойнау керек. Сонда ұтары молырақ болады", - деген пікір танытады.